АймақТеміртау

Бұқар жырау ауданында 20 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Бұқар жырау аудандық жер қатынастары бөлімі қызметкерлері ауыл әкімдерімен бірлескен жұмыс нәтижесінде осы аймақта пайдаланылмай және иен жатқан ауылшаруашылық жерлерінің биылға белгіленген 20 мың гектарын мемлекет меншігіне толығымен қайтарды.

Сурет автордан

Өздеріңізге мәлім, елімізде сонау тоқсаныншы жылдары кезінде дүрілдеп тұрған кеңшарлар таратылып, техникалары мен мал-мүлкі талан-таражға ұшыраған шақта оларға тиесілі жерлер де ту-талақай болып, талапайға түскен. Содан жылына миллиондаған тонна астық пен картоп, көкөніс жинап отырған егістік алқаптары азып-тозып, эрозияға ұшырап, ауыл халқының шөп шауып, мал жаятын жері қалмауға айналғаны да жасырын емес.

Ал, оны жеке меншігіне иеленіп алған жаңа қожайындары кешегі ата-бабаларымыз қан төгіп, шыбын жанын қиып қорғап қалған сол жерлерді тап бір әкелерінен қалғандай онда мал түгілі кісі аяғын бастырмай кергігенін көрсеңіз… Олардың бірқатары сол алған жерлеріне инвестиция салып, ауылды көркейтіп, тұрғындарына жағдай жасап, тұрақты жұмыс тауып бергеннің орнына қараларын да көрсетпей, ол аздай алыста, тіпті шетелде жатып басқаратынын да ел-жұрт біледі.

Сондықтан, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқтығын» айтып, сондықтан мемлекетке қайтарылған жерлерді келесі жылдың ортасына дейін түгелдей тұрақты айналымға енгізу тапсырмасын берген болатын.

Бұған дейін республикамыз бойынша мемлекет меншігіне қайтарылған осындай жерлердің көлемі Греция мемлекетінің аумағынан асып кетсе, онда Бұқар жырау ауданы жер қатынастары бөлімінің де үлесі бар. Аталған аудан бойынша 2022-2025 жылдары мемлекетке қайтарылған ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер 104,1 мың гектарды құрап, 27,6 мың гектары айналымға қосылса, соның ішінде 18 мың гектары халықты жайылыммен қамтамасыз етуге (26,7 пайыз) бөлініп, айналымға енгізілмеген 76,5 мың гектар жер қалған. Ал, жайылым тапшылығы әлі де 150,1 мың гектар болып отыр. Биылғы жыл басынан 3 қазанға дейін сол 27,6 мың гектардың 8328 гектары (өткізілген конкурстар есебінен бекіту жолымен) айналымға қосылып, бұл тұрғыдағы тапшылық 126,5 мың гектар әлі де.

– Енді Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру үшін осы мемлекетке қайтарылғаннан қалған 76,5 мың гектар жердің 7,7 мың гектарын үстіміздегі жылдың аяғына дейін, – дейді Бұқар жырау аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрдәулет Мәзов, – ал 20 мың гектарын 2026 жылдың 31 наурызына дейін, ендігі 48,8 мың гектарын 2026 жылдың 30 маусымына дейін айналымға қосуды жоспарладық. Айта кету керек, бөлім өндірісінде 16 ауылдық округ бойынша 15 мың гектардан астам жерге орналастыру жөніндегі 65 жоба болса, 15 желтоқсанда өткізілетін қайталама конкурстан кейін жайылым тапшылығы азая түседі.

Бұл қызметті іске асыру барысында аудандық жер қатынастары бөлімі 2020-2024 жылдары ауылшаруашылық мақсатындағы 216 жер телімін шаруа қожалықтарын жүргізу үшін беруге байланысты 24 конкурс ұйымдастырып, өткізген екен. Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 20-бабының 43-1 тармағына сәйкес жер телімін уақытша (жалға) пайдалануға жасалынған келісімшарт нәтижелері бойынша шаруа қожалығын немесе фермерлік шаруашылықты жүргізуге берілген ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің пайдаланылуына, соның ішінде конкурс жеңімпаздарының өздері қабылдаған міндеттемелерін орындауына мониторинг жасалынатын көрінеді. Бірақ белгіленген талаптарға қарамастан, алған жерлерін мақсатты пайдаланбай, бизнес-жоспарына сәйкес міндеттемелерін орындауға немкетті қарағандар кездессе, олардың жер пайдалану құқықтары тоқтатылып, қайтадан мемлекет меншігіне алынады.

Бұқар жырау аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрдәулет Мәзов енді аудан бойынша ауылдық округтер әкімдерімен бірлескен түрде жер телімдерін алып, пайдаланушылардың соңғы 5 жылда өздері қабылдаған міндеттемелерін орындауына тексеріс жасап, бақылау мен қадағалауды күшейту жөніндегі жұмысты жалғас­­­­­­т­ы­ра беретіндерін мәлімдейді.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button