Бұқар жырау ауданындағы мәдениет үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде
Бұқар жырау ауданының Ақтөбе, Шешенқара ауылы мен Қушоқы кентінің тұрғындары ауылдағы мәдениет үйлерін жөндеу мәселесін көтеріп келе жатқанына біршама уақыт болды. Биыл тұрғындар тілегі орындалып, ауылдардағы мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болды.
Мәселен, Ақтөбе ауылындағы мәдениет үйінің шатырынан су ағып, қабырғасынан өң кеткен. Тіпті ішінде ішінде киім ілгіш бөлмесі және басқа да қажетті құрылғылар толық болмаған. Бүгінде мәдениет үйіне қаржы бөлініп, шатыры жаңартылды. Сырты қапталды. Көрермендер залының едені ауыстырылып, ішкі қабырғалары тегістелді. Дәретхана мен киім ілгіш бөлмесі қажетті дүниелермен жабдықталды. Алдағы уақытта мәдениет үйін жылыту үшін блок-модульдік қазандық орнатылады.
Қушоқы кентінің мәдениет үйіне де дәл осындай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, Шешенқарадағы мәдениет үйінің аумағы абаттандырылып, қырлы тас төселді. Орындықтар, қоқыс жәшіктері мен қоршау орнатылып, жарықшамдар қойылды.
– Тұзды ауылында бұрынғы асхананың ғимараты мәдениет үйі болып ашылды. Бұл ғимарат көп жылдар бойы бос тұрған еді. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Электр жарығы тартылып, ауласы толық абаттандырылды. Енді блок-модульдік қазандық орнатылуда, – деді Бұқар жырау аудандық мәдениет үйінің директоры Қазбек Талашев.
Бұдан бөлек, Сарыарқа ауылындағы жаңа мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Қабырғалары мен тіректерін қалап жатыр. Жаңа ғимарат та жеке модульдік қазандықпен жылытылатын болады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz