АймақБұқар жырау

Бұқаржыраулықтарға биыл берекелі жыл болды

Иә,биылғы 2025 жыл біздің өңір еңбеккерлері үшін берекелі, тұрақты даму мен нақты нәтижелерге толы болды. Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында аудан экономикасының барлық саласында оң өсім қалыптасты. Яғни, жыл қорытындысы бойынша аудан экономикасының жалпы өсімі 60 пайызды құрады.

Суреттер автордан

– Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 181,3 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артты. Инвестиция мөлшері 68,2 миллиард теңге болып, өсім 48 пайызды көрсетті. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында оннан аса кәсіпорын жұмыс істеп, биыл жалпы құны 83 миллиард теңгеден асатын 3 ірі жоба жүзеге асырылып, 700-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды, – дейді осы орайда Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Бейсембайұлы Құсайын. 

Ауданда 4 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері болса, оларда 7 жарым мың адам еңбек етеді. Бөлшек сауда айналымы 11,5 миллиард теңгеге жетті. Мемлекеттік қолдау шеңберінде 6 жобаға 638 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

Бұқар жырау ауданы облысымыздың ауыл шаруашылығы да дамыған өңірлерінің бірі болып саналады. Мұнда осы жылы агроөнеркәсіп саласы өнімінің жалпы көлемі 95,8 миллиард теңгені құраған. Атап айтқанда, 18,3 мың тонна ет, 33,1 мың тонна сүт, 329 миллион дана жұмыртқа  өндіріліп, астықтан да мол өнім жиналған. Аудан аумағындағы 8 құс фабрикасы облыс қажеттілігінің 58 пайызын қамтамасыз ететінін айтқанымыз орынды. Жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенінде 6 жоба іске асырылып, 109 жаңа жұмыс орны ашылыпты.

Сондай-ақ, биыл 20,8 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылып, соңғы екі жылда 13 ауылда жайылым инфрақұрылымы жақсартылып, оған 176,9 миллион теңге бөлінді. Биылдың өзінде конкурс арқылы 17 мың гектар жер айналымға енгізілді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 305 миллион теңгеге 35 жоба қаржыландырылып, 20 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмысын бастап, нәтижесінде жаңа кәсіптер ашылып, жұмыс орындары құрылған. Сонымен қатар, «Тауарлық несие» жобасы негізінде 13 отбасына 188 бас мал беріліп, олардың өз кәсібін бастауына мүмкіндік жасалған.

Бұқар жырау ауданында жұмыссыздық деңгейі 3 пайызға төмендеп, 2085 адам, соның ішінде 1488 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жаңа бизнес-идеяларға 12,5 миллион теңгенің мемлекеттік гранттары берілген екен.

Ерлан Бейсембайұлының айтуынша, аудан халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында да ауыз толтырып айтарлықтай оң өзгерістер баршылық көрінеді. Мәселен, аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 1400 адам тұрса, жыл басынан бері 144 адам жаңа пәтердің кілтін алып, енді тағы да 51 адам қонысмайын тойламақ. Әлеуметтік осал топтағы адамдар үшін мемлекет есебінен 48 пәтер сатып алуға 1,1 миллиард теңге жұмсалыпты. Доскей аулында 60 пәтерлі екі үй толық жөндеуден өтіп, иелерін тапқан.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аудандағы 68 елді мекеннің (52998 мың тұрғыны бар) бәрі таза ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз етіліп, 5 ауылда ауызсу жүйесі жаңартылған. Ауданның Жаңаауыл, Бірінші май ауылдарында су құбырлары салынып, Ескі Тұзды мен Севан ауылдарында блок модульді су тазарту қондырғылары іске қосылған. Ал, Волковское мен Стан ауылдарында су тарату пункттері орнатылып, Президентіміздің тапсырмасы толығымен орындалған.

Ауданда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 20 медициналық нысан-дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пунктер пайдалануға берілген.

Білім беру саласында «Келешек мектептер» жобасы аясында 3 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, бірқатар мектептерге ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізіліп, олардың материалдық-техникалық базасы жақсартылып, оқушыларды қауіпсіз тасымалдау мен олардың оқуына қолайлы жағдай жасалған.

Ауданның мәдени өміріне де жаңалықтар еніп, 2025 жылы Доскей, Үштөбе, Көкпекті ауылдарында жаңа Мәдениет үйлері бой көтеріп, 7 мәдени нысан күрделі жөндеуден өткізіліпті. Мұндағы шығармашылық ұжымдар аудан, облыс және республика, тіпті халықаралық өнер додаларында жоғары шеберліктерін көрсетіп, топ жарып жүр.

Бұқар жырау ауданында бұқаралық спортты дамытып, өркендетуге көп көңіл бөлінуде. Бүгінде аудан бойынша 138 спорт нысаны жұмыс істесе, Қарақұдық және Ботақара мен Ғабиден Мұстафин кенттерінде заманауи Дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен спорт алаңдары салынып, ел игілігіне ұсынылды. Соның нәтижесінде бұл аймақта спортпен жүйелі түрде айналысатындар саны көбейіп, аудан спортшылары Ерқанат Молдағұлов, Ажар Салықова мен Яна Ширяева  республикалық және халықаралық сындарда жүлделі орындардан көрінді.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауданда жыл ішінде 48,6 шақырым жол жөнделіп, оған 2,5 миллиард теңге бағытталған. Жалпы, аудан жолдарының 89 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

– Біздің өңірде 2025 жылы атқарылған бұл жұмыстардың барлығы да нақты нәтижелердің көрінісі.  Алдағы кезеңде де даму бағыты сақталып, басты назар тұрғын халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталатын болады,  – дейді сөзінің соңында Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын. 

Ержан ИМАШ
“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button