Бұқаралық футболдың жаңа дәуірі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Мен бұған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар бұл бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдады. Бұл – өз спортшыларымызды қолдауға арналған маңызды қадам. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды, алға қарай жүруіміз керек» деген болатын. Қазіргі таңда Президент пәрменімен қарағандылық «Шахтер» футбол клубы жекешелендірілуде. Клубтың жаңадан тағайындалып жатқан президенті Тимур Турловтың да ұстанымы ел Президентінің бағытымен үндес. «Шахтерда» келешекте тек клуб академиясының түлектері ғана ойнауы қажет. Легионерлер керек емес» деген болатын.

Бүгінде Қарағандыда бұқаралық футбол балалар, кәсіби, тіпті, әуесқой деңгейінде дамуы үшін біршама игі жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта Қарағандыда облыстық футбол ассоциациясы (QOFA құрылды. Балалар футболын дамыту мақсатында «Шахтер» клубының академиясының құрылысы жүріп жатыр. Әлбетте, бұл – өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ, біз бұл жолы өңірде соңғы екі жылда қарыштап дамып келе жатқан әуесқой Balalar Futbol Ligasy жайында айтпақпыз. Дәл осы лигадан шыққан жастар келешекте «Шахтердің» құрамында ойнамақ. Мемлекет басшысының да көздегені осы еді. Олай болса, өңірде қайта түлеген Freedom Balalar Futbol Ligasy жайында сөз етелік…
Әуесқой футбол лигасы ел бойынша 2016 жылы басталыпты. Сол жылы лига қатарына Қарағанды облысы да қосылған. Алғашқы маусымда 18 команда қатысып, ойындар жаз мезгілінде өткізілген. 2017 жылы «Аманат Арена» спорт кешені ашылған соң лигаға қызығушылығы артқан командалар саны күрт өскен. Бірақ, ол уақытта балаларға арналған жеке футбол лигасы атымен жоқ еді.
– 2018 жылы Қарағандыда Balalar Futbol Ligasy құрылды. Содан бері барлық лига ойындары мен республикалық деңгейдегі турнирлер дәл осы қалада өткізілуде. Себебі, облыс орталығында жабық спорт залдар мен қажетті инфрақұрылым бар. Сол жылдары өзіміз 7-14 жас аралығындағы балалар арасында шағын чемпионат өткізіп жүрдік. Оған шамамен 30-ға жуық команда қатысқан. Биылдан бастап, облыстық футбол ассоциациясы мен өңірлік филиал, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесе, үшжақты меморандумға қол қойдық. Бұл жолы лиганың атауын Freedom Balalar Futbol Ligasy деп өзгерттік. Қатысуға 128 команда өтінім берген. Оның 20-сы – қарағандылық. Енді олар 8 дивизион бойынша ойын өткізеді, – деді Қазақстан әуесқой футбол лигасының Қарағанды филиалының төрағасы Мейрам Серіков.
Әуесқой футбол лигасы – бүгінде еліміз бойынша беделі биік, танымал ұйым. Лига жеңімпаздары республикалық кезеңге өтеді. Егер ол жерден жеңіске жетсе, команда екі жылда бір мәрте өтетін әлем және Еуропа чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Себебі, Лига World Mini Football Federation құрамына кіреді. Яғни, әр спортшының әлемдік аренада өнер көрсетіп, кәсіби деңгейде ойнау мүмкіндігі бар. Бір кездері футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанған-тын. Сол құрамның 12 ойыншысы Қарағанды облысынан шыққан еді. Содан бері ел ішінде Қарағанды өңірі «футбол кадрларының ұстаханасы» атанып келеді.
Бертінге дейін бұл лигаға тиесілі тек екі алаң болған. Кейіннен екі залды Nomad Arena спорт кешені іске қосылды. Биылдан бастап Саран қаласындағы спорт кешенінде де ойын өткізуді жоспарлап отыр. Биыл осы лигаға өтінім берген 128 команда, яғни, екі мыңға жуық жас футболшы енді бес алаңда ойнамақ.
– Бұл лига ақылы болғандықтан бұрын көп команда қатыса бермейтін. Сол кездері ойындар айына бір мәрте ғана өтетін. Өйткені, зал тапшылығы қатты сезілетін. Бұған қоса, ақпараттық қолдау да жеткіліксіз еді. Ал, биылғы маусымда үшжақты меморандум аясында жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Бұл келісімнің арқасынд та жаңа техникалар мен электронды құрал-жабдықтар сатып алынады. Әрбір ойын әлеуметтік желілердеұрақты түрде жарияланып отырмақ. Осы лигада өнер көрсеткен жас футболшылар белгілі бір жетістікке жеткен жағдайда ресми түрде спорттық разряд алады. Бұдан бөлек, облыстық футбол ассоциациясы лига чемпиондарын насихаттап, үздік командаларды ақпараттық тұрғыда қолдауды өз мойнына алды. Сондай-ақ, төрешілер арнайы форма мен қажетті құралдармен қамтамасыз етілетін болады, – деді Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы турнирлерді ұйымдастыру жөніндегі маманы Изат Мусилимов.
Бұрын лига үшін үлкен мәселе – төрешілердің жетіспеушілігі еді. Қазір QOFA қолдауымен арнайы төрешілер мектебі ашылды. Мұнда «Төреші боламын» деген жас жігіттерді оқытып, кәсіби маман ретінде даярлайды. Кейін олар тағылымдамадан өтіп, лига ойындарында төрелік ететін болады. Сонымен қатар, «Қарағанды» шағын футбол командасы (бұрынғы «Биосфера») қазіргі уақытта Премьер-Лига сапында өнер көрсетуде. Бүгінде осы команда ойыншыларының шамамен 80%-ы – балалар лигасының жаттықтырушылары.
– Осыдан жеті жыл бұрын жаттықтырушыларға арналған D санаты сертификатын сатып алуға болатын. Сол кезде қазіргі әуесқой лигада жүрген барлық бапкер осы курсты оқып, сертификат алған еді. Сол кезде арнайы мамандар өздері Қарағандыға келіп, сабақ өткізетін. Қазіргі таңда біздің жастар жоғары лигада доп теуіп, ойын тәжірибесін жинаған соң бапкерлікке ауысуда. Дегенмен, жақсы тренер бірден пайда болмайды. Оған тәжірибе мен білім қажет. Сонымен қатар, бапкер футболдың қыр-сырын жақсы түсінуі шарт. Өкінішке қарай, біздің өңірде жоғары деңгейлі футбол әлі де аз. Бұл жас футболшылардың дамуына қиындықтар туғызады, – деді Мейрам Серіков.
Қазіргі уақытта Қарағанды өңірі футбол спортын дамытуға ерекше күш жұмсауда. Қарағанды балалар футболын да жүйелі түрде қолдап, дамытуды бастап кетті. Бәлкім, он жылдың мұғдарында жергілікті футболшыларымыз халықаралық додаларға қатысып, ел намысын қорғайтын күнге де жетерміз. Міне, «Тәуелсіздік CUP» турнирінің түпкі мақсаты да дәл осы.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



