Азия чемпиондарына – әкім құрметі
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Қытайда өткен IX қысқы Азия ойындарында ел намысын қорғап, чемпион атанған биатлоншы Владислав Киреев пен хоккейші Александр Борисевичті қабылдап, жарқын жеңісімен құттықтады. Сонымен қатар, жаттықтырушылары Раис Хайрутдинов пен Владимир Князевке де алғысын білдіріп, ақшалай сыйлық табыстады.

Қабылдауда облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен Олимпиадалық спорт шеберлігі мектебінің басшысы Темірхан Абылаев қатысты.
– Қарағанды – спортшылардың ордасы екенін тағы бір мәрте дәлелдедіңіздер. Сіздердің жеңістеріңіз – келешек жастарға өнеге. Сіздерге қарап бой түзейді. Спортқа әуестенеді. Әрқайсысыңыздың жетістіктеріңіз көңіл қуантады. Алдағы уақытта Олимпиада шыңын да бағындырасыздар деген үміттемін. Жаттықтырушыларыңызға да алғыс айтамын. Бұл еңбектеріңіздің жемісі, – деді Әлібек Үсенұлы.
Жерлесіміз Владислав Киреев қысқы Азия ойындарынан екі медаль еншілеген еді. Әуелі жерлесіміз жекелей сында қарсыластарын қапы қалдырып, алтын алған. Араға күн салып, ерлер командасымен жалпы есепте ІІ орын иеленді. Жалпы, спортшы аталған спорт түрімен 13 жылдан бері шұғылданып келеді. Бірақ, бұл алтын халықаралық турнирден алғашқы жүлдесі екен.
– Халықаралық турнирлерге жасөспірім шағымнан шыға бастадым. Кейін ұлттық құрама сапына кіріп, 2022 жылы Пекинде өткен XXIV қысқы Олимпиада ойындарына қатыстым. Биыл қысқы Азиада ойындарында бағымды сынап көрдім. Жарыс барысында ауа райына үйренісе алмадық. Әсіресе, жекелей сында біршама қиындық туды. Қатты желдің салдарынан оғымыз нысанаға дәл тимей де жатты. Бірақ, соған қарамастан күш-жігерімді салып, қарсыластарымнан басып оздым. Ал, қарсыластарымның осалы жоқ. Қытай, Жапония мен Оңтүстік Корея спортшылары әлем кубогынде бақ сынап жүрген тәжірибелі спортшылар, – деді Владислав Киреев.
Александр Борисевич болса, «Сарыарқа» хоккей клубының ойыншысы. Жерлесіміз ұлттық құрама сапында жастар және кіші жасөспірімдер санатында жүргенде өткен. Сол уақытта бірнеше мәрте әлем чемпионатына, халықаралық және басқа да ірі байқауларға қатысып, жүлделі орын иеленген. Бүгінде ересектер арасында ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Ақ Азияда ойындарында қарағандылық хоккейші қарсыластар қақпасына үш гол салып, команданың жеңісіне сүбелі үлес қосты.
– Бәріміз жеңіс үшін күш салдық. Қазір хоккейден маусым жалғасуда. «Сарыарқа» клубы плей-офф кезеңінде. Финалға шығу үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Сонымен қатар, алдағы уақытта ұлттық құрама сапына іріктеу жүреді. Егер маған тағы да осындай мүмкіндік берілсе, барымды салып ойнаймын, – деді хоккейші.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО