Бұқар жырау ауданында өнеркәсіп қарқынды дамып келеді
Бұқар жырау ауданы – Қарағанды облысындағы ең ірі аудандардың бірі. Ауыл шаруашылығымен қатар, ол өңір өнеркәсіптік әлеуетімен де ерекшеленеді. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша аудан өнеркәсібінде өндіріс көлемі 70 пайызға жуық артты. Бұл ең алдымен «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы өндіріс ошақтарының белсенді жұмысының арқасында мүмкін болды.

Мұнда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға қосымша бес жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр. Аудан аумағында жаңа өндіріс орындары ашылып, қолданыстағылары жаңғыртылуда. Жыл басынан бері 25 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды, соның 90 пайызы – жекеменшік қаражат. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға және салық түсімдерін арттыруға жол ашты.
– Қазіргі таңда ауданда 3500-ден астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Қызмет көрсету, өнеркәсіп, агросектор, тіпті IT-технология салалары қарқынды дамып келеді. Бұл мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың нәтижесі. Мысалы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша биыл 30 жеңілдетілген несие берілді. Тағы алты жоба Кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы аясында қаржыландырылды, – дейді Бұқар жырау ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Любовь Лузикова.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында шлакоблок шығаратын жаңа цех ашу жоспарланып отыр. Ал, Ботақара ауылында туризмді дамыту бағытында қонақүй кешені мен этноауыл салу жобасы жүзеге асырылады.
Аудандағы өндірістің басты қозғаушы күші – «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы. Мұнда өңдеуші өнеркәсіптің түрлі салалары бойынша ауқымды жобалар іске асырылып жатыр.
Мысалы, 2020 жылдан бері мұнда тау-кен өндірісі үшін резеңке және металлрезеңке футеровка шығаратын зауыт жұмыс істейді. Оның өнімі ел ішінде де, шет елдерде де сұранысқа ие. Зауыт заманауи технологиялармен жабдықталған. Айта кетерлігі, мұнда автоматтандырылған жапондық токарлық станок бар, оның Қазақстанда баламасы жоқ.
Кәсіпорын өндіріс көлемін арттырып, өнім түрлерін көбейтіп жатыр. Қазір құю зауытының құрылысы қолға алынды.
– Қазір кеңею үстіндеміз. Болт шығаратын жаңа цехтың құрылысын бастадық. Қолданыстағы механикалық цех жұмыс істеп тұр. Құю зауытының іргетасын салу жұмыстары басталып кетті. Жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз, толық іске қосу 2027 жылға жоспарланған. Онда болат футеровка мен шарлар өндірілетін болады. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылады, – дейді «Polymet Solutions Corporation» ЖШС бас директоры Қуандық Қазанғапов.
«Сарыарқа» АЭА аумағында жарылғыш және пиротехникалық заттар, алюминий радиаторлары, теміржол техникасына арналған қосалқы бөлшектер, сондай-ақ сэндвич-панельдер өндіретін кәсіпорындар да салынып жатыр. Бұл жобалар іске қосылған соң 1 500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Сондай-ақ, елімізде теңдесі жоқ жаңа өндірістік зертхана бой көтеруде. Ол кен құрамын зерттеп, сараптама жасайтын болады.
Бұқар жырау ауданы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де үлес қосып отыр. Аудан аумағында өңірдегі ең ірі және заманауи құс фабрикаларының бірі жұмыс істейді. Мұнда 230 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын ай сайын 13–14 миллион дана, жылына 150 миллионнан астам жұмыртқа өндіреді. Мұнда кілегей түсті жұмыртқа беретін Хай-Лайн Соня кроссының балапандары қолданылады.
Кәсіпорын 2009 жылы жаңғыртылып, толық қайта қалпына келтірілді. Құс қоралары жөнделіп, заманауи құрал-жабдықтар орнатылды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында зауытқа баратын жол жөнделіп, электр желісі тартылды. Жақында жұмыртқаларды жинауға арналған автоматтандырылған конвейер салынды.
Желі барлық аумақты қамтып, өнімді жұмыртқа сақтау қоймасына жеткізеді. Қазіргі уақытта мемлекет есебінен резервтік электр желісі салынуда. Жоба аяқталуға жақын. «Ushtobe Qus» ЖШС директоры Валерия Семёнова 80 пайыз жұмыс орындалғанын айтты.
Үштөбе ауылында тағы бір ірі кәсіпорын – Қарағанды нан компаниясы жұмыс істейді. Мұнда 200-ден астам адам еңбек етуде, олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Компания – бройлер балапандарының еті мен жартылай дайын өнімдер өндірісі бойынша өңірдегі көшбасшылардың бірі.
Бүгінде кәсіпорын 60-тан астам өнім түрін шығарады, өндірістік қуаты – жылына 2000 тоннадан асады. Кәсіпорын дамуын тоқтатпай, өндіріс үдерістерін жаңғыртуға тұрақты инвестиция салып келеді.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА