Басты тақырып

Азық-түлік қауіпсіздігіне кім кепіл?

   «Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет. Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді».

Қазақстан Республикасының

Президенті

Н.Назарбаевтың

Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» 

Жолдауынан.

   Азық-түлік қауіпсіздігі дегенде, мәселенің басы  ең әуелі – тамақ өнеркәсібіне, содан соң, оның арғы жағында құлағы қылтиған –  ұқсатушы өнеркәсіптерге, одан, тіпті әрірек,  агроөнеркәсіп кешеніне барып тұйықталады. Ошақтың үш бұты – бұл үштік бекем болмайынша, олар жаққан оттың экономика қазанын қайнатар-қайнатпасы неғайбыл. Оны да қойшы. Азық-түлік қауіпсіздігінен ұлт қауіпсіздігі көрінеді. Ең өзектісі – сол. Бұл орайда, зерттеуші ғалымдардың зар қағуы бекер емес. Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігін тар, тұрмыстық түсінікте   емес, оны ұлт қауіпсіздігіне қатысты кең ауқымда қараған жөн.

Өйткені, бұған дейін Елбасы әлемдегі үшінші сын-қатер ретінде  «жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерді»  атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында да ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен  экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуіне «Алтыншы» басымдық берілді. Бұл – басымдыққа негіз болар себептер бар.  Азық-түлік қауіпсіздігін айтқанда, күнделікті алдымыздағы асымыздың адал-арамдығы тіл ұшына оралады. Ал, түп төркінінде бүтін мемлекеттің басын тасқа да, тауға да соқтырар сойқан  жатыр. Әңгіменің әлқиссасын тіршіліктегі азық-түлік қауіпсіздігінен басталық…

 

«Ауру – астан» деген атам қазақтың білгені бар. Ескі жараның аузын қайта тырнап қанатқымыз жоқ. Бірақ, бүгінде осы азық-түліктен қайғылы оқиғалар  белең алғаны баршаға аян. Мұның сыртында жалпақ жұрттың күнделікті кездестіретіні қанша? Шұжықтың ортасынан сым, нанда темір-терсек тауып алып, бұқара әлеуметтік желілерге жиі жіберіп отырады. Ненің көрсеткіші? Әлбетте, қазаннан қақпақ жоғалған соң, иттен ұят кеткені. Бұл – өз ішімізде болып жатқан жайттар. Ал, шекара асып келетін азық-түлік ше? Мұны күндіз-түні кірпік қақпай қадағалаулы деп бірде-бір ұйым кесіп айта алмайды. Отандық нарықтағы астың сапасы көбіне-көп талапқа жауап бермейтінін айтудан һәм жазудан ғалымдардан бастап, тілшілерге дейін жалыққан емес. Зерттеушілердің айтуынша, «бүгінгі таңда отандық өнімдер нарығына сақтау мерзімі, адам денсаулығына, қауіпсіздік сапаларына жауап бермейтін, көп жағдайда генетикалық түрлендірілген шикізаттардан жасайтын импортты өнімдер келіп түсуде». Сондай-ақ, ғалымдар «мұндай факторлардың орын алуы тамақ өнімдерінің сапасына мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесінің тиімсіздігінен болып отыр, яғни, елімізге әкелінетін тамақ өнімдеріне, балалар тамақтарына, гендік түрлендірілген организмдердің, тамақ қоспалары мен бояғыштардың, биологиялық белсенді қоспалардың айналымына әлі де болса бақылаудың күшейтілуін талап етеді» дейді. Келіспеске шара жоқ. Ал, сырттан сұрамай, өзіміздің отандық азық-түлік, тағамдарды толық тұтынуға мүмкіндік  жоқ. Өйткені, өзіміздің тамақ өнеркәсібі ішкі нарықты 100 пайыз жаулаған емес.  Импортқа тәуелділік азық-түлік сапасына ғана емес, оның өндіруші, ұқсатушы агроөнеркәсіпкешеніне де кері әсерін тигізетіні және бар.

Қолда бар деректер  әлемнің, тек, 7 елі өзін-өзі азық-түлікпен 100 %-ға қамтамасыз ететінін айтады.  75 елде –70-80 %, ал 1 млн. халқы бар 50 ел өзін азық-түлікпен 50-60 %- ға қамтамасыз еткен. Біздің отандық  кәсіпорындар тұтынушыларының 30-40 пайызға жуығын ғана қамтыса керек. Әйтсе де, отандық ғалым М.Кенжеболатованың айтуынша, бір қателікке бой алдырады екенбіз. Қандай?

«Бұдан қорытынды жасасақ, азық-түлік қауіпсіздігі туралы сөз болғанда, біз көбінесе отандық өнімдер көлемінің халықтың тұтыну сұранысын қанағаттандыруы тұрғысынан қараймыз да, оның шешуші көрсеткіші – халықтың сол өнімдерге экономикалық тұрғыдан қол жеткізу мүмкіндігін, яғни, олардың бағасының халықтың табысына сәйкес болуын ескере бермейміз. Демек, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді ұлғайтумен қатар, халықтың әл-ауқатын жақсартуда да экономикалық даму тетіктерін жүйелі үйлестіре жүргізу қажет. Бұл мәселені жүзеге асыруда төмендегідей жағдайларды ескеру қажет сияқты. Еркін нарық жағдайында кез келген тауарға баға сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы негізінде реттеледі деген түсінік бар екені белгілі.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, нарықтық экономика жолымен дамыған елдерде экономикалық жүйенің толыққанды жұмыс істеуі үшін тек қана ерікті баға саясаты жүргізілмейді. Әлеуметтік-экономикалық маңызы зор, соның ішінде халыққа аса қажет азық-түлік түрлерінің бағалары мемлекет тарапынан тікелей де және жанама жолдармен де үнемі реттеліп отырады» деп жазады ғалым. Сөйтіп, дамыған елдер тауар өндірушілермен қатар, тұтыншушыларды да қолдауға, сол арқылы импортты ығыстыруға тырысса керек. Жасыратыны жоқ, қазір біздің агрокешен тек шикізат шығарумен ғана айналысып отыр. Сондықтан, Елбасы Жолдауда «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда, қазір ол жеткіліксіз.

Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет. Бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды» деп агрокешенге ақылды технологияларды тартуға баса мән берді.

Жалпы, азық-түлік қауіпсіздігі  – ол отандық сапалы және таза өнімдердің ел ішінің 80 пайызын қамтуы. Бүгінде ондағы технологияның жоқтығы, мал шаруашылының баяғы, қарабайыр үрдісі секілді себептер бұл кешеннің кежегесін кері тартып отыр. Зерттеушілердің мәлімдеуінше, өткен ғасырдың  70-80 жылдарының өзінде Германия, Франция, Швеция, АҚШ елдері азық-түлік қауіпсіздігіне бағытталған шараларда алдымен фермерлердің құқығын ерекше қорғайтын заңдар қабылдапты. Сол арқылы аграрлық саласының айын оңынан тудырған  көрінеді.  Еліміз дүние жүзінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін негізгі 25 мемлекеттің қатарынан табылып,  өзінің ресурстық әлеуеті жағынан қазіргі деңгейден 3-5 есе артық өнім өндіруге мүмкіндігі бар деседі. Ендеше, сол мүмкіндікті неге мүлт жіберудеміз?

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғалымдар жиі айтатын «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» арнайы заң, «Азық-түлік қауіпсіздігі комитетін» құратын күн осы шығар, сірә. Мәселен, мына қоңыр аюлы көршіміз – Ресей 2010 жылы «Азық-түлік доктринасын» қабылдапты. Қытай  2011 жылы азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы қылмыс үшін өлім жазасын енгізіпті. Дүние жүзіндегі елдің 95 пайызы азық-түлігінің қауіпсіздігін ойлап, осындай заң-зәкүндерін қабылдап, шегелеп, шегендеп тастапты. Демек, ғалымдардың зар илеуі тегін емес. Содан кейін барып,  агро­өнеркәсіпкешенінің дамуы – азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі десек, келісерсіз.

 

 Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Cурет интернеттен алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button