Бас тақырыпМедицина

Бұқар жырау ауданында екі жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Қарағанды облысында ауыл тұрғындары үшін қуантарлық оқиға болды. Бұқар жырау ауданының Сарыарқа және Құрылыс ауылдарында заманауи фельдшерлік-акушерлік пункттер салынды. Бұл пункттер медициналық көмектің сапасын жақсартуға сеп болары анық.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жаңа нысандарды облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Бұқар жырау ауданына жұмыс сапары кезінде аралап шықты.

Ауыл медицинасын дамыту-мемлекет саясаты басымдықтарының бірі. Ел Президентінің тапсырмаларын орындау үшін медициналық нысандардың құрылысы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша жүргізілуде.

– Біз ауылда өмір сүру сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырамыз. Бұл медицинаға да қатысты. Жаңа ФАП-тар, санитарлық көлік, кадрлар – барлығы халық игілігі үшін жұмыс істеуі тиіс, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Екі жаңа ФАП арқасында Үштөбе ауылдық округінің мыңнан астам тұрғыны қадамдық қолжетімділікте базалық медициналық көмекпен қамтамасыз етілді. Енді тұрғындарға дәрігерлерден кеңес алу үшін аудан орталығына барудың қажеті жоқ.

Бөлмелердің іші кең, ересектер мен балаларды қабылдау үшін қажет нәрсенің бәрі бар.

Дәрігерге дейінгі, процедуралық, егу кабинеттерімен де жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу үшін пандус, шақыру түймесі және қозғалыс индикаторы да қарастырылған.

Сарыарқа ауылында 900 адам тұрады. Мұнда науқастар бұрын бейімделген бөлмеде қабылданды.

Үштөбе дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Жазира Сағымбекова жаңа ФАП-та қабылдауды медбике жүргізетінін, аптасына үш рет тексеруге дәрігер келетінін айтты.

– Мен Сарыарқа ауылына Қарағандыдан келдім. Мен ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауға көмектесемін. Мұнда заманауи кабинеттер мен жабдықтар бар. Тұрғындар тағайындалған ем ала алатын жақсы физиокабинет те, бар. Дәрігерлік қабылдау да қарастырылған, оның ішінде бейінді мамандар да бар, – дейді медбике Береке Болат.

Құрылыс ауылында 700-ге жуық адам тұрады. Жаңа ФАП салынғанға дейін ауыл тұрғындары да бейімделген бөлмеде қабылданды.

Енді олардың заманауи медициналық мекемеде медициналық көмек алуға мүмкіндігі бар.

Бұқар жырау ауданында бүгінде орталық аудандық ауруханадан басқа 13 дәрігерлік амбулатория, 16 ФАП және 25 медициналық пункт жұмыс істейді. Шалғай ауылдарға жедел көмекке келу үшін 28 санитарлық автокөлік бар. Ауданда 305 медициналық маман жұмыс істейді, оның ішінде 12 жас дәрігер «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы арқылы қызмет етуде. Медициналық көмекті жақсарту және кадрларды тарту жұмыстары да, жалғасуда.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button