Руханият

«Бұқарекең жырлайды»

Бұқар жырау аудандық Мәдениет үйінде өткен дүбірлі бәсеке әдеттегідей осылай аталды. Өйткені, ол осы аудан орталығы Ботақара кентінен бастау алып, осымен 16-шы рет ұйымдастырылып, дәстүрге айналып отыр. Мұнда сайысқа қатысушылар Бұқар жырау толғауларын жатқа оқу мен аспапта орындаудан, жыраулар поэзиясы үлгісінде жазған өлеңдерінен сынға түсті.

– Әуелде оны бастап, өткізуге мұрындық болған осындағы қазақ мектебінің мұғалімі Қалиасқар Шыныбеков еді. Мен ол кезде осы ауданның Мәдениет бөлімін басқаратынмын. Қалиасқар бұл сайысты 2 жылға жуық мектебінде өткізіп жүргенде аудан әкімдігі оған қолдау көрсетіп, мұндай байқауды аудандық, облыстық деңгейге жеткіздік, – дейді ұлттық өнердің жанашыры, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Мүгілсім Шибаева.

Айтқандай-ақ, Бұқар жырау ауданының әкімдігі бұл жолы да жүлдегерлерді марапаттау үшін қомақты қаржы бөлген екен.

Мәртебелі шарада аудандық мәслихаттың төрағасы Асхат Әлиев тізгіндеген қазылар алқасының құрамында Мүгілсім Шибаева мен Қалиасқар Шыныбеков, аудан әкімінің орынбасары Әлия Шайкенова, кенттегі «Руханият» қосымша білім беру орталығының ұстаздары Ақмарал Есіргепова мен Амантай Ақышев, аудандық кітапханалар жүйесі директорының міндетін атқарушы Гүләйім Жұмкенова болды.

Олар төрт аталым бойынша бағын сынаған жеткіншектердің өнері мен орындау шеберліктеріне әділ бағасын беріп, сайыс қорытындысында топтан озған жүйріктерге мадақтамалар мен ақшалай сыйлық сертификаттарын табыс етті.

Сол күнгі байқаудың «Жыршы-жыраулар сайысы» аталымында Бұқар жыраудың жыр-толғауларын белгілі бір аспапта мақамына келтіріп орындап беру сынынан мүдірмеген Дәулен Әділ көш бастады. Ал, «Бұқар жырауша» аталымында өз туындысын жыраулар поэзиясы үлгісінде жазып, мәнерлеп оқу шартын мінсіз орындаған Айтуар Бекежанов I орынды қанжығасына байлады. Келесі «Бұқар жырау оқулары» аталымында Бұқарекеңнің кемінде 10 шығармасын жатқа айту міндеті қойылды. Және бәйгеден үміткерлер қазылар алқасы айтқан алғашқы өлең жолын әрі қарай іліп әкетіп, жалғастыруы тиіс болды. Мұнда Аружан Берікбаева басқалардан қара үзді. Ең соңғы «Әлемді түгел көрсе де…» аталымында Бұқар баба жырларын қазақ тілінде жатқа оқыған өзге ұлт өкілдерінің арасынан Руслан Гожаев суырылып алға шықты.

Бірнеше сағатқа созылған аламан тартыста оза шапқандар мен одан кейінгі орындарды бөліскендер де, басқа да қатысушылар сый-сияпаттан құр қалмады. Сайысты қорытындылаған қазылар алқасының төрағасы Асхат Әлиев: «Бүгінгі бәсеке Бұқар бабамыздың есімі мәңгі ұмытылмайтын және оның жауһар жырлары ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретінін тағы бір мәрте дәлелдеді. Енді алдағы уақытта оны облыстық деңгейде өткізбек ойымыз бар. Жалпы, Бұқарекеңе арналған мерейтойлық шаралар жыл аяғына дейін толас таппайды», – дейді. Бұқар жырау ауданы

Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button