Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні
ҚР Президентінің баспасөз қызметі бұған дейін хабарлағандай, Қасым-Жомарт Кемелұлы бұрынғы туған күндері сияқты, бұл жолы да туған күнін атап өтпейді.
– Қасым-Жомарт Тоқаев үшін бұл қарапайым жұмыс күні. Ол жұмыста болады. Бұл датаға байланысты ешқандай іс-шара жоспарланбайды, әкімшілік қызметкерлерінен тағы да құттықтаудан бас тарту сұралды, – деп түсіндірді президенттің кеңесшісі және баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Алматы қаласында дүниеге келді.
1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. КСРО-ның Қытай Халық Республикасындағы елшілігінде диплом алдындағы тағылымдамадан өткен. 1983-1984 жылдар аралығында Бейжің лингвистика институтында тағылымдамадан өтті. 1992 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын тәмамдады. Еңбек жолын 1975 жылы КСРО-ның Сыртқы істер министрлігінде бастап, Кеңес Одағының Сингапур Республикасындағы елшілігіне жұмысқа жіберілген. 1979 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің аппаратына оралады. 1984-1985 жылдар аралығында КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарып, кейіннен Кеңес Одағының Қытай Халық Республикасындағы елшілігіне жіберілді. Онда 1991 жылға дейін екінші хатшы, бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарында қызмет істеді. 1992 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды. 1993 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болды. 1994 жылы еліміздің Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. 1999 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болды. 1999 жылғы қазанда Парламенттің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ҚР Премьер-Министрі болып тағайындалды. 2002 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі болды. 2003-2007 жылдары – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып, осы лауазымда жаһандық ядролық қару-жарақты таратпау үдерісіне белсенді атсалысты. 2007 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы болып сайланды. 2008 жылы Қазақстан Парламентінің жоғары палатасының спикері ретінде ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының вице-президенті болып сайланды. 2011 жылғы наурызда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, сондай-ақ Қарусыздану жөніндегі конференцияда БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі болып тағайындалды. Сонымен қатар Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымын атқарды. ТМД-ның және Шанхай ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы болып сайланды. 2013 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы болып қайта сайланды. 2019 жылғы 20 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті ретінде ант қабылдады. 2019 жылы 9 маусымда өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында жеңіске жетіп, 12 маусымда ұлықтау рәсімінен соң Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына ресми кірісті.
2022 жылдың 20 қарашасында өткен кезектен тыс президент сайлауында 81,31% дауыс жинап, жеңіске жетті. 2022 жылы 26 қарашада Қазақстан Республикасы Президентін салтанатты ұлықтау рәсімі өтті.
2021 жылы сәуір айынан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы. 2022 жылы қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы. Төтенше және Өкілетті Елші. Саяси ғылымдарының докторы. Дүниежүзілік гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі. Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы «Ғұламалар кеңесінің» мүшесі. Шэньчжэнь университетінің (ҚХР) және Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті профессоры. Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің құрметті президенті. Женева Дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің құрметті деканы. Ресей биографиялық қоғамының тұжырымы бойынша 2018 жылдың «Жыл адамы» лауреаттарының тізіміне енген. 13 жыл бойы Қазақстанның үстел теннисі федерациясын басқарды.
Халықаралық қатынастар мәселелеріне арналған 10 кітаптың авторы. Қазақстан Республикасының және шет елдердің көптеген мемлекеттік наградаларымен, сондай-ақ медальдармен марапатталған.