Бұқары жоқ қоғамның ұтары жоқ
«Әлемді түгел көрсе де, Алтын үйге кірсе де, Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де, Қызыққа тоймас адамзат!»
Бұқар жырау
«Ел бастау қиын емес,
Қонатын жерден көл табылады.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргенім жоқ», – деген екен Бұқар бабамыз. Маған да жаңа жылдың алғашқы санында Бұқарекеңнің мерейтойы жайлы емеурін танытып, сөз бастау тәуекелі бұйырды. Сөздің сөлін көбігінен айырып, сүбелісін сары табаққа салғандай – сыбаға ұсынайын ормандай оқырманға.
Қымыраны іріп, зымыраны жүйткіген заманның уақыты зымыраннан да жүйрік келе ме, қайтеді?! Әйтпесе, кеше ғана еді – 2017 жылдың күнтізбесін ашып, атаулы күндерін санамаққа оқталғанымыз. Қас-қағым сәтте жап-жаңа 2018 жылды қарсы алып отырмыз.
Өткен жылдың өрнекті сәттері мен елеулі оқиғаларын газетіміздің өткен санында шолып өткенбіз. Шүкір, мерекелі де, берекелі болды. Астанадағы Халықаралық ЭКСПО көрмесі, Қарағанды – Балқантаудағы Қаздауысты Қазыбек бабаның 350 жылдығы… Сауын айтып, салтанат құрған шаралардың барлығы шартарапты шаттыққа бөлеп, рухымызды аспандатты. Алла алқап, абыроймен өткіздік.
…Биылғы жылы да түндігімізді рух желпігелі тұр. Әйгілі Көмекей әулие Бұқар бабаның 350 жылдығы, Бұқарекең жырлағандай «Бағаналы орда – басты ордамыз» Астананың 20 жылдығы. Басқасын айтпағанда, бұл екеуі де – елдігімізді сынға алып, кеңдігімізді паш ететін шара. Екеуі де – қасиет! Ал, қасиетімізді өз деңгейінде қастерлей аламыз ба? Ол – Сіз бен біздің еншіміздегі сынақ.
Той дүбірі естілсе, жершілдікпен жіктеліп, рушылдықпен ұрандап кететініміз бар. Содан ада болсақ екен. Абылайға кеңесші болып, қайраткер көсемдігімен, айбаткер батырлығымен көш бастаған Көмекей әулиенің мерейтойын көкпарға берген көк серкенің көк етіндей жұлма-жұлма қылмасақ жарар еді…
Бұқар баба – бір аудан мешіктеп, бір ру заңдастырып алатындай бәкенелердің бәсінен емес, Ұлттың ұлылары шоғырынан. Баба мұрасын зерттеуде өлшеусіз еңбек сіңірген Мәшһүр Жүсіп атамыз: «Бұқар жыраудың сөзін түгел жазамын деушіге Нұхтың өмірі, Аюбтың сабыры, Аплатонның ақылы керек» деген екен. Ұлы жырау жайлы құлаш-құлаш әпсана жазып, таңды-таңға ұрып жырласақ та, Мәшһүр атамыздан асырып айта алмасымыз да белгілі.
…Естеріңізде болар, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында облыс орталығындағы басты үш көшенің атауы өзгерді. Соның бірі – Советская көшесі. Жетпіс жыл бойы қызыл жалаумен көмкерілген көшеге Бұқар баба есімін беру туралы бастаманы көтерген біздің «Орталық» болатын. Қып-қызыл дауға қалғанбыз. Ресми ұлт өкілдерінің үлесі басым ортада Бұқарды таныту қияметке айналған. Сол бір сәтте Абай атамыздың:
«Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау», – деген өлең жолдарын бір әріптес ағамыздың Советскаяның жалына жармасып, Бұқар жырауға қарсы шыққан топқа тәржімалап бергені де есімізде. Ұлы Абай қателескен жоқ еді. Бабалар мұрасына өз биігінен қарап, өз талғамымен бағалағаны шығар. Советтік жүйедегі идеологиялық редакторлардың сүзгісі арқылы өзгертіліп кетуі де мүмкін. Соны орыс тіліне аударып, Рухтар арасына сына қағып жүрген сол ағамыздың «ұлы қателігін» де кешірдік қой.
…Бұқар жырау Қалқаманұлы – өз дәуірінде хан сарайының бас идеологы болған тарихи тұлға. Мемлекеттік жүйенің іштен ірімеуіне, сырттан күйремеуіне ықпал етті. Қазір ше? Қазір жүздеген маманды асырап отырған ауқымды аппарат бір Бұқардың миссиясын атқара алмай отыр. Бұл – сөзіміздегі бәтуаның кемдігі, ісіміздегі шынайылықтың кемшіндігі.
Әйтпесе, біз – мүмкіндігі шексіз, бақыты батпандай ұрпақпыз ғой. Бабалардың арманы болған Азаттық – бақытымыз! «Бағаналы орда – басты орда» тігіп, Қараөткелге Астана салдық. Жар астынан жау іздемей-ақ, алты құрлықты аузына қаратқан Елбасымыз бар! Нағыз Абылайдың үлгісімен тізгін ұстап, байлығымызға көз сүзгенді кемеңгерлікпен тұсаулап отыр. Маңдайымызға біткен бағымыздай, арайлап атқан таңымыздай болған Елбасының жанында Бұқарлар жоқ. Бар болса да, аузының дуасы жоқ. Ал, Бұқар жырау Абылай қазасында: «Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан Ханым-ай, Қайырусыз жылқы бақтырған Ханым-ай, Қалыңсыз жар құштырған Ханым-ай! Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам, Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай!» деп қамығады. Бұл – жай ғана жер тоқпақтап жылайтын жоқтау емес, шынайы баға. Біздегі «сарай ақындары» да «Елбасым – елдің бағы!» деп ұрандап жүр. Иә, ықылас бар. Бірақ, ол шынайылықтан жұрдай. Елбасының еңселі еңбегі мен қажырлы қайраткерлігіне шынайы баға беру үшін Бұқарлар тіріліп келуі керек пе?
…Биылғы жылы тағы да мерейіміз тасығалы тұр. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық жасаймыз. Әлемді әбігерге салған небір құбылыстарға төрелік айтатын сәтіміз. Алты құрлықтың назары тағы да Астанаға ауады. Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік миссиясы адамзат игілігіне қызмет етеді. Төрткүл дүниені аузына қаратып, төрден төрелік айтқан Нұрекеңнің оң жағында Бұқардай ділмәр отырса ғой дейсің тағы…
Не десек те, Бұқар баба мен Бағаналы орда – басты ордамыз Астананың мерейтойы мерейімізді тасытып, абыройымызды асырса екен!
Ерсін МҰСАБЕК