Бұқар жырау жастары жерлес журналист Аман Жанғожинмен кездесті
Бұқар жырау аудандық Мәдениет үйінде жерлес журналистері, “Парасат орденінің иегері, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Аман Жағдаұлы Жанғожиннің 80 жасқа толуы қарсаңында “Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте!” тақырыбында кездесу кеші өтті.

Аудандық орталық кітапхана мен тарихи-өлкетану мұражайының ұжымдары ұйымдастырып өткізген бұл шараға Аман Жағдаұлының туыстары, әріптестері, достары мен таныстары арнайы шақырылып, Бұқар жырау аудандық мәслихатының төрағасы Асхат Әли мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Исабаев қатысты.
Кездесу кеші басталмас бұрын жиналған жұрт фойеде қарымды қаламгер Аман ағамыздың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертіп, мәлімет беретін көрмені тамашалады. Онда Аман Жанғожиннің жазған кітаптары, алған марапаттары, ол туралы мақалалардың көшірмесі мен қиындылары қойылған.
Бұдан кейін акт залындағы үстел басындағы кездесуде Бұқар жырау аудандық мәслихатының төрағасы Асхат Әли мерейтой иесін құттықтап, аудан әкімі Ерлан Құсайынның Алғыс хатын тапсырып, иығына шапан жапса, бала күнгі досы Төкен Арбабаев, аудандық кітапхана директоры Айгүл Жексенбаева, ауылдас іні-қарындастары Жібек пен Бауыржан, осы жолдардың авторы жүрекжарды тілектерін айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Кездесу кешінде “Гүлдер” тобы би билеп, Сая Халидолла ән шырқап, соңында Аман Жанғожин кеш қонақтарының сұрақтарына жауап берді.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы