Спорт

Азия ойындары: боксшылар бәсекесі тәмам

Бокстан Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарынан алтын медальсіз қалды. Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте IX сатыда тұр. Еншімізде екі күміс және үш қола.

 

Аса ауыр салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Қамшыбек Қоңқабаев финалдық жекпе-жекте Токио олимпиадасының жеңімпазы, екі дүркін әлем, үш дүркін Азия чемпионы Баходир Жалоловтан жеңіліп, Азия ойындарының күміс жүлдесін еншіледі.

Айта кетейік, отандасымыз Ханчжоудағы бәсекенің ширек финалда Бахрейн боксшысы Данис Латыповтан басым түсті. Одан кейін үндістандық Нарендерді айқын басымдықпен жеңіп,ақтық бәсекеге жолдама алған еді. Әрі отандасымыздың еншісінде Париж олимпиадасының жолдамасы бар.

57 келі салмақ дәрежесінде қолғап түйістірген Карина Ибрагимова ақтық кезеңде Әлемнің екі дүркін чемпионы Тайбэй боксшысы Ю Тин Линнен жеңіліп қалды.

Сонымен қатар, 71 салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Асланбек Шымбергенов, 92 келідегі Сағындық Тоғамбай және 66 салмақтағы Наталья Богданова Азия ойындарының қола жүлдегерлері атанды.

Жалпыкомандалық есепте Қытай боксшылары көш бастады. Қоржындарында бес алтын, екі күміс және екі қола медаль. Ал, екінші сатыда үш алтын және екі күміспен – Өзбекстан құрамасы. Қытайлық Тайбэй құрамасы да бір алтын, екі күміс және екі қола иеленіп, үздік үштікті түйіндеді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button