Бұқара бұралқыдан запы болды
Бүгінде шағын шаһарда иесіз жүрген ит көп. Көшені кезіп, ауланы аралап жүрген иттер тұрғындар үшін қауіпті тіршілік иесі атанып отыр. Қазір кездескен адамнан еститініміз – қаңғыбас иттен қорыққан ағайынның арызы. Олардың көзін жояйын десе, құзырлы органдар «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңнан қорқады. Ветеринария саласы мамандары ұстаған қаңғыбас иттерді жуындырып, екпе салып, тазалап, қайтадан ұстаған жеріне әкеліп тастауға мәжбүр. Екпеден итке ес кірмейді. Қабаған ит қабуын тоқтатпайды. Былтыр Балқашта 100-ге жуық адамды ит қапқан. Залал келтірген иттердің 41-інің иесі анықталған. Бұл туралы баспасөз мәслихатында «Балқаш қалалық ветеринарлық стансасы» КМК директоры Ардақ Аманқұлов мәлімдеді.
– Біздің мекеме иесіз ит пен мысықты жою жұмысымен айналысады. Бірақ, барлығы заң аясында. Иттерді аулау туралы бұрынғы заң күшін жойды. Тұрғындар тарапынан көп арыз-шағым түсіп жатыр. Біздің мекемеге өткен жылы тұрғындардан 283 шағым, жыл басынан бері 13 шағым түсті. Бұрынғы ескі заңның ережелеріне сүйеніп жұмыс жасасақ, прокуратура жазаға тартады. Сондықтан, екі ортада қалып тұрмыз. Осыны тұрғындар түсінсе дейміз. Елге түсінікті болу үшін айта кетейін, жаңа заң бойынша «Ит-мысықтарды асырау және серуендету қағидалары, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары деген сөздер» «Үй жануарларын ұстау және серуендету қағидалары, жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидалары» деген сөздермен ауысқан. Сол себепті, қазіргі кезде қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою жұмыстары тоқтап тұр. Бұралқы иттер мен мысықтар бойынша бес бағдарлама бар. Мемлекеттік сатып алу аясында уақытша ұстау бойынша конкурс жеке ойнатылып, бір компания ұтып алды. Бір өкініштісі, ұтып алған компания итті аулауға үлгермейді немесе конкурста жеңімпаз атанғандар бұл шаруадан бас тартып, жұмысқа кедергі жасау жағдайлары да кездесті. Ал, мемлекеттік сатып алу тәртібі осылай болғандықтан, біз ешқандай амал қыла алмаймыз. Біз үшін малды емдеу, түрлі ауруларға профилактикалық шаралар жүргізу жұмыстары да жетіп жатыр, – дейді Ардақ Аманқұлов.
Балқаш қалалық ветеринарлық стансасының мал дәрігері Самат Молдабековтің айтуынша, 80 мың тұрғыны бар Балқаш қаласында бұрындары жыл сайын 2 мың ит пен мысық жойылған. Қазіргі кезде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң шыққалы қалада қаңғырған иттер көбейген.
– Біз иттерді оқпен емес, дәрімен атамыз. Бір жағы бұл қиындық туғызады. 15-20 метрге дейін таяп барып ату керек. Оқ-дәріні пайдаланудың да әртүрлі өлшемі болады. Дәрі дозасын аз пайдалансаң, біраз уақытқа ғана ұйықтайды. Дәрімен атып ұйықтатқаннан кейін иттер мен мысықтарды арнайы орынға жеткіземіз, – дейді Самат Молдабеков.
Жақында 4-сыныпта оқитын қыз бала иттердің қоршауында қалған. Шашубай кентіндегі орта мектептің оқушысына абырой болғанда өтіп бара жатқан адамдар көмекке келіп, аман қалған.
– Балам қорқып, шыңғырып, қолындағы пакеттермен қорғанған. Сонда да аяғынан тістеп алыпты. Қайта тісі батпаған. Қатты қорқып, маған дереу қоңырау шалды. Алдынан шығып күтіп алдым. Осы мәселені көтерсе деп ойлаймын. Жалғыз балаларды ғана емес, үлкендерді де қабады емес пе? Баламды талап тастап, жазым етуі мүмкін еді ғой, – дейді оқушының анасы Айман Жағыпарова.
Иттерден малдар да зардап шегіп жатыр десек, таңдай қағатындар табылуы мүмкін. Жыл басында қорадағы қойын түз тағысы жарып кетпесін деп көзінің қарашығындай қорғап жүретін тұрғындардың қаңғыбас иттерден зардап шеккенін айтып отыр. Қала маңында жан бағып отырған азаматтардың төрт түлігін иттер жарып кеткен.
Ветеринария мамандарының мәлімдеуінше, қараусыз жүрген иттер адамдардың, балалардың өміріне, олардың мүліктері мен ұстап отырған үй жануарларына үлкен қауіп төндіруде. Иттер адам денсаулығына зиян келтіретін аса қауіпті аурулардың тасымалдаушысы, оны жұқтырушысы болып келеді. Көшеде қарғы баусыз, иесіз жүрген иттер қаңғыбас иттер болып саналады. Тұрғындар арасында асыраған иттерін жөнді қарамай, байламай, далаға қаңғытып жіберетіндер де бар. Тастанды күшіктер өсе келе бұралқы итке айналып, қоғамға қауіп төндіруде. Жауапты мамандар бала ойнайтын аулаларда ит қыдыртып жүретіндердің де қылығы дұрыс емес екендігін сөз етті. Алайда, арнайы итпен қыдыратын орын болмағандықтан, оларға шектеу қоя алмайтындарын айтады. Айтпақшы, ауланы қойып автобуста да иттерін қолтықтап алып жүретіндер бар. Санитарлық талап дегенді сақтап жатқан олар жоқ.
Ересектер түгілі балаларды талап жатқан қаңғыбас иттер туралы қоғамда жиі айтылып жүр. Ит иелерінің жауапкершіліктен жалтаруы да талай рет талқыланды. Бірақ, шыққан нәтижені көрмедік. Қаңғыбас иттер мәселесі қала түгілі, еліміз үшін өзекті проблемаға айналғалы қашан?!
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz