Бұқаралық спортта әлеует зор
Облыста бұқаралық спорт қарыштап, дамып келеді. Әсіресе, футзал мен шағын футбол. Қарағандыда шағын футболдан және футзалдан әуесқойлар лигасы бар. Мәселен, Қарағандыдағы «KLLF» деп аталатын лигада 180-нен астам команда бар. Бұл – төрт мыңға жуық адамды қамтыған Қазақстандағы ең ауқымды лига. Ал, «Dostyq legye» деген шағын футбол лигасы енді ғана қарқын алып келеді. Мұнда қазір командалар саны жиырмаға жуықтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз» деген еді. Қарағанды – спорттық аймаққа айналып келе жатыр деп ауыз толтырып айта аламыз. Кәсіби спортшылардан әуесқойлар да қалысар емес. Әуесқойлардан жасақталған шағын футбол мен футзал командалары жеңіс тұғырынан көрініп жүр.
«KLLF – Қарағанды»
Футзалдан әуесқойлар лигасы «Amanat arena» спорт кешенінде өтеді. 2017 жылдың наурызында ресми тіркелген. Ал, алғашқы ойындар сол жылдың қарашасында басталған болатын. Ересектерден бөлек балалар лигасы да бар. Бұл категорияда 60 ұжым өнер көрсетеді. Ересектерде – 120 команда. Лигада 10 санатқа бөлінеді. Супер лигада – 7, жоғарғы лигада – 12, I лигада – 12 ұжым кубокке таласады. А, В, С, D, E санаттарының әрқайсысында 12 командадан. 40+-те – 17, 35+-те – 10.
Қазіргі таңда қалаларды былай қойғанда, ауылдардан да командалар қосылған. Олар өз демеушілерін тауып, кубокке талас жүргізуде. Қарағанды облысынан бөлек, Ұлытау облысы да қамтылған. Жаңаарқа ауданынан келіп, бағы мен бабын сынап жүрген ұжымдардың қатары уақыт өткен сайын көбейіп келеді екен.
Футзал мамандарының сөзінше, Қарағанды футзалы – республика бойынша зор беделге ие. Өңірдің бетке ұстар ұжымы – «Биосфера». «Биосфера» – 2007 жылы құрылған. Содан бері шағын футболдан Қазақстанның 5 рет чемпионы болды. Алған облыс кубогінде есеп жоқ. Ең айтулы жеңістеріне былтыр жетті. Ұлттық құраманың сапын толтырған қарағандылық ойыншылар Біріккен Араб Әмірлігінің Рас-эль-Хайм қаласында өткен әлем чемпионатының күміс медалін жеңіп алды. Айта кетейік, сол уақытқа дейін Қазақстан шағын футболдан мұндай жетістікке жетпеген.
Сонымен қатар, «Биосфера» командасының өз мектебі бар. Сол мектепте жүздеген шәкірт футзал әліппесін үйреніп жүр. Ата-аналардан, команда ойыншыларының дос-жарандарынан, туған-туысқандарынан жасақталған жанкүйерлер клубы да құрылған. Жанкүйерлер өз командасын қолдау мақсатында Қазақстанның түпкір-түпкіріне баруға әзір.
Біз айтып отырған лиганың негізі 2010 жылы Астанада қаланған. Елорданың өзінде ғана 150-ден астам команда өнер көрсетеді. Қарағандыдағы лига – сол қазақстандық әуесқойлар футбол лигасының филиалы. Облыстық Әуесқойлар футбол лигасының атқарушы директоры – Бахтияр Бекмурзаев. Оның сөзінше, осы лиганың арқасында өңір тұрғындары жаппай футзалға тартылып жатыр.
– Сенбі, жексенбі күндері «Amanat arena» спорт кешеніне келсеңіз, тартысты ойындарға куә боласыз. Жанкүйерлердің қарасы қалың. Бәрі өз командаларын барынша қолдауға тырысады. Кейбіреулер үшін бұл кәдімгі демалыс. Бір сөзбен айтқанда, кешен лық толады. Бұл – қарағандылықтардың спортқа құштар екенін көрсетеді. Біз де барынша жағдай жасаудамыз. Қарағандылық команданың әлемдік додада топ жаруының өзі – аймағымызда спорт қаншалықты дамығанын көрсетеді. Қарағанды – футзалдың отаны десек те болады. Инфроқұрылым дамып жатыр. «Amanat arena» спорт кешеніндегі екі паркет толықтай FIFA стандарттарына сәйкес келеді. Қазақстан чемпионаты бізде өтеді, – деді Бахтияр Бекмурзаев.
«Dostyq Footbal League»
Бұл лига осыдан екі жыл бұрын құрылған. Әуелде 4 команда ғана болған еді. Бүгінде кубокке 16 команда талас жүргізуде. Мұның бір ерекшелігі – алаңда өнерпаздар бақ сынайтындығында. Ақындар, әншілер, асабалар, әзілкештер осында шоғырланған. Ұйымдастырушылар алқасы кәсіби спортшыларды қатарға қоспайды. Қатарда есімі елге белгілі азаматтар баршылық. Мысалы, ақын Қайрат Иманбек пен айтыскер ақын Дидар Қамиев бастаған ұжымдар басы, қасында жүр. Әріптестеріміз де осында.
– Осы лиганың арқасында саламатты өмір салтын ұстанып жүрміз. Алаңда жүгіріп, бой жазып, шынығамыз. Одан бөлек, достарымыз көбейіп келеді. Әр салада еңбек етіп жүрген, өнер көрсетіп жүрген мықты азаматтармен тілдесеміз. Бұл – бір үлкен орта. Келешекте ауқымы одан әрі кеңейсе деген тілек бар, – деді айтыскер ақын Дидар Қамиев.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz