ҚАЗЫБЕК БИ АУДАНЫ
Еліміздің индустриалды жүрегі – облыс орталығы – Қарағандының қос қанаты – екі ауданы бар. Соның бірі һәм бірегейі – Қазыбек би бабамыздың есімі берілген еңселі аудан. Қақ ортасында Қазыбек би бабамыздың жұртына жөн сілтеген тұғыры биік ескерткіші тұр. Көмірлі аймақтың ғана емесе, дүйім елдің әлеуметтік-экономикалық мықты тірегіне айналған. Жасыратын түгі жоқ, баршаға мәлім, бидің есімі ауданға өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген тұстан кейін бірер жылдан соң барып берілген-ді. Содан бері сынаптай сырғып он алты жыл өтті. Тәуелсіздікпен бірге жаңарған ауданның тарихынан тамыр тартып, өткені мен ертеңін безбенге тағы бір салып көрелік, ендеше…
Кеше
Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданы 2001 жылға дейін Совет ауданы аталды. Қарағанды қаласының оңтүстік бөлігіндегі әкімшілік-аумақтық бірлік. Сонымен бірге, шаһардың мәдени және іскерлік ауданы. Іргесі сонау 1932 жылы қаланып, 1969 жылдары Совет ауданы аталды. 1987 жылы бұл ауданда 164,8 мың тұрғын тіркеліпті. Ауданда сол кезеңде 17 өнеркәсіп жұмыс істеп тұрды. Оның ішінде, ет комбинаты, кен-шахта жабдығын және кен-көлік жабдығын жөндеу зауыттары, аяқ киім фабрикасы болды. Сонымен қатар, 24 құрылыс ұйымы, 11 автокөлік кәсіпорны, ауданда 43 мектеп жасына дейінгі балалар ұйымы, 23 жалпы білім беретін мектеп, 4 мектеп-интернат, 7 жұмысшы жастар кешкі мектебі, 4 жоғары оқу орны (университет, педагогикалық институт, кооператив институты, СССР ішкі істер министрлігініің Жоғары мектебі), кен техникумы, есеп-кредит техникумы, медучилище, 9 орта кәсіптік-техникалық училище, 10 ғылыми зерттеу институты болды. Бұдан бөлек мәдени-сауық ұйымдарының қатары да аз емес-тін.
Жалпы, 1997 жылға дейін Қарағанды қаласында бес: Ленин, Совет, Киров, Октябрь және Железнодорожный аудандары болған. 1997 жылы Ленин және Совет аудандары біріктірілді. Содан кейін жаңа аудан «Совет» ауданы деп айдарланып келді. Ал, 2001 жылғы 14 наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен Совет ауданы Қазыбек би атындағы аудан болып өзгерді.
Бүгін
Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданда 273 300 тұрғын бар. Аудан аумағы 23,1 мың гектарды құрайды. Ауданда 42 медициналық мекеме,оның ішінде, 16 аурухана, 3 емхана, 4 амбулатория, 4 облыстық диспансер (онкологиялық, психоневрологиялық, наркологиялық, балалар психоневрологиялық) жұмыс істейді. 21 мәдени мекеме, (3 театр, мәдениет үйі, 2 мұражай, 4 кітапхана, зообақ, цирк және тағы басқалары), сонымен бірге, көптеген жекеменшік нысандар орналасқан. 40 жалпы білім беретін мектеп бар, онда 29 773 бала оқиды. Одан басқа 702 оқушыны қамтитын 6 жеке сектор бар. Ауданда мемлекеттік – 26, жеке меншік – 11 балабақша қызмет көрсетеді.
Аудан экономикасы индустриалды дамыған. Мұнда өңдеуші, тау-кен, электр энергиясын өндіру және тарату салалары басым. Өнеркәсіптің негізін 18 ірі ұйым құрайды. Экономиканың өндіріс секторы Қарағанды қаласы бойынша барлық өндірілетін өнімнің 70 пайызын шығарады. Ауданда тамақ өнімін өндіретін 20-ға жуық ауыл шаруашылық өнімін өңдеушілер орналасқан. Ұн, нан, макарон өнімдері, маргараин және май, кәмпит, сыра, шарап, сусын, балық, шұжық, сүт өнімдері, тауық еті шығарылады. Кен жабдықтары, бақылау-өлшеуіш құралдарын шығаруға мамандандырылған, көлік құрылысы және электр жабдығын өндіретін 6 ірі (Қарағанды құю-механикалық, кен-көлік жабдықтарын жөндеу, энергия, №1 машина жасау зауыттары ) және орта мекемелер орналасқан. 4 ірі жылу, газ, сумен қамту кәсіпорындары қаланың басты қызмет көрсетушілері болып табылады. Жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындары – «Қарағанды Жылу» ЖШС, «Қарағанды Жарық» ЖШС, «Евразиан Фудс» АҚ, «Қарағанды-Нан» корпорациясы» ЖШС, «Эфес Қазақстан» ШК АҚ, «Қарағанды кәмпиттері» АҚ, «Қарағанды-Су» ЖШС, «Имсталькон» Қарағанды металл конструкциялар зауыты” ЖШС және тағы басқалары.
Құрылыс индустриясы негізінен бетон, темірбетон өнімдерін, кірпіш, блок материалдарын, қазіргі заманғы құрылыс материалдардан есік, терезе, құбырлар өндіреді. Ауданда респулика банктерінің 20-ға жуық филиалы қызмет жасайды. Сондай-ақ, қаржылық қызметпен 100-ге тарта ұйым айналысады. Көлік және байланысты 2 ірі, 13 орта және 202 шағын көлік ұйымы жүзеге асырады. Құрылыста басым үлес жекеменшік түріндегі нысандарға тиесілі. Шағын және орта кәсіпкерлер субъектілерінің саны 15 мыңға жуық. Ірі инвестициялар тартумен шағын және орта бизнес нысандарын дамыту және салу жалғасуда.
Ертең
Ертеңнің еншісіндегі істер де елдің игілігін көздемек. Облыс орталығынының негізін құраушы би атындағы аудан келешекте әлеуметтік-экономикалық дамуын жалғастыра бермек.
Айталық, экономикалық дамуға келсек, импортты алмастыру үшін жаңа кәсіпорындардың қажеттілігіне зерттеулер жасалған. Зерттеулерге сүйенсек, қаланың медициналық ұйымдары бойынша медициналық өнімдерге қажеттілігі 1000-нан астам, (оларға : УДЗ, ЭКГ үшін қағаз, хирургиялық жібек, этибонд, перифериялық көктамырларға катетерлер және т.б), шыны шөлмектер, шөлмектерге қақпақтар, өндіріс жабдықтарына бөлшектер, ферменттер, хмель, тоңазытқыш құрылғылар; болат, кірпіш, тік жапсарлы құбырлар, пештерге бөлшек-жабдықтар және өзге де 5000 атаулы тауарларға қажеттілік белгілі болған. Осы орайда бүгінгі таңда инвестиция тартып, жаңа өндірістердің ісе қосылуын жүзеге асыру жоспарда.
Әлеуметтік салада балабақшалар құрылысы да назарда. Тұрғын үймен қамту да ұмыт қалған жоқ. Ресми жария етілген мәліметтерге сүйенсек, бұл күні «Панель Центр» шағын ауданындағы несиелік тұрғын үйлер құрылысын тәмамдау – маңызды. Биыл үй тапсырылғанда қарағандылық 1128 отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болады деп күтілуде.
Бұл – ертеңге жасалған батыл болжамның бірқатары ғана. Жалпы, қолда бар деректер ауданның алдағы уақытта уақыт көшінен қалмайтындығынан хабар береді.
Дерек
2016 жылы 172866 шаршы метр баспана пайдалануға берілді, өткен 2015 жылмен салыстырғанда 11 % артық, оның ішінде бюджеттік қаражаттар есебінен 32193 шаршы метр тұрғын үй берілді. «Өңірлердің 2020 жылға дейін дамыту» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында баспананы келешекте сатып алу мен жалдау және жеңілдікпен несие беру тетіктерін пайдалануға орай мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға зәру есебінде кезекте тұрғандар санатынан 218 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді.
2016 жылы ауданымызда әлеуметтік маңызы бар құрылыстар бойынша жұмыстар жалғасын тапты. 320 орындық «Шаңырақ» атты мемлекеттік балабақшасы өз есіктерін айқара ашты, «Кең дала» шағын ауданында 1200 орындық жалпы білім беретін мектеп салынды.
Ауданның тұрғын қоры 1487 көпқабатты үйлерден тұрады, оның ішінде 1418 үй орталық жылу қазандығынан жылытылады, 5 үй жеке қазандықпен және 64 үй жылыту пешін қолданады. 2016-2017 жылғы жылыту маусымына барлық үйлер уақытылы қосылды және жылумен қамтамасыз етілді. Мемлекеттік «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында Шахтерлер даңғылы – Республика даңғылы жылу тораптары учаскелері ауыстырылды. Облыстық бюджет есебінен бөлінген «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша Ермеков көшесінен Газалиев көшесіне дейін жылу тораптарының учаскелері ауыстырылды.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА