Бүгін үйге қайтпаймын…
Қызықтырмай барады түк те мені…
Жұлдыздар – қара аспанның нүктелері.
Ертең, мүмкін, сенімен хабарласам,
Бүгін үйге қайтпаймын, күтпе мені…
Күз келіпті…
Мен қалай байқамағам?
Қиын болып барады қайта маған.
Жапырақтар – жүректің көшірмесі,
Сайтанның көшірмесі – САЙҚАЛ АДАМ.
Жаз қалдырып кетеді күзге несін,
Сен мені іздеп бұл жерге жүз келесің.
Сағыныш бар өсімдік әлемінде,
Мен – сондамын, мені ешкім іздемесін…
Түймелерің кетіпті ағытылып,
Өлең жазып келдің бе, тағы тұрып?
Аспанда – Ай…
Үстіңде қара-ай көйлек…
Көп толқимын бойымды шабыт ұрып.
Біреулер жүр күбірлеп осы маңда,
Кімдер олар, ақынның досы бар ма?!
…Пушкинді атып өлтірген Дантес шығар,
Мен де қарсы тұрамын осыларға…
Өлең оқып ақын қыз, бозбалаға,
Тұрып қалған тіршілік қозғала ма?
…Болдиноға күз келді,
Пушкин келмей…
Боздағым кеп қараймын боз далаға!
Тұрсын ЖҰМАШ.