Бас тақырып

19 наурыз – Жаңару күні

19 наурыз күні елімізде Наурызнама онкүндігі аясындағы Жаңару күні ерекше маңызға ие. Атаулы күн – жаңғырудың, соны серпілістің, ескіден арылып, баянды бастамаларға жол ашудың нышаны. Әсілінде жаңару тек табиғаттың түлеп, көктемнің келуімен ғана емес, қоғам мен технологияның дамуымен де тығыз байланысты болса керек.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Ал, аймағымызда бұл күн жыл сайын мазмұнды іс-шаралармен ерекшеленіп келеді. Дәстүрлі негізде өңірде сан түрлі экологиялық акциялар ұйымдастырылып, тұрғындар тазалық жұмыстарына белсене қатысып тұрады. «Әкенің еккен ағашы – ұрпаққа сая» атты игі бастама аясында ағаш отырғызу шаралары өткізіліп, қоршаған ортаны қорғау мен келешек ұрпаққа қамқорлық көрсету идеясы насихатталады. Сонымен қатар, Жаңару күнінің мазмұнын байыта түсетін маңызды бағыттардың бірі – инновациялық жобалар көрмесі. Әсіресе, мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылатын роботтехника байқаулары ерекше қызығушылық тудырады.

Бұл алаңда жас өнертап­қыш­тар өздерінің тың идеялары мен техникалық шешімдерін ұсынып, заманауи технологиялардың мүмкіндігін жалпыға паш етеді.

Мұндай көрмелерде LEGO Mindstorms және Arduino платформалары негізінде жасалған роботтар жобалары ұсынылады. Мұның қатарында тұрмыстық үдерісті автоматтандыруға арналған құрылғылар, қоқысты сұрыптайтын роботтар, экологиялық жобалар мен қарапайым манипуляторлар да бар. Мұндай ілкімді жұмыстар Жаңару күнінің негізгі мәнімен үндесіп, технология арқылы қоғамды жақсартуға бағытталған бастамалардың нақты көрінісіне айналып отыр. Жасанды интеллект пен IT салалары да өңірде қарқынды дамып келеді. Қарағанды университеттері базасында жүзеге асырылып жатқан AI бағытындағы білім беру бағдарламалары студенттердің жаңа технологияларды игеруіне жол ашуда. Соңғы жылдары оқу үдерісіне жасанды интеллектіге қатысты пәндердің енгізілуі – білім беру саласындағы жаңарудың айқын дәлелі.

Ал, виртуалды шындық (VR) технологиялары елімізде түрлі салаларда қолданылып келе жатқанымен, Қарағанды өңірінде бұл бағыттағы ірі шаралар сирек өтеді. Дегенмен, заманауи STEM кабинеттерімен жабдықталған мектептерде VR элементтері бар жобалар біртіндеп енгізіліп жатыр. Жалпы алғанда, биылғы жылдың наурыз айында Қазақстан бойынша цифрлық бастамалар күрт қарқын алды. Astana Hub және аймақтық хабтар ұйымдастыратын хакатондар, стартап-питчингтер, Digital Nauryz Battle секілді алаңдарда AI, IT, EdTech және роботтехника саласындағы тың жобалар мезіретті уақытында таныстырылуда. Қарағандыда да мұндай шаралар технопарктер мен білім беру ұйымдары базасында кезең-кезеңімен өткізіліп келеді.

Жаңару күніне орай, ұйымдас­тырылатын іс-шаралардың форматы да әртүрлі. Таңертеңгі уақытта сенбіліктер мен ағаш отырғызу акциялары өтсе, күндіз және кешкі мезгілде мектептер мен жастар орталықтарында ғылыми-техникалық көрмелер ұйымдастырылады. Онлайн кеңістікте де «Наурыз – жаңару мен бірліктің символы» тақырыбында бейнероликтер жарияланып, онда жас буынның технологиялық жетістіктері қоса көрсетіледі.

Мәселен, Қарағандыда №19 жайлы мектеп елімізде жүзеге асырылып жатқан «Болашақ мектебі» жобасының заманауи форматына толық сай келеді. Жаңа мектеп – тек білім ордасы ғана емес, болашақ зертханасы. Мұнда оқушылар үшін барлық жағдай жасалған: кең әрі жарық сыныптар, эргономикалық оқу кеңістігі, қауіпсіз әрі қолайлы орта. Ең бастысы, заманауи STEM және технологиялық кабинеттер білім алушыларға тың мүмкіндіктер ұсынады. Бұл кабинеттерде оқушылар тек теориямен шектелмей, тәжірибе арқылы білімін шыңдайды. Роботтехника, бағдарламалау, инженерлік ойлау бағыттары бойынша дағдыларын дамытып, өз идеяларын нақты жобаларға айналдыруға мүмкіндік алады. Мұндай орта жас ұрпақтың шығармашылық ойлау қабілетін арттырып қана қоймай, оларды болашақтың сұранысына сай техникалық тұрғыдан сауатты тұлға ретінде қалыптастырады.

– Мектептің бір ауысымда жұмыс істеуі оқушылар үшін ерекше қолайлылық тудырып отыр. Сабақ кестесінің тиімді ұйымдас­тырылуы балалардың уақытын үнемдеп қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына кең мүмкіндік береді. Түстен кейін ыстық тамағын ішкен шәкірттер оқу күнін қосымша біліммен толықтыруға жағдайы бар. Білім ошағында бүгінде 27 түрлі үйірме жұмыс істейді. Үйірмелердің қатарында ғылыми-техникалық, шығармашылық, спорттық және зияткерлік бағыттар қамтылған. Соның арқасында оқушылар тек академиялық біліммен шектелмей, өз дарынын дамытып, жаңа қырларын аша алады. Әрбір оқушы өзіне жақын саланы таңдап, сол бағытта тереңірек білім алуға, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алады, – дейді мектеп директоры Гүлдана Асамиданова.

Әсілі, Жаңару күні – бір күндік мереке болмаса керек. Задында уақытпен үндескен үздіксіз үдеріс. Табиғаттың қайта түлеп, тіршіліктің жаңғыруы адам санасына да серпіліс әкеліп, жаңа ойлар мен тың бастамаларға бастайды. Өңірімізде жүзеге асып жатқан игі істер мен заманауи жобалар – осының нақты дәлелі. Әрбір егілген ағаш, әрбір жасалған ғылыми жоба, әрбір жаңашыл идея – ертеңгі жарқын келешектің іргетасы. Әсіресе, жас ұрпақтың білімге, технологияға, жасампаздыққа ұмтылысы – елдің ең үлкен байлығы. Осындай ортада тәрбиеленген буын – жаңашыл, жауапты, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасары сөзсіз. Олар – ертеңгі күннің иелері ғана емес, бүгінгі жаңарудың басты қозғаушы күші. Ендеше, Жаңару күні әр жүрекке үміт отын жағып, әрбір қадамға сенім ұялатсын дейміз.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button