Бас тақырып

Бүгін – Күлкі күні

Сурет Freepik

Көше сыпырып, тыныш қана табыс айырып, бес баласы  мен әйелін мемлекет бекіткен ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге асырап отырған Тынышты «Аудан әкімі шақыртып жатыр» дегенді ести сала, аудан орталығы саналатын ауылдың әкімі Бөлтек көмекшісін:
– Бар, аула сыпырушыны алып кел, – деп жұмсап жіберді.
Айтпақшы, Тыныш бұл ауданға бес ай бұрын көшіп келген. Өзі де – «қой ауызынан шөп алмас» пақыр. Негізді-негізсіз ұрсып жатқан бастығы тұрмақ, айдаладағы біреуге сөз қайтармайтын, ол айқайдың неден шыққанына ой жүгіртпек түгілі, қаперге де алмайтын сабаздың бірі. Жазғыштардың тіліне салсақ, бірі ғана емес, бірегейі.
Келген бетте (бес ай бұрын) әкімдікке құжат өткізген. Кадр бөлімінің меңгерушісі көмекшісіне, ол болса – бір маманға, маман – хатшы қызға жұмсап жіберді. Тыныш айналып қайта кадр бөлімінің меңгерушісіне кірді. Ол қайта маманға… Маман әрі қарай… Солай домалатқанға көнген көкеміз үш күн жүрді.
– Сізге не керек?
Ақыры хатшы осылай, көптен күткен сұрақ қойды.
– Жұмыс.
– Бізде жұмыс жоқ, а – деді де, қолына қағаз ұстата салды.
Тыныш үнсіз ғана қарап еді, жұмыспен қамту орталығының жарнамасы екен. Сол жаққа да жетті. «Қандай жұмыс керек?» деген сұрақты да қоймаған ерігіп отырған бас маман: «Аула сыпырушы боласыз», –  деді де, қолға бір парақ қағаз ұстата салды. Бағанағы ауыл әкімдігіне қайта келді. Қолдағы қағазды кімге ұстатарын білмеген Тыныш «ақыранға» (күзетті осылай деп кеткен) келді.
– Кімге барсам екен?  –  деді де, жарылардай әзер отырған, министрдей шалқайған ақыран сілтеген бөлмеге кірді. Кірген бетте қолдағы құжатты жұлып алған бұжыр бет:
– Мен осы әкімдіктің шаруашылық басшысы Шаруа боламын. Әкел құжаттарды. Өзім өткізе саламын. Барып сыпырғышты ал, жұмысқа кіріс! – деп сыпыр­ғышты ұстата салды. Болды, сол күннен бастап Тыныш тыныш қана аула сыпырып жүре берді.
Сөйткен Тынышымыз аты солай болғанымен, өзі тыныш болмай шықты. Аудан әкімі сол бес ай бұрын арнайы жолдамамен қаладан ауылға келген Тыныш деген атақты әншіні «Мәдениет үйінің басшысы қызметіне қабылдансын» деген бұйрықпен ауыл әкіміне жіберген екен. Басында айттым ғой, Тыныш ағамыз қойдың аузындағы шөпке таласпайды деп. Бұл жолы да сөйткен еді. Қызықтың көкесі ертеңіне болды. Мәдениет үйінің басшысы Тыныш ауыл әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып шыға келді.
Жаңа көрдім, бұрынғы ауыл әкімі, кадр бөлімінің меңгерушісі, оның көмекшісі, бас маман, хатшы қыз, шаруашылық басшысы бұжыр бет Шаруа қолдарына сыпырғыш алып жаңа әкімді есік алдында күтіп тұр екен…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

«Жаяу келдім»

Қарағандыдағы Рымкеш деген апамыз Астанаға бару керек болып, теміржол вокзалына билет алуға келіпті. Келсе, кассадағылар билеттің жоғын айтыпты. «Жолсеріктер менің жасымды сыйлап, бос орын тауып берер. Ақшасын өз қолына ұстатармын», – деп пойыздың келуін күткен. Пойыз тоқтаған бетте вагоннан шыққан жолсерікке барып өтінішін айтыпты. Жолсерік болса:
– Купелер бос емес-ау деймін. Бірақ, әрі-бері аралап көрсеңіз, табылып қалар. Меніңше, табылады. Орналасқан соң ақшасын төлерсіз, – деп апамызды кіргізген. Локоматив ұзын саны 17 вагон тіркепті. Апамыз жол дорбасын сүйретіп, бос орын іздей бастапты. Біріншісі де, екіншісі де, тіпті, соңғысы да бос емес. Апамыз «Жолай бекеттерден біреулер түскен шығар», – деп, соңғы вагоннан бастап бірінші вагонға дейін іздеуін жалғастырыпты. Орын жоқ. Жолсерік болса, апаның орналаспағанын көріп, жолақысын сұрамаған. Сөйтіп не керек, орын табамын деп, әрі-бері аралап жүргенде, пойыз Астанаға жетіп қойыпты. Түсуге бет алған апамызға жолсерік келіп:
– Апа, жолақсын төлемейсіз бе? – десе, апай ашуланған сыңай танытып:
– Пойызға міндім дегенің болмаса, жаяу келдім ғой, – деген екен.

Ағаш қасық

Елімізге танымал қаламгер, сценарист, «Дайағашшы» кітабының авторы Ұларбек Нұрғалым Қарағандыға атбасын бұрған екен. Осындағы қаламдастары «мейманды ауқаттандырайық» деп мейрамханаға алып барыпты. Мейрамхананың бір ерекшелігі – асты ағаштан жасалған ыдыстармен береді екен. Белгілі ақын, жазушы Серік Сағынтай үстелдің арғы бетінде отырған Ұларбек Нұрғалымға ағаш қасықты нұсқап: «Дай ағаш» деген екен.
Флешмоб

Қарағандыдағы айтқыштардың бірі – филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов. Ол бірде қаладағы мешіттердің біріне жұма намазын оқуға барыпты. Төрдегі имамға ұйып, бірдей қимылмен құлшылық жасап тұрған қалың жамағатқа қарап отырып:
– Флешмобтың көкесі осында екен ғой, – деген екен.

Жинақтаған Ерік НАРЫН

Басқа материалдар

Back to top button