Бұқараның әл-ауқаты – маңызды мәселе
Сәрсенбіде Қарағандыға жұмыс сапарымен Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко келді. Достық үйінде өткен жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қатысты. Депутат кездесуде Парламентте Қазақстан Халқы Ассамблеясының арнайы тобы құрылғанын атап, этномәдени бірлестік өкілдерімен пікірлесіп, алдағы атқарылатын жұмыстардың жоспарымен таныстырды. Сондай-ақ, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушылар құрамымен кездесуде Парламент Мәжілісі мен Сенаттан қолдау тауып, Президент қол қойған заң жобаларына тоқталды. Бүгінде қандай жұмыстардың атқарылып жатқаны жайлы әңгімеледі.
Алдымен, міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселесіне тоқталған Владимир Божко Заң жобасында еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу және жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезіндегі қолданылатын параметрлердің қайта қаралғанын айтты. Оның ішінде, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді есептеу, жұмыстан айырылу себептеріне қарамастан 6 айға дейінгі мерзімге әлеуметтік төлемдерді тағайындау жайына тоқталды. Оған қоса заңға сай әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылатыны айтылды.
Мемлекеттік жәрдемақының бала санына қарай берілетініне тоқталды. Төрт баласы бар отбасыларға – 42 496 теңге, бес балаға – 53 127 теңге, алты балаға – 63 757 теңге, жеті және одан да көп балаларға – 74 388 теңге төленеді. Бұдан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек қазіргідей 6 немесе 12 айға емес, тоқсан сайын тағайындалады.
Владимир Божконың айтуынша, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға да қол қойды. Заңға сәйкес, көлікті мас күйінде жүргізгендерге жаза күшейтіледі. Мас күйінде көлік жүргізгендер 10 жылға сотталады, сондай-ақ, өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылады. Сонымен қатар, егер азамат өз куәлігінен айырылса да мас күйінде көліктің рөліне отырса, онда көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айыру да қарастырылған.
Жиында сондай-ақ, Вице-спикер мұғалімдерге қатысты екі заң жобасына қол қойылғанын тілге тиек етті. Жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты 21 баптан тұратын заң жобасының төрт бағытты қамтитынын атады. Ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту жайына тоқталды. Әсіресе, заң жобасында 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, орта білім мекемелеріндегі педагогтердің нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету жөнінде норма бекітілді. Ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесі үшін әр ай сайын мектеп ұстаздарына 10 АЕК (25,5 мың теңге) мөлшерінде үстеме ақы төлеу, сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін төленетін ақыны екі есеге арттыру талабы баса айтылды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапатын тағайындау және оның иегерлеріне 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төлеу, 42 күн демалатын педагогтердің демалыс уақытын 56 күнге ұзарту мәселесі де сөз болды.
Жиын барасында Владимир Божко биыл студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға артқанын тілге тиек етті.
***
Кездесу одан әрі академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқу ордасының профессор-оқытушылар құрамымен өрбіді.
Жиынның бастапқы тұсында еліміздегі жетекші оқу орындарының бірі – ҚарМУ-дың жастарға жаңа заманға лайық білім беруде жеткен жетістіктері тілге тиек етіліп, университеттің оқытушылар құрамы Мемлекет басшысының салиқалы саясатын қолдайтыны айтылды.
Оқытушы-профессорлар құрамы әр бастамаға оң көзқарас танытумен қатар, оны жүзеге асыруға жұмыла жұмыс атқаратынын және ел ертеңі мен халық игілігі жолында аянбайтындарын жеткізді.
– Мен осы кездесудің барлық қатысушыларына алғысымды білдеремін. Өздеріңіз білесіздер, Парламент депутаттары еліміздің өңірлеріне баруды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Осы сапар арқылы сіздерге жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, сондайақ мазалап жүрген маңызды мәселелерді талқылау үшін отырмын, – деп өз сөзін мемлекеттік тілде бастады Владимир Карпович.
Сонымен қатар, Қарағанды аймағының ел өндірісіне, білім-ғылымы мен руханиятына қосып отырған өлшеусіз үлесін айрықша атап өтіп, өңірге әр келген сайын қасиетті Арқа даласының киесін сезінетінін және құрметі ерекше екенін айтты.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының заңнамаларына енгізілген өзгерістер ел тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, қылмыстың алдын алуға және сапалы еңбекке лайықты жағдай жасауға оң әсерін тигізеді. «Елбасының «үштілділік» бастамасы – үлкен ізденістің жемісі. Біздің буынға кезінде неміс тілін оқығандықтан, ағылшын тілін меңгеру – қиындау. Дегенмен, болашақ – жастардікі. Сондықтан да, бұл мәселе қашан да өзекті болып қала бермек. Әрқайсымыз балаларымызды үштілді жетік меңгеруге баулуға тиіспіз» – деді ол.
Кездесуде ел назарына ұсынылған мәліметтерді зерделесек, аз қамтылған көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге 100 млрд. теңге, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамытуға (аурухана, мектеп, балабақша салу мен жол жөндеуге) 20 млрд. теңге, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға 224 млрд. теңге, теміржол және авиабилеттерін қолжетімді етуге 11,5 млрд. теңге бөлінген. Жалпы, халықтың әлеуметтік қажеттілігіне 3 жылға 5 трлн.155 млрд. теңге бөлініп, бұл сома жалпы бюджеттің 43%-ын құрап отыр. Экономистердің пікірше, бұл – өте жақсы көрсеткіш, өйткені, кез келген мемлекеттің әлеуметтік салаға бөлінетін шығындары 36%-ды құрайды екен.
Шара барысында кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендерді жазалауға, мал ұрлығына, тұрғын үй мәселесіне және басқа да бірқатар маңызды мәселелер бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер ортаға салынып, талқыланды.
Оқытушы-профессорлар қауымы да өз салалары бойынша мазалап жүрген сұрақтарына жауап алды. Теміржол және авиабилеттерін заңсыз сатумен айналысатындар мен алыпсатарлардың мәселесі де заң тұрғысында қаралатыны айтылды.
Сонымен қатар, білім саласы мамандары үшін ең маңызды ұстаздар мәртебесін көтеру туралы Заңға енгізілген өзгерістер туралы да тұщымды ақпарат беріліп, соңы ашық пікірталасқа ұласты.
– Сағат санын 18-ден 16-ға түсіреді дегенді көп адам мұғалімдердің еңбекақысы азаяды деп ойлауы мүмкін. Бұл – сапалы білім беруге жасалған сәтті қадам. Өйткені, жүктеме азайғанмен айлық жалақысы сақталып қалады. Осылайша, ұстаздар артық жүктемеден арылып, шығармашылық ізденіске уақыт табумен қатар, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтың арқасында біліктілік санаттарына лайықты жоғарылатылған еңбекақы алады. Сондайақ, енді, ұстаздарға білім алушылардың атааналары мен туыстары тарапынан қысым көрсетілсе, заң түрінде жазаға тартылады. Бүгінгі кездесу бізге, яғни оқытушылар қауымына дер кезінде өте қажетті мәліметтерге толы болды, – деді ҚарМУ ректоры аппаратының басшысы Елдос Түйте.
Аяулым СОВЕТ,
Жәлел ШАЛҚАР.