Бұқар жырау ауданында «Сарыарқа – ұлы дала ойындары» фестивалінің үшінші кезеңі өтті
Бұқар жырау ауданында «Сарыарқа – ұлы дала ойындары» фестивалінің үшінші кезеңі өтті. Спортшылар бірнеше күн бойы көкпар, аударыспақ, садақ ату, арқан тарту және басқа да бірқатар ұлттық ойын түрлерінен сынға түсті.
Спорттық шараны Бұқар жырау ауданы әкімдігінің қолдауымен Қарағанды облысының ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырды. Шараның бас демеушісі – ұлттық спорт жанкүйері, Қарағанды облысының Ұлттық спорт қауымдастығының президенті, Natige Milk компаниясының бас директоры Ерлан Әшімов.
Ұйымдастырушылар фестиваль Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына орайластырылғанын айтып отыр.
Фестивальдің өз деңгейінде өтуіне Қарағанды облысының Жастар көкпар лигасының президенті Нұржан Зейнулдин мен Арман Дошкиннің тікелей атсалысқанын айту керек.
– Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Бүгінгі шараның мақсаты – ұлттық спортты дәріптеу. Қазақ өз құндылықтарын бағаламай, дәріптемей қазақ бола алмаймыз. Жалпы ұлт үшін атқарылатын жұмыстың еш қиындығы болмаса керек. Фестиваль өте жоғары деңгейде өтті. Сайысқа қатысушылар да бір бірінен өтеді. Бұл жерде басты мәселе бәсекелестік емес, осындай ойындар арқылы ұлттық рухымызды көтеру. Фестивальдың жыл сайын мәртебесі көтеріліп келе жатқанын айту керк, – дейді ұйымдастырушылардың бірі Арман Серікұлы.
Спорттық жарыстарға Қарағанды қаласы, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Шет және Осакаров аудандарынан 200-ге тарта адам қатысты.
Шараны Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нүркен Қобжанов кіріспе сөзбен ашты. Сондай-ақ, шараға қатысушылар мен қонақтарды аудан әкімі Абылай Сұлтанғали, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев және Ерлан Әшімов қарсы алды.
Көкпарға екі лига бойынша Қарағанды облысынан 14 команда қатысты. Жоғары лигада Қарқаралы ауданының «Жанәлі» командасы үздік деп танылып, жеңімпаздарға 400 000 теңге ақшалай сыйлық табысталды. Екінші орынды Нұра ауданының «Рассвет» командасы, үшінші орынды Бұқар жырау ауданының «220 вольт» командасы иеленді. Ал, Шет ауданын келген «Ақсу-Аюлы» командасы төртінші орынға орнықты.
Бірінші лигада Бұқар жырау ауданының командасы жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарды Қарқаралы ауданының командалары иеленсе, төртінші орынды Шет ауданының командасы еншіледі.
Балуандар өздерінің күші мен ептілігін 62, 82 және 82+ келі салмақ дәрежесінде көрсетті.
82+ кг санатында Дархан Көрпебаев (Бұқар жырау ауданы), Темірлан Тілеубек (Шет ауданы) және Азамат Жаркен (Нұра ауданы) үздік деп танылды. 82 келі санаттағы жүлделі орындарға Ерқанат Тайжанов (Нұра ауданы), Әнуар Жаңбырбай (Шет ауданы) және Мұхтархан Сергазиев (Бұқар Жырау ауданы) ие болды. Ал 62 кг санатында 1, 2 және 3 орындар Дияс Серғазиев (Бұқар жырау ауданы), Шыңғыс Төлеуов (Шет ауданы) және сағат Қайыповқа (Шет ауданы) бұйырды.
Садақ атудан 30 адам бақ сынап, 500 000 теңгелік сертификат Шет ауданынан келген Нұрбол Жеңісовке бұйырды. Екінші орынды Қарағанды қаласынан Надежда Кефер, үшінші орынды Қарқаралы ауданынан Әсет Омаров және төртінші орынды Қарағанды қаласынан Кая Мазнева жеңіп алды.
Арқан тартудан Бұқар жырау ауданы алдына қара салған жоқ. Мәселен, аталған ауданның әйелдер командасы бірінші орынға шықса, ерлер командасы Қарағанды қаласының Әл-Машани мешіті командасын алдыға салып, екінші және үшінші орындарға ие болды.
Қошқар көтеруде Бұқар жырау ауданы Тоғызқұдық ауылының тұрғыны Олжас Отарбаев үздік нәтиже көрсетті.
Жарыстың барлық жеңімпаздары федерация мен демеушінің есебінен ұсынылған грамоталармен, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Фестивальдің келесі кезеңі Шет ауданында өтеді. Одан кейін ағымдағы жылдың қыркүйек айында Қарағанды қаласында жабылады деп жоспарлануда.
«Сарыарқа – ұлы дала ойындары» фестивалінің бірінші және екінші кезеңдері Қарқаралы және Нұра аудандарында өткенін естеріңізге саламыз.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz