Бұқара бақуатты болады
Биыл Қарағанды облысында әлеуметтік салада айтарлықтай ілгерілеушілік байқалды. Бюджет қаражатының 36%-ы әлеуметтік бағыттарға жұмсалып, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту және инфрақұрылым салаларында маңызды жобалар іске асты.
Әсіресе, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік көмек көрсету және зейнет жастағы азаматтарды қолдау бағыттарында нақты нәтижелер байқалды. Биыл Ұлттық жоба аясында облыстағы 92 ауылда денсаулық сақтау нысандарының құрылысын салу қарастырылған. Облыста әлеуметтік саланың тұрақты дамуына ықпал етіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға нақты серпін берген жаңалықтарға тоқталсақ.

Әлеуметтік нысандар – халық игілігіне
Бүгінгі таңда өңірде жалпы 26 нысан бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Оның ішінде 25 нысан (2023 жылы – 7 нысан, 2024 жылы – 18 нысан) пайдалануға берілді. Ақтоғай ауданы Қызыларай ауылында – 1 нысан, Бұқар жырау ауданының Қарақұдық, Новоузенка, Ақтөбе, Самарқанд ауылдарында – 4 нысан, Қарқаралы ауданының Томар, Ақжол (Мамыраев), Татан (Еңбек), Қызылту, Жарлы, Жаңатоған, Бесоба, Белдеутас, Борлыбұлақ, Сарыобалы, Талды ауылдарында 11 нысан пайдалануға берілді. Сондай-ақ бұл тізімде Ақшатау кентіндегі және Шет ауданындағы 9 нысан бар.
Барлық 92 жобаны 16,4 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделген. Оның ішінде 78 жобаға 7 млрд теңге бөлінді.
Қарағанды қаласында 200 орындық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы аяқталғаны облыс үшін үлкен олжа болды. Ауылдық жерлерде жылжымалы дәріханалар мен мобильді медициналық кешендер енгізіліп, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында шалғай ауылдарда фельдшерлік-акушерлік бекеттер салынуда. Оған қоса «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы 60 медицина қызметкері тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, өңірде бүгінгі таңда жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау аясында 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Әлеуметтік салада «Еңбек» бағдарламасы арқылы 60 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 6 635 адамды немесе 1 420 отбасын құрады.
Медицина ауылға бет бұрды
Бүгінде облыста ауылды медициналық мамандармен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларында 220 жас маманға баспана бұйырды. Сонымен қатар, медицина қызметкерлеріне жаңа тұрғын үй кешенін салу үшін «Жаңа қала» шағын ауданында 1 гектар жер бөлінді, олар екінші деңгейдегі банктер арқылы қаржыландырылды. Ауылдық жерлердегі медицина қызметкерлерінің тапшылығын жою үшін облыста әлеуметтік қолдау шаралары енгізілді.
Бұл шаралардың нәтижесінде 2023 жылы 61 жас маманды ауылдық жерлерде жұмысқа орналастыру жолдары пысықталды. Жаңа медициналық нысандардың ашылуы ауыл тұрғындарына сапалы және уақытылы медициналық көмек алуға мүмкіндік берді. Мысалы, Нұра ауданының Кертінді ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылып, тұрғындарда енді аудан орталығына бармай-ақ медициналық қызметтерді ала алатын мүмкіндік пайда болды.
– Кертінді ауылында жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуы – ауыл тұрғындары үшін үлкен жеңілдік әрі маңызды қадам. Бұрын ұсақ-түйек тексеріс пен кеңес алу үшін аудан орталығына баруға мәжбүр едік. Жол, уақыт, қаржы – бәрі қиындық тудыратын. Енді медициналық көмек қолжетімді, жылдам әрі өз ауылымызда көрсетілетін болды. Әсіресе қарт кісілер мен баласы бар аналарға ыңғайлы. Бұл – мемлекеттің халыққа деген нақты қамқорлығының көрінісі, – деп атап өтті жергілікті тұрғындар.
Жалпы, аймақта ауылдық медицинаны дамыту бағытындағы бұл шаралар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды. Медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету жарқын әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына сеп болды.
Әлеуетті арттырған жобалар
Осы орайда облыста соңғы жылдары бірнеше маңызды әлеуметтік жобалар іске асырылғанын атап өткен жөн. Мысалы, 2023 жылы Қарағандыда «Арқалан» атты әлеуметтік жобасы іске қосылды. Бұл өндірістік жарақат салдарынан мүгедектік алған адамдар мен олардың туыстарына психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетуге бағытталған. Жобаның басы-қасында жүрген қоғам қайраткері Абай Сыздықов өзі де мүгедектер арбасында отырып, басқаларға қолдау көрсетті.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы 2020 жылы сәтті жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар жөнделіп, аулалар абаттандырылды, балалардың ойын алаңдары салынды. Нәтижесінде 5 мың адам еңбекпен қамтылып, көптеген кәсіпорындар жұмысын жандандырды.
Былтыр «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» жобасы жүзеге асып, ілкімді жұмыстар атқарылғанын көрдік. Жоба аясында 63 жастан асқан азаматтарға мәдени-сауықтыру іс-шаралары, компьютерлік сауаттылықты арттыру курстары, психологиялық және құқықтық қызметтер ұсынылды. Орталыққа қатысушылардың бірі, 67 жастағы зейнеткер Айгүл апай өз әсерімен бөлісті.
– Бұл орталыққа келгеннен бері өмірімде жаңа серпін пайда болды. Күн сайын түрлі шараларға қатысып, жаңа достар таптым. Компьютерлік сауаттылық курстары маған заманауи технологияларды меңгеруге көмектесті. Ең бастысы өзімді қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезінемін, – дейді Айгүл апай.
Орталықтың қызметі аға буын өкілдерінің өмір сүру сапасын арттыруға, олардың әлеуметтік белсенділігін сақтауға және қоғаммен тығыз байланыста болуына ықпал етуде.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»