Қазақстан хоккейшілері қатарынан екінші рет Азия чемпиондары атанды
Хоккейден Қытай астанасы Бейжіңде өткен Азия чемпионаты тәмам. Отандастарымыз биыл да қарсыластарын қапы қалдырып, екінші мәрте Азия чемпиондары атанды. Сонымен қатар, ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубының ойыншысы Иван Степаненко турнирдің «Үздік қорғаушысы» атанды. Сонымен қатар, чемпионаттың «Үздік сұрмергені» мен «Үздік қақпашысы» атағы да ұлттық құрама ойыншыларына бұйырды.

Чемпионатқа былтырғыдай төрт команда қатысқан. Сол себепті жарыс форматы да өзгеше болды. Яғни, плей-офф, жартылай финал немесе финал өткізілген жоқ. Барлық команда бір-бірімен кездесіп, өзара мықтыны анықтады.

Отандастарымыз бірінші кездесуінде Оңтүстік Корея құрамасын жеңген болатын. Екіншісінде Қытайға қарсы ойнап, 5:1 есебімен ойсыратты. Ал, соңғы ойында Жанопияға қарсы өткізіп, 4:3 есебімен басым түсті. Бұл ойында «Сарыарқа» хоккей клубының шабуылшысы Александр Борисевич үшінші голды салып, командасын жеңіске бір табан жақындатқан болатын. Осылайша, отандастарымы үш кездесуде ұпай жоғалтпай, екі дүркін Азия чемпиондары атанды.

Турнир қорытындысы бойынша Иван Степаненко «Үздік қорғаушысы» атанды. Өзі Қытай мен Жапония құрамасына қарсы өткен ойында айдынға команданың бірінші қорғаныс звеносында шыққан. Турнир қорытындысы бойынша үш шайба салыпты. Ал, Александр Борисевич те бірінші шабуыл звеносында өнер көрсеткен. Өзі қос кездесуде де белсенділік танытқан. Әрі команданың белді ойыншысы. Өзі барлық кездесуде айдынға шығып, төрт ұпай еншілеген. Яғни, бір шайба салып, үш голдық пас беріпті.

Ұлттық құраманың шабуылшысы Максим Мусоров болса «Турнирдің ең көп ұпай жинаған» әрі «Үздік сұрмерген» ойыншысы атанды. Отандасымыз үш ойынның қорытындысы бойынша жеті ұпай иеленген. Бір шайба салып, алты нәтижелі пас шығарған. Осы тұста қақпашы Роман Калмыковтың да еңбегін баса айтқан жөн. Олай дейтініміз, отандасымыз үш кездесуде небәрі алты шайба ғана өткізіпті. Яғни, пайызға шақсақ, қақпаға бағытталған қауіпті соққының 90,4%-ын тойтарған.
Осылайша, Ұлттық құрама биыл да қарсыластарынан басым түсті. Бұл жолы оңтүстік Корея құрамасы ІІ орын иеленсе, қола жүлде жапондарға бұйырды. Ал, Қытай құрамасы үш кездесуінде де жеңіліп, биылғы Азия чемпионатын ұпайсыз аяқтады.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



