Жаңалықтар

«Азияның Нью-Йоркі»

Астана – Орта Азиядағы заманауи архитектурасы мен инфрақұрылымы ерекше қала. «Бәйтерек» мұнарасы, «Бейбітшілік пен келісім сарайы» сияқты нысандар шетелдіктерді таңғалдыратыны рас. Заманауи, қауіпсіз және қонақжай қала ретінде көптің көңілінен шығады. Қиындықтарға қарамастан, өзге елден келгендердің көпшілігі мұнда өмір сүрудегі жайлылықты ұнатады және болашақ жоспарларын Елордамен байланыстырады.

Сурет finratings.kz

Брэндон Пирт, АҚШ-тың Қазақстандағы өкілінің орынбасары:

«Астана – ультра-заманауи қала және өмір сүруге ыңғайлы орын. Адамдары мейірімді әрі қонақжай. Менің екі кішкентай балам бар. Қазақстандықтардың балаларын тәрбиелеуге қаншалықты мән беретінін және олардың болашағына инвестиция салатыны мені таңғалдырды.
Табиғат – Қазақстанға тартатын тағы бір аспект. Біз Юта штатынанбыз, ол өзінің керемет ландшафттары мен кең ашық кеңістіктерімен танымал. Қазақстанның табиғи көріністерінің фотосуреттерін көргенде, олар маған үйімізді еске салды. Мен Астанада тұратыныма бақыттымын. Бұл – жас отбасы үшін тамаша қала».

Ахмед Магди, мысырлық инженер:

«2015 жылы Астанаға құрылыс жобасына қатысу үшін уақытша келдім. Бір жылдан кейін қалаға үйреніп, жергілікті тұрғындардың көмегімен бейімделіп кеттім. Құрылыс жобасы аяқталған соң әріптестерім Мысырға оралды, бірақ, мен Астанада қалуды шештім. Тіл үйрену арқылы кәсіби мүмкіндіктерім кеңейді.
Тоғыз жыл өтсе де, өзімді Астанада үйімде жүргендей сезінемін. Қала тұрғындарының қонақжайлығы мен басқа мәдениеттерге деген қызығушылығы мені таңғалдырады. Қазақтардың өз мәдениетіне мақтанышпен қарайтыны маған отандастарымды еске салады.
Қазақстанның тағамдары ерекше дәмді және басқа елдердің дәстүрлі тағамдарынан өзгеше. Мерекелер мен тойлар өте көңілді өтеді, барлық жастағы адамдар белсенді қатысады. Жақында өткен көшпенділер ойындары қонақжайлық пен дәстүрлерге деген құрметтің айқын дәлелі болды».

Билкис Бахари, малайзиялық журналист:

«Астананы Азияның Нью-Йоркі деп атауға болады. Қала тыныш, бірақ, заманауи. Қаладағы мәдени өмір – опера, балет, мейрамханалар – мені қуантады. Есіл өзенінің бойымен серуендеу – сүйікті ісім. Мен телеарнада ағылшын тілді жаңалықтар продюсері және сұхбат бағдарламаларының жүргізушісімін. Астанадағы өмір Куала-Лумпурдағы өмірден бөлек. Бұл жер менің туған жерімнен әлдеқайда тыныш, мен одан ләззат аламын. Оның үстіне қыс айларына да үйрендім.
Мен әдетте достарыммен дәмді тағамдар үшін мейрамханаларға барамын. Оның үстіне «Астана Опера» мен «Астана балет» театрларына жиі барамын. Астанада екі жыл өмір сүргеннен кейін қазақтар мен малайзиялықтар арасындағы көптеген айырмашылықтарды байқадым. Біз көп жағынан ұқсаспыз, бірақ, біз ерекшеленетін көптеген сәттер бар.
Біздің мәдениеттеріміздің ұқсастығының мысалы – отбасына деген көзқарас. Малайзияда да, Қазақстанда да отбасы өмірде маңызды орын алады, ал, үлкендерді құрметтеу дәстүр мен менталитетке байланысты. Сондай-ақ, малайзиялықтар қазақтар қонақжай, бұл шетелдіктерге жаңа елде өздерін үйдегідей сезінуге көмектеседі».

Дайындаған Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button