Бас тақырып

Бұқаралық спорт – жеңіс бастауы

Спорт және дене шынықтыру басқармасы орталық коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізді. Басқарма басшысының орынбасары Рустам Қожабеков өңірде басқармаға жүктелген жұмыстардың қалай жүріп жатқаны туралы айтып берді. Мәселен, аймақ тұрғындарының 65,4%-ы спортпен шұғылданады екен бүгінде. 1247 спорттық нысан іске қосылған. Соның 299-ы ауылдарда орналасқан. 6 млрд. 709 млн. теңгеге 8 ірі спорттық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Биыл екеуі қолданысқа берілген. Біреуі – Абайдағы дене шынықтыру және сауықтыру кешені. Екіншісі – Бұқар жырау ауданында. Сонымен, басқарма атқарып жатқан өзге де жұмыстарға тоқталайық.

Коллажды жасаған А.Коктаева

Бұқар жырау ауданындағы Ғабиден Мұстафин атындағы ауылда 320 адамға арналған, Приозерск қаласында 210 адамдық, Ақтас пен Саранда 150 адамдық, Ақтоғай ауданындағы Сарышағанда 150 адамдық дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынып жатыр. Қарқаралы қаласында 150 адамдық стадион құрылысы жалғасуда. Қарқаралы ауданына қарасты Қарағайлы кентінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 100 адамдық дене шынықтыру және сауықтыру кешені бой көтереді. Облыс аумағында биыл 42 жасанды төсеніш төселген алаң мен 8 хоккей корты жасақталған.

Баяндамашының сөзінше, спорттық нысан көбейген сайын дене тәрбиесімен айналысатын тұрғындардың да қатары арта түседі.

– Бұл күнде спортпен шұғылданатын тұрғындардың саны 431 529-ға жетті. Бұл көрсеткішті әрі қарай көтеруді мақсат тұтып отырмыз. Өңірде саламатты өмір салтының ауқымын кеңейту үшін алдымен нысандардың саны көбеюі керек. Басқарма осы міндетті орындау үшін нақты тапсырмаларды және жоспарларды жүзеге асыруда. Әсіресе, ART спортты қаржыландыруға баса мән беріп отырмыз. Жыл басталғалы аймақта 3212 спорттық шара өтті. 188412 адам қамтылды. 9 облыс­тық спартакиада ұйымдастырылды. Оған 25207 спортшы қатысты. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі, яғни, мүгедектігі бар тұрғындар да жүйелі түрде спортпен шұғылдануда. Оларға қажетті жағдайды жасап жатырмыз. Бүгінде 4486 мүмкіндігі шектеулі азамат дене тәрбиесімен айналысады. Жалпы айтқанда, облыста спортпен шұғылдануына медициналық тұрғыда ешқандай теріс диагонозы жоқ 55235 мүмкіндігі шектеулі азамат бар, – деді Рустам Қожабеков.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп отыр екен. Мәселен, Рустам Қожабековтің сөзінен жергілікті билік өңірдегі ART спорттың ауқымын кеңейтуге күш салып жатқанын аңдадық. Жүзу, жеңіл атлетика, боча, футбол деген секілді спорт түрлеріне көңіл бөлінуде. ART мемлекеттік спорттық тапсырысын іске асыру шеңберінде биыл 23 спорт түрі бойынша 201 секцияға 8 969 бала мен жасөспірім қатысқан. Соның ішінде, ауылдық округтерде – 1 304 адам. Ол үшін биыл облыс­тық бюджет есебінен 2 млрд.261 млн. теңге қарастырылған. 2025 жылға 2 млрд. 696 млн. теңге бөлу жоспарлануда. 10 мың адамды қамтымақ.

3 пен 18 жас аралығындағы спортпен айналысатын балалар мен жасөспірімдердің облыстағы үлесі 28%-ға жетіпті. 39 спорттық мектепте 27545 бала оқып жатыр екен. Жалпы білім беретін мектептерде 67 542 бала қамтылған 4 853 спорт секциясы, колледждерде 14 595 адам қамтылған 205 секция, 3 251 адам қамтылған 12 балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубтары, жоғарғы оқу орындарында 14 237 студент қамтылған 109 секция жұмыс істейді екен. Сонымен қатар, облыста 10 211 бала мен жасөспірімді қамтитын 85 балалар мен жасөспірімдер клубы, оның ішінде, ауылдық жерлерде 972 адамды қамтитын 16 клуб жұмысын жалғастыруда.

– Облыста 121 спорт түріне көңіл бөлініп отыр. Соның 42-сі олимпиадалық спорт түріне жатады. 92 спорт федерациясы бар. Ұлттық құрамаға 1145 спортшымыз енген. Былтыр бұдан аздау еді. Биыл 250 спортшыға көбейді. Кейінгі 10 айда 31913 спортшымыз түрлі деңгейдегі 869 жарысқа қатысты. 146 – облыстық, 479 – республикалық, 244 – халықаралық дода. Нәтижесінде 14687 медаль алынды. Облыста дарынымен, қабілетімен ерекшеленген, үздік нәтиже көрсеткен 178 спортшыға қаржылай қолдау жасалуда. Облыс әкімінің сыйақысы да бар. 500 мыңнан 2 жарым млн. теңгеге дейін беріледі, – деді Рустам Қожабеков.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button