Бас тақырыпОблыс әкімі

Азық-түлік бағасына – айрықша назар

Әлеуметтік маңызы бар 19 атаулы азық-түліктің жыл басынан бері 4 өнімінде қымбаттау байқалды. Олардың қатарында сары май, сәбіз, пияз және қарақұмық бар. Аталған азық-түліктің қымбаттауын құзырлы орындар өнімнің маусымдық сипатымен байланыстырады. Аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК өткізген аппарат мәжілісінде сөз болған бірінші мәселе осы – азық-түлік бағасы.

БАҒА – БАҚЫЛАУДА

Облыстық статистика департаментінің басшысы Жанат Садықованың мәлімдеуінше, сары май – 4,7%-ға, сәбіз – 5,3%-ға, пияз – 1,4%-ға және қарақұмық жармасы–3,2%-ға қымбаттады. Ал, қант – 3,0%, қырыққабат – 2,2%, күріш– 2,2%ға арзандаған. Осының нәтижесінде тұтынатын азық-түлік тауарларының индексі 100,3 пайызды көрсеткен. Бұл – республикалық көрсеткіштердің деңгейінде, – дейді департамент басшысы.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашев облыс бойынша бағаның одан әрі өсуіне жол бермеу және оны тұрақтандыру мақсатында Үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша қысқа мерзімді және орта мерзімді шаралар пакетімен қарастырылған іс-шаралар жүргізілуде екенін атады.

– Сәбіз бен пияз бағасының өсуіне маусымдылығы мен сақтауға жұмсалған шығындар, сары май және қарақұмық бағасының өсуіне – әкелінетін өнімнің жоғары бағасы себеп. Көкөніс өнімдері бағасының өсу үрдісіне байланысты біз орамжапырақ, картоп және пияздың тауарлық интервенциясын жүргізу қажеттілігі туралы тиісті хаттарды жолдадық. Осы өнімдерді сауда нүктелері арқылы сату жөніндегі жұмыс қалалар мен аудандар әкімдіктерімен бірлесіп жалғасатын болады, – деді басқарма басшысы. Өнім өндірушілермен жасалған меморандум аясында тауар бағасының тұрақтылығы ұдайы бақылауда болатындығын жеткізді.

31 ЕЛДІ МЕКЕН ИНТЕРНЕТКЕ, 53 АУЫЛ ҰЯЛЫ БАЙЛАНЫСҚА ҚОСЫЛАДЫ

 Аймақтағы цифрландыру жөнінде ақпараттандыру, мемлекеттік қызметті көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Рүстам Байжанов баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, облыста цифрландыруды дамыту 11 стратегиялық бағыт бойынша іске асырылады және іс жүзінде барлық саланы қамтиды. Денсаулық сақтау саласында құжат айналымы электронды түрге ауысты. Алғаш рет жасанды интеллект пен нейрожелі негізінде 15 аномалияны анықтауға қабілетті суреттерді талдау жөніндегі жоба іске асырылуда.

Өткен жылы сандық жобаларды іске асыру ерте кезеңде онкологиялық дерттерді анықтауды 6%-ға, туберкулезді ерте анықтауды 71,5%-ға, өкпе обырын ерте кезеңде анықтауды 21,8%-ға арттыруға мүмкіндік берді. ЭКГ телеметрияларын пайдалану есебінен миокард инфарктінен 185 адам құтқарылды, «Д» есепке алу бойынша қамту 67%-ға артты.

 Білім беруде облыстың барлық мектептері бірыңғай ақпараттық жүйе кешеніне қосылған.

Облыстың мектепке дейінгі ұйымдарының 68,5% (534-нің 366-сы) балабақшаларға өтініш және кезектілік беру, мектептерге балаларды қабылдау мемлекеттік қызметтері толығымен автоматтандырылған. Облыстың барлық мектептері электрондық мектеп журналын жүргізеді.

ТКШ саласында жылумен жабдықтау қызметтерінің сапасын мониторингілеу жүйесі құрылды. Облыс орталығында деректерді онлайн-берумен үйге ортақ жылу есептеу құралдарымен қамтамасыз ету – 94%, облыс бойынша – 89% құрады.

Электр энергиясы бойынша бұл көрсеткіш -100% құрады.

Қоғамдық көлік саласында жеке қаражат есебінен облыс орталығында электрондық диспетчерлендіру жүйесін енгізу жүргізілуде. Іске қосу биылғы жылдың бірінші тоқсанында күтілуде. Ауыл шаруашылығында «Смарт ферма» және егіншілік элементтерін енгізумен пилоттық жобалар іске қосылды.

 Құрылыс саласында облыстың барлық инженерлік коммуникацияларының 51%дан астамы цифрландырылды. Әлеуметтік салада облыстың 5 мектебінде «Азаматтың әлеуметтік картасы» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда.

– Мемлекеттік қызметтердің 90%ын электрондық форматқа ауыстыру үшін ағымдағы жылы Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруға, артық құжаттарды сұратуды мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау арқылы болдырмауға мүмкіндік беретін «Қарағанды облысының мемлекеттік қызметтерін автоматтандыруға арналған Платформа» бірыңғай ақпараттық жүйеесін құру жоспарлануда.

Цифрлық Жібек жолын дамыту шеңберінде ағымдағы жылдың соңына дейін 31 ауылдық елді мекен кеңжолақты Интернетке, ұялы байланысқа 53 елді мекен қосылады. Биыл біз 7 млрд. теңгеден астам жеке инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. «Транстелеком» АҚ Қарағанды және Жезқазған қалаларында деректерді өңдеу орталықтарын салуды жоспарлауда, – дейді басқарма басшысы.

 Өткен жылдың қараша айында «Senim109» бірыңғай үйлестіру орталығын іске қосу «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мен цифрландыру жобасының бірі.

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек осы орайда қала әкімі Нұрлан Әубәкіровке көліктерде электронды төлем жасау жөніндегі жұмыстарды ақпан айының соңына дейін мәреге жеткізуді міндеттеді.

ҚЫСТАҒЫ ЖОЛДЫҢ ЖАҒДАЙЫ – ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАУДА

 Республикалық маңыздағы көлік жолы бойынша облыс үшінші, облыстар арасында бесінші орын алады. Биылғы жылы облыстағы барлық маңыздағы жолдарға 8,2 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаражатқа жолдың барлық жағдайы қарастырылады. Яғни, жөндеуі, ұстауы, құрылысы секілді тармақтарды қамтиды.

Облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Әскербек Халтоновтың мәлімдеуінше, жалпы облыстағы жолдардың желісі 12400 шақырымды құрайды. Облыс жолдарының елдегі үлесі – 13 пайыз шамасында. Бүгінгі таңда ауа райының қолайлы жағдайымен байланысты қаланы, аулаларды, жолдарды қардан тазалау жұмыстары тәулік бойына жүргізілуде. Арнайы техника мен қосымша жұмыс қолы жұмылдырылған. 27 қаңтардан бүгінге дейін 386 мың текше метр қар сыртқа тасылып шығарылыпты. Республикалық, облыстық маңыздағы жолдар бүгінгі таңда ешбір шектеусіз ашық. Алайда, «Қазгидрометтің» болжамынша, осы аптада тағы да қар жауып, жел күшейеді. Осы орайда қала, аудан әкімдерге дайын болуды тапсырды аймақ басшысы.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button