Азия ойындарында жеңіске жеткен қарағандылық спортшылар марапатталды
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Қытайда өткен IX қысқы Азия ойындарында ел намысын қорғаған Владислав Киреев пен хоккейші Александр Борисевичті қабылдап, жарқын жеңісімен құттықтады.

Салтанатты шараға облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Қобжанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен Олимпиадалық спорт түрлері бойынша Жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің басшысы Темірхан Абылаев қатысты. Отырыс барысында спортшыларды қолдау мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығы айтылды.
– Қарағанды – спортшылардың ордасы екенін тағы бір дәлелдедіңіздер. Сіздердің жеңістеріңіз келешек жастарға үлкен өнеге. Жастар сіздерге қарап бой түзейді. Спортқа әуестенеді. Әрқайсыңыздың жетістіктеріңізді қарап отырсам, тәжірибелеріңіз жеткілікті екен. Алдағы уақытта Олимп шыңын бағындырасыздар деген үміттемін. Жаттықтырушыларыңызға да алғыс айтамын. Бұл жеңіс – сіздердің де еңбектеріңіз, – деді Әлібек Үсенұлы.
Қытайдың Харбин қаласында өткен қысқы Азия ойындарында жеңімпаз атанған ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қарағандылық биатлоншы Владислав Киреевке 2,5 млн теңгенің, жаттықтырушысы Раис Хайрутдиновке 1,5 млн теңгенің сертификатын табыс етті. Сондай-ақ, ҚР спорт шебері, хоккейші Александр Борисевич пен жаттықтырушысы Владимир Николаевичке 1,5 млн теңгеден берілді.
Материалдың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz