Ресми

Бұқара бұйымтайы ескерусіз қалмайды

Халықтың әлеуметтік мәселесіне назар аудару – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. «Молодёжный» мәдениет үйінде өткен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың тұрғындармен кездесуіне жүздеген адам жиналды. Қаланы ары қарай дамытуға мемлекет, облыс бюджеті тарапынан қомақты қолдау көрсетілуде. Жүздесу барысында аймақ басшысы бірқатар мәселелерге тоқталып, халықтың өтініш-ұсыныстарын тыңдап, пікір алмасты.

Облыс әкімі алғы сөзсіз, баяндамасыз бірден халықпен «сауал-жауап» форматында әңгіме өрбітті. Жиында қарағандылықтар облыс әкіміне елуден астам сауал қойды. Алға тартқан көкейкесті сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру және қоғамдық көлік мәселелеріне арналды. Кез келген адам сұрақ қоя алды. Сәйкесінше, жауабын да ала білді.

Әсіресе, қала тұрғындары балалар ойын алаңдарын аралауға шақырды. Сапасыз жұмыс жасаған мердігерлерге тұрғындардың шағымы көп. Өз кезегінде Ермағанбет Қабдулаұлы қала мен аудан әкімдеріне Қарағандыдағы ойын алаңдарына тексеріс амалдарын жүргізуді тапсырды.

– Аудан әкімдеріне ойын алаңдарына ревизия жасауды тапсырамын. Көзге ұрып тұрған қауіп тәуекелдерін анықтау керек. Балаларға қауіп төнсе, ойын алаңдарына демонтаж жасалу керек, – деп баса айтты өңір басшысы. – Жақында Майқұдықта болған оқыс оқиғадағы салдарды күтудің әсте қажеті жоқ. Барлық мердігерлер қатаң бақылауға алынсын.

Мұнымен бірге, қала тұрғындары тұрғын үй маңындағы қоқыс атаулының уақытылы шығарылмайтынына шағым білдірді. Ал, Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов ірі көлемдегі қоқыс қалдықтары кестеге сәйкес – екі аптада бір рет шығарылады деген уәж келтірді.

– Заң бойынша құрылыс пен ірі көлемдегі қалдықтарды тұрғындар сыртқа шығаруы керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Толып жатқан резервуарлар мен жабық аулаларды көріп, қоқысты тазалауға бастама көтердік. Бірақ қалада мыңға жуық аула бар, тазалауға мың жүк тиегіштерді бірден іске қоса алмаймыз.

Тұрғындар 21-ші және 22-ші ықшамауданға балабақша салып, жеке сектор аулалары мен жолдарын асфальттауды сұрады. Бұл арада аймақ басшысы қазіргі уақытта ең бастысы тұрғындарға уақытылы жылу және сумен қамтамасыз ету маңыздырақ екенін атап өтті. Өңірде инженерлік инфрақұрылымның тозу жайттары баршылық, сондықтан бюджет қаражатының негізгі бөлігі қазандықтар мен желілерді жөндеуге кетеді.

Жиыннан соң облыс әкімі тұрғындарды жеке өтініштері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында әлеуметтік көмек, инфрақұрылым, шаһарды абаттандыру сынды маңызды мәселелер қозғалды. Ермағанбет Қабдулаұлы бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және заң аясындағы жұмыстарды жанашырлықпен жүргізуді тапсырды. Әрі аудан әкімдері мен салалық басқарма басшыларына тиісінше тапсырмалар берді. 

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button