Бас тақырыпБасты тақырып

Бүгін Қарағандыда 500 түп ағаш егілді

Қарағанды облысында өткен «Таза Қазақстан» акциясына 30 мың тұрғын қатысып, 70 гектар аумақ тазартылды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды қаласындағы Н. Назарбаев даңғылы бойындағы гүлзарда өткен ағаш егу жұмыстарына қатысты.
Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

– Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық аймағында жалпыұлттық сенбілік өтуде. Бұл жұмысты жүйелі әрі жоспарлы түрде жалғастырамыз. Осы акцияға белсене атсалысқан барлық тұрғындарға алғысымды білдіремін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Назарбаев даңғылындағы гүзарға отандық тұқымбақтан әкелінген 50 түп қарағай көшеті егілді. Олар былтыр егілген жасыл желекті толықтырды. Жастар ресурстық орталығының волонтёрлері Әділжан Сүйінүков пен Жансерік Жұманов экологиялық акцияларға үнемі қатысып келеді.

– Бүгін біз сенбілікке команда болып келдік. Осы гүлзарда кезінде біздің ата-әжелеріміз ағаш еккен еді, енді сол игі істі жалғастыру – біздің парызымыз, – дейді еріктілер. 

Бүгінгі сенбілік аясында Қарағанды қаласында шамамен 500 түп ағаш егілді. Қалада көгалдандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Оның ішінде өтемдік (компенсациялық) ағаш егу шаралары да бар. Қазыбек би ауданында көктем мезгілінде 1260 ағаш егілсе, күзде олардың қатарына тағы 4 мыңнан астам түп қосылады. Әлихан Бөкейхан ауданында да көгалдандыру жұмыстары жалғасуда.

Биыл Қарағандыға  3 500 түп жабайы және жеміс беретін алма ағашы егілді, ал жуық арада олардың саны 5 000 түпке дейін жетпек. Сонымен қатар саябақтар мен демалыс аймақтарын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. 15-магистраль бойына шамамен 600 түп қарағаш егілді, ал жақын арада олардың саны 2 мыңға жетеді.

Ағаштардың күтімі үш жыл бойы мердігер ұйымдардың бақылауында болады. Олар көшеттердің жерсінуі мен өсу жағдайын тұрақты қадағалайды. Ал, алма бағы мен гүлзарлардағы және магистраль бойындағы жаңа жасыл желектің күтімі саябақтар басқармасына жүктелген.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button