Бүгін – Мұқағали Мақатаевтың туған күні
Алаш поэзиясына айтарлықтай олжа салған Мұқағали Арқа жұртына неге жат болсын?! Өлеңдерінің әр жолынан халқымыздың табиғаты мен төл танымы ұшқын ататын қазақ поэзиясы Хантәңірісінің туындылары елдің рухани мұрасына айналғалы қашан?! Қарапайым қазақтың өзі ақын десе, әуелі Мұқаңды атайды. Жанына жаққан соң, жүрегіне жақын тұтады. Халық рухының қайнар бұлағына айналғанының белгісі сол емес пе? Қарағанды аймағынан түлеген Қасымның шәкірті Мұқағали қаламыздан үш жасқа үлкен екен. Туған күні тұрғысынан келсек, тетелес. Бірі қазақ рухының қазанын қара өлеңмен қайнатса, бірі қара көмірімен жылытып отыр халықты. Жырсүйер қауымның жүрек төрінен орын алған ақынның туған күнінде үнсіз қалмауды жөн санадық.
Мұқағали Мақатаев: “Армысың, аты әйгілі Қарағандым!”
Асау Ертіс ноқта ілді, тағаланды,
Сусындатпақ шөлдерді, далаларды.
Ертіс құлап келеді, сүйінші бер,
Сүйінші бер, сүйікті Қарағанды!
Армысың, аты әйгілі Қарағандым!
Жылуым, қара алтыным,
қара наным.
Кімдердің пальмасынан
артық маған,
Бозарған көде, жусан, қарағаның.
Балқаш пен Жезқазғанды
екі жаққа ап,
(Алдында екі ініңнің бетің аппақ)
Өзегіңді екі алып жарып шығып,
Төсіңді сорып жатыр екі жақтан.
Қап-қара Қарағандым, бетің аппақ.
Қаныш кезген жерлер ғой,
Қаныш тапқан,
Қаһарманнан қалған із –
табыс, мақтан
Тарихымда Байқоңыр қалды мәңгі,
Қазақстан байлығын
ғарышқа атқан.
Қарағанды, қарышта,
қарыштап қал!
Айналайын,Сарыарқам,
сағымданған,
Сағынышын баса алмас
сағынған жан.
Түней-дағы түстене кетер ме едім,
Сары белде отырған ауылдардан.
Саған деген басылмас
жанымда арман
Саям менің, Сарыарқам,
сағымданған.
Дәм-тұзыңды құныға татпасам да,
Тұлпар мініп, далаңда шаппасам да,
Қиыр жайлап жүрген бір ұрпағыңмын
Даттасаң да, өзің біл, мақтасаң да.
Топырағыңды басатын
күн туса егер,
Топырағыңды құшақтап
жатпасам ба
Аттасаң да, өзің біл, таптасаң да…