Бұқар жырау ауданында жылқы жаппай қырылып жатыр
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты Төрткөл ауылының жылқылары жаппай қырылып жатқаны жайлы әлеуметтік желілерде ақпарат тарады. Белгісіз дертке шалдыққан жылқылардың аяғы іріңдеп, жаралары бүкіл денеге тарап, қырылуда. Алайда, мамандар бұл дерттің қандай түрі екенін әлі дөп басып айта алмай отыр.
– Комиссия келіп, жылқылардың қандай инфекция жұқтырғанын анықтау үшін талдаулар жасады. Талдау бойынша бұл лимфангит емес. Бірақ мұны лимфангит деп санаймыз. Неге? Өйткені өткен жылдың мамыр айынан бері Үміткер деген көрші ауылда лимфангит ауруы тіркелген болатын, – деді шаруа қожалығының басшысы Мәдениет Жұмаділдә.
Шаруа қожалық басшысының айтуынша, малдары Үміткер ауылының малдарымен бір өрісте жайылады екен.
– Біздің ауылдың жылқылары көрші ауылдың жылқыларынан жұқтырған шығар. Ол жерде лимфангит ауруы расталып, ауыл тұрғындарына өтемақы төленді. Ал шенеуніктер бізге мал шығынына өтемақы төлегісі келмей отырған сияқты. Сондықтан лимфангитті мойындамай, басқа ауру деп отыр. Бірақ біз оның белгілерін көріп отырмыз, аяғынан бастап басына дейін іріңді жаралар шыққан. Бұдан жылқы өледі, – деді шаруа қожалығының басшысы.
Ал, Қарағанды облысының ветеринария басқармасы ММ басшысы Қайырбек Тұрсынбеков:
– Ауырып тұрған үш бас жылқыдан сынамалар алынып, зертханаға жеткізілді. Қазіргі таңда зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауру жұмыр тұяқы малдарға, яғни, жылқы, есек тектес жануарларға тән. Егер ауру анықталған жағдайда елді мекенде карантин жарияланып, ауырған, өлген жылқылар жойылады. Ал, мал иесіне заңнамалық тұрғыда қарастырылған нарық бағасымен өтемақы төленетін болады. Қазір жағдай бақылауда, – деді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz