Спорт

Бұқарадан қанжыға бос қайтпады

Қарағандылық төрт спортшы жасөспірімдер мен жастар арасындағы қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді. Біріншілік Өзбекстанның Бұқара шаһарында өтті. Әлемнің 34 елінен келген 300-ден астам жас жүлделі орындарды сарапқа салды.

Қарағанды облысының атынан төрт спортшы қатысты. 73 келі салмақ дәрежесіндегі қола медаль Сұлтанәлі Дінқабылға бұйырды. Қыздар арасындағы жекпе-жекте Сағыныш Асылбекова 48 келі салмақ дәрежесінің қоласын қанжығалады (18-23 жас). Дильназ Кәрібаева болса, 16-17 жас санатында үшінші орынға табан тіреді. Ол да 48 келі салмақта өнер көрсеткен. Нияз Матай 14-15 жас санатында қоладан медаль тағынды. Ол 44 келі салмақ дәрежесінде жекпе-жектерге шықты.

– Спортшылар сәтті өнер көрсетті. Бірақ, одан да жақсы көрсеткіштерге жете алар еді. Менің ойымша, жеңіске жету үшін тәжірибе сәл жетпей қалды. Шеберлік деңгейін арттыру үшін ірі жарыстарға қатысу керек. Өкінішке қарай, жастар арасында халықаралық жарыстар аз өтеді. Алда жоспарлар көп. Қараша айында Астанада екі жарыс ұйымдастырылады. Бұл жыл сайынғы жастар арасындағы әлем чемпионы полиция майоры Руслан Мұқановты еске алуға арналған халықаралық турнир және ересектер арасындағы Әлем кубогы. Біздің спортшылар қуантады деген үміттемін, – деді Қарағанды облысының қоян-қолтық ұрыстан аға жаттықтырушысы Рахат Ысқақов.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы жекпе-жектен әлем чемпионатында жалпы командалық медальдық есепте екінші орынға ие болды.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button