Бұқаралық спорттың берері мол
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында дене шынықтырудың денсаулық кепілі екендігіне баса мән берген. Сонымен қатар, Президент бұқаралық және балалар спортымен шұғылдануға барлық жағдай жасалу керектігін атап өтті. Осыған сай өңірлерге спорт инфрақұрылымдарын кезең-кезеңімен салуды қамтамасыз етуді тапсырды. Яғни, бұл дегеніміз, елімізде бұқаралық және балалар спортының дамуына, спорттық инфрақұрылымның денесін шынықтырғысы келетін азаматтар үшін қолжетімді болуына айрықша көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді.
– Президенттің бұл тапсырмасы бойынша облысымызда біршама істер атқарылып жатыр. Бұқаралық спортты дамытуға облыс бойынша биылғы жылы – 2 млрд. 440 млн. 982 теңге қаржы бөлінді. Бөлінген қаржыға сәйкес 8 мыңға тарта баланы қамтуды жоспарлаған болатынбыз. Қазіргі таңда бала саны 14 мыңға дейін өсіп отыр. Яғни, қаржыға қосымша қажеттілік 1 млрд. 251 млн. теңгені құрады. Ал, осы бөлінген қаражатқа сай өңірімізде 456 мыңнан астам адамды қамтыған 1402 дене шынықтыру және спорттық ұйым жұмыс істейді.
Сонымен қатар, жергілікті деңгейде оқушылар мен жасөспірімдердің бос уақытын қамтамасыз ету мақсатында да 33 404 адамды қамтитын 46 спорт мекемесі (оның ішінде 2 – жоғары спорттық шеберлік мектебі, олимпиадалық резерв даярлау орталығы, Ә.Молдағұлова атындағы мектеп-интернат-колледжі) де өз жұмысын қарқынды атқаруда, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.
Басқарма басшысының есебіне сүйенсек, спортпен шұғылданатын жастар саны бүгінде 69 809 адамды құрайды. Ал, жылдың соңына дейін алда тұрған жоспарда оны 71 931-ге арттыру бар. Жұмыс дәл осы қарқынмен жалғасса, жыл аяғына дейін бұл жоспар да орындалады деген ниеттеміз.
Сондай-ақ, өңіріміздің білім ошақтарында 82 298 баланы қамтитын ірілі-ұсақты 4358 спорттық секция бар. Ал, колледждерде 16 411 баланы қамтыған 431 секция болса, жоғары оқу орындарында 13 667 түлекке 126 спорттық орын бар екендігі де мәлім. Бұл дегеніміз – бүгінгі таңда қарағандылықтардың спортпен айналысуға мүмкіндігі анағұрлым артты деген тұжырым. Қазіргі уақытта балалар мен жасөспірімдерді спорт секцияларына тарту мақсатында мемлекеттік тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыру іске асырылуда. Спорттың 24 түрінен 167 спорт секциясы ашылып, онда 13 702 бала тегін жаттығуда.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 388 спорт нұсқаушысы жұмыс істейді. Оның 143-і ауылдық жердегі нұсқаушылар. Әрине, бұқаралық спорттың даму сатысындағы бір маңызды мәселе осы емес пе? Осы тұрғыда өңір басшылығынан қала, аудан, ауылдардағы спорттық нұсқаушылар жалақысын өсіріп, оларға балаларды ерекше ынтамен дайындауға жағдай жасау қажеттігі жеткізілген болатын. Бұл мәселе спорттық инфрақұрылымның жеткілікті деңгейде және жалпыға бірдей қолжетімді болуына да байланысты.
– Жаз келді. Ауыл-қала тұрғындары фитнес залдарға ағыла бастайды. Бұдан бірер жыл бұрын спорт кешендері, фитнес залдар аз еді. Ал, қазір жағдай біртіндеп қалыпқа келуде. Әлихан Бөкейхан ауданының өзінде 5-6 жаттығу залдары жұмыс істейді. Оларда бокс, күрес, аралас жекпе-жек және фитнес залдары қамтылған. Біздің өскелең ұрпаққа бұл әжептәуір көмек. Олар бос уақыттарын көбінде жаттығу залдарында өткізеді. Бұл оларды жаман әдеттерден (темекі, есірткі, шараптан) алшақ ұстауға кепіл, – дейді «Достар» фитнес залының жаттықтырушысы Виталий Пахомов.
Расында, жазғытұрым қала тұрғындары суға шомылу кезеңіне қарсы дене тұрықтарын жөнге келтіруге кірісетіні жасырын емес. Жекпе-жек, күрес немесе бокс залдарын былай қойғанда, фитнеске барушылар саны анағұрлым артуда. Бір жағынан дене мен бұлшық ет қимылы деннің саулығына жетелер болса, екінші жағынан қаққан қазықтай дене бітімді кім көксемесін?!
– Екі жыл болды осы залға келгеніме. Дайындық залы толық талапқа сай. Шомылатын орны, жаттығу залы кең әрі салқын. Осында келгенде күйбең тірлікті тысқа қалдырып, бөтен ойдан арыламыз расы керек. Тың ойлар мен күш-жігеріміз артады. Мұнда алғаш келгенде спорттық көрсеткіштерім мардымсыз еді. Қазір үздіксіз жаттығулар арқасында және жаттықтырушымыз Виталий Пахомовтың еңбегінің арқасында айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік, – дейді жаттығушы Аманжол Кәрсенов.
Спортпен айналысамын деушілерге еш кедергі жоқтығы аймақта айқын байқалады. Сонымен қатар, облысымызда ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Дәл қазіргі таңда ұлттық спортпен шұғылданушылар саны 42 мыңнан асады. Өңірде 11 спорт түрі қарқынды дамуда. Қарағанды облысында ұлттық спорт түрлерін, әсіресе ат спортын қарқынды дамыту биылғы жылы басқарма үшін басым міндеттердің біріне айналды. Мәселен, өңір аудандарының болашағы зор көкпаршылары үшін тұңғыш рет оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Таразда көкпардан Қазақстан чемпионаты өтті. Қарағанды облысының құрамасы бірінші лигада ІІ орын алып, жоғары лигада ойнау құқығына ие болды. Міне, рухты танытар нағыз жетістік. Біздің көкпаршыларымыз мұндай нәтижеге әлі қол жеткізбеген. Аймақтың спорттық көрсеткішінің әлеуетін осыдан-ақ көруге болады.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz