Ресми

Бұқара спортқа ден қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Азаматтардың салам атты өмір салты – саламатты ұлт қалыптастырудың негізгі шарты. Сондықтан, бұқаралық жəне балалар спортына ерекше назар аударуымыз қажет. Бұл – стратегиялық маңызы бар басым міндет» деп еді. Бүгінде аймағымызда Президентіміз белгілеген межеге жету үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Атқарылған шаралар мен жоспарлар жөнінде облыстық спорт жəне дене шынықтыру басқарма басшысының орынбасары Рустам Қожабеков брифингте айтып берді.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Аймақ тұрғындарының спортпен шұғылдануына, əлбетте, жағдай жасалуы тиіс. Балалар мен жастардың денсаулығын нығайту үшін дамыған əрі қолжетімді спорттық инфрақұрылымның болуы аса маңызды. Бүгінде 1000 адамға шаққандағы спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі облыс бойынша орта есеппен 65,4%. Басқарма басшысының мəліметінше, аймағымызда 430 975 адам спортпен шұғылданады екен. Спортпен шұғылдануға қабілеті бар мүмкіндігі шектеулі жандардың үлесі – 14,9%. Тұрақты түрде жаттығатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі –  41%. 1196 спорттық ұйым бар. Сонымен қатар, 27 мыңнан астам баланы қамтитын 39 спорт мектебі (оның 6 710-ы ауылдық жерлерге тиесілі) жұмыс істейді. 1800 бала көпбалалы отбасылардан шыққан. 207-сі – жетімдер үйінен.

Облыста жалпы білім беретін мектептерде 75 176 бала қамтылған 4 597 спорт секциясы, колледждерде 10 852 адам қамтылған 328 секция, 3 709 адам қамтылған 15 балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру клубтары, жоғары оқу орындарында 12 837 студент қамтылған 104 секция бар.

Аула клубтарымен қамтамасыз ету де назардан тыс қалмапты. Аймақта жалпы саны 87 аула клубы ашылған. Оның 46-сы тұрғын үй кешендерінің алдында тұр. 31-і білім беру ұйымдарының жанында. 10-ы стадиондарға жапсарластырылған.

Биыл «Аrt sport» дамытуға облыстық бюджеттен 2 млрд. 164 мың теңге бөлініпті. Мемлекеттік тапсырыс аясында аймақта 11 900 бала қамтылған. Қазіргі уақытта облыста 1247 спорт ғимараты жұмыс істейді. Оның 299- ы ауылдарда.

Рустам Қожабеков аймағымыз да əлі бассейндер жеткіліксіз деп отыр.

Биыл жалпы құны 980 млн. теңгеге облыстық бюджет есебінен 11 спорт нысанына жөндеу жүргізілген. Құны 5 млрд. 982 млн. теңгеге 7 ірі спорт нысаны салынып жатыр екен. Мəселен, Бұқар жырау ауданы, Ботақара кентінде 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Ал, келесі жылы Қарқаралы, Бұқар жырау, Нұра, Шет жəне Ақтоғай аудандарында тез салынатын 7 спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Шығын мөлшері барынша төмен тез салынатын спорт кешендерінің құрылысы «Қазақстан халқына» қоры жəне «Самұрық-Қазына» АҚ есебінен.

Басқарма басшысы мұндай кешендер халықты жаппай спортқа баулуға көп мүмкіндік береді деді.

– Бұқаралық спортты дамыту бағытында спорт нысандарын салу жəне олардың санын көбейту ғана емес, сонымен қатар, өскелең ұрпақты спортпен шұғылдануға тартуға мүмкіндік беретін бұқаралық іс-шаралар өткізу қажет. Аймақ тұрғындары саламатты өмір салтын қолдаса, еліміз дамудың бір межесіне жетті деп айтуға əбден болады, – деді Рустам Қожабеков.

Осы мақсатта биыл ауқымды спартакиадалар өтті.

Қарағанды облысында мүгедектер спортына көп көңіл бөлініп жатыр. Өңірімізде аутизмі, Даун синдромы жəне ЖРВИ (150 бала) бар балаларға жүзуді үйретуден республика бойынша жалғыз жоба іске асырылуда. Мемлекеттік əлеуметтік тапсырыс бойынша осы мақсатқа 49 млн. теңге бөлініпті. (Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск қалаларында).

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін спорттық нысандарды бейімдеу мақсатында биыл 58,6 млн. теңге бөлініп, 13 спорт нысаны жөнделген.

Өңіріміздегі ұлттық спорт түрлерінде де, əсіресе, ат спорты түрлерінде едəуір ілгерілеу байқалады. Облысымызда 2000 жылдан бастап, Ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Мектепте аударыспақты, тоғызқұмалақты, садақ атуды, атқа мінуді жəне жамбы атуды үйретеді. Мектеп оқушыларының саны 393 адамды құрайды. Оларға 20 жаттықтырушы-оқытушы сабақ береді

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button