АймақБас тақырыпБұқар жырау

Бұқар жырау ауданында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының жеңімпаздары анықталды

Бұқар жырау аудандық Мәдениет үйінде мектеп оқушылары арасында дәстүрлі «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының аудандық іріктеу кезеңі ұйымдастырылды. Жыр сайысында ауданның әр мектебінен келген жүздеген өрен жырау Тастыбай Жағыпарұлы нұсқасы бойынша «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айту бойынша бақ сынады.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Жоба Қарағанды облысы әкімдігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен өткізіліп отыр.

Іс-шараға Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Алма Шалабаева мен Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Баян Құдайберген арнайы қатысып, жас жыршыларға ізгі тілектерін білдіріп, олардың өнеріне куә болды.

Байқаудың қазылар алқасы құрамында «Тұлпар мініп, ту алған!» жобасының облыстық жетекшісі Дәурен Сейітжанұлы, «Bolashaq» академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұхамедғали Әбдуов, өлкетанушы, ауданның «Құрметті азаматы» және сазгер Қалиасқар Шыныбектегі, «Руханият» орталығы директорының орынбасары Ақмарал Есіргепова, сондай-ақ «Asyl Mura» еріктілер жобасының жеңімпазы Амантай Акишев болды.

Сайыс барысында оқушылардың жырды толық меңгеруі, жатқа айтуы, мәнерлеп оқуы және екпінін дәл қоюы негізгі бағалау көрсеткіштері ретінде ескерілді.

Қазылар шешімімен жарыс жеңімпаздары Бұқар жырау ауданы бойынша үш оқушы жүлделі орындарға ие болып, облыстық кезеңге жолдама алды:

1 орын (150 000 теңге) 
Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы ЖББМ, 8-сынып оқушысы Аружан Коля
Мұғалімі – Бұлбұл Нілдібаева

2 орын (100 000 теңге) 
Сарытөбе негізгі орта мектебі, 9-сынып оқушысы Ерасыл Тоқтасын
Мұғалімі – Гүлім Ахатаева

3 орын (70 000 теңге) 
Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы ЖББМ, 6-сынып оқушысы Інжу Жақсыкелді
Мұғалімі – Жанат Нұрбота

Биылғы байқау қыркүйек айында жарияланып, 6–10 сынып оқушылары арасында өткізіліп жатыр. Аудандық және қалалық іріктеулер 20–28 қараша аралығында өтеді. Ал облыстық сын 10 желтоқсанда ұйымдастырылады.

Жүлде қоры да айрықша:
• І орын – 1 000 000 теңге және Қарағандыдағы ЖОО-лардың бірінің білім гранты
• ІІ орын – 500 000 теңге
• ІІІ орын – 250 000 теңге

Ең басты жаңалық – I орын алған оқушының мұғаліміне жеңіл автокөлік беріледі.

Биылғы додаға облыс бойынша 4200-ге жуық оқушы және 1000-нан астам ұстаз қатысып отыр.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button