Бүгін ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханның туған күні
Бүгін ұлт көсемі, «Алаш» қозғалысының негізін қалаушысы Һәм жетекшісі Әлихан Бөкейханның туғанына 158 жыл толды. 2016 жылы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында өтетіні белгілі. Халықаралық ұйым кезекті 38-сессиясында осындай қаулы қабылдады. Әлихан Бөкейхан — қазақтың мемлекет қайраткері. Алаш партиясының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы.
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов (05.03.1866 – 27.09.1937) – соңғы хан-сұлтандардың бірі – Бөкейдің тікелей ұрпағы. Бөкейдің 1816 жылы хан тағына отыруынан тура 50 жыл өткен 1866 жылы 5 наурызда дүниеге келген.
Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Сұлтан Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей осы Сұлтан Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед.
Ресми тарих Әлихан Бөкейханның 1866 жылы 5 наурызда қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келгенін айтады. Ұлт көсемінің артында «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», – деген сөз қалды.
Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады.Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды.
1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны “техник” мамандығы бойынша бітіріп шықты.
1890-1894 жылдар аралығында Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде оқыды. Жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, 1894 жылы Ресей империясының елордасы Санкт-Петербургке барып, Орман шаруашылығы институтының экономика факультетіне түседі. Ол мұнда жүріп күнделікті сабақтарына қоса студенттердің саяси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына қызу араласып, студенттік толқуларға қатысады.
Әлихан Бөкейхан – XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық аутономиясы Халық кеңесінің төрағасы болды.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі саясаткерлердің бірі, тарихшы, журналист, жазушы және драматург Қошмұхаммед Кемеңгерұлы бұл очеркін 1922 жылы аяқтап, 1924 жылы Мәскеудегі СССР халықтарының орталық баспасынан шығарды. Совет өкіметінің қуғын-сүргініне ұшыраған Әлихан Бөкейхан өмірінің соңғы 15 жылын осы Мәскеуде өткізіп, Кремльдің жіті бақылауында болған еді.
Бөкейханов 1937 жылы 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі. Әлиханның қабірінің қайда екені жайлы мағлұмат айтылмайды. Тек 2007 жылы ғана жария етілді. Ол Мәскеудегі Дон бауырластар зиратына жерленген.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА