АймақБас тақырыпБұқар жырау

Бұқар жырау ауданында ферросилиций өндіретін жаңа зауыт салынуда

Қарағанды облысында Karagandy Power Silicon кремний қорытпаларын шығаратын зауыт салынуда. Қуаты жылына 95 мың тоннадан астам өнімді құрайтын төрт пешті іске қосу жоспарланып отыр. Инвестициялар шамамен 63 млрд теңгені құрайды, шамамен 500 жаңа жұмыс орны құрылады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Бұқар жырау ауданына жұмыс сапары барысында нысанда болып, «Сарыарқа» АЭА-да ферросилиций өндіретін ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылуымен танысты.

Қазіргі уақытта оның аумағында 11 кәсіпорын және тағы 14 нысан салынып жатыр.

«Сарыарқа» АЭА – өңірдің өнеркәсіптік өсімі мен жұмыспен қамтылуының драйверінің бірі.

– Ферросилиций өндіретін кәсіпорынның бірінші кезегін салу жобасы аяқталу сатысында. Қыркүйекте бірінші іске қосу кешенін толығымен пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Мұнда «Сарыарқа» АЭА-да алдағы уақытта кварц өндіруден бастап толық өндірістік тізбек – кремний кластері құрылады, – деді Karagandy Power Silicon бас директоры Талғат Мәкеев.

Облыс әкімі Бұқар жырау ауданындағы басқа да кәсіпорында болды. Ботақара ауылында ателье, наубайхана және жартылай фабрикаттар өндіретін цех бар өндірістік кешен салынуда. Жобаны жергілікті кәсіпкер іске асырады. Бизнес-бастама жеңілдікті шағын несие түрінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қолдау тапты.

Аймақ басшысына жұмыстар қызу жүріп жатқаны, шілде айында жобаның іске қосылатыны айтылды. Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік саланың бірқатар жобаларын да тексерді. Үштөбе ауылында салынып жатқан жайлы мектептің құрылысын бақылап көрді. Жаңа Мәдениет үйінде болды. Сондай-ақ, Қарағанды-Қарқаралы жолының жөндеу барысымен танысты   .Биыл жалпы ұзындығы 200 км жолды орташа жөндеу жалғасуда. 115 км жөнделді, қалған 85 км жөнделуі тиіс.

Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс мерзімін сақтауды және сапаны қатаң қадағалауды тапсырды.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button