Азия чемпионаты: Қарағандының үздік хоккейшілері ұлттық құрама сапында
Қытайдың Бейжің қаласында хоккейден Азия чемпионаты басталды. Аталған додада қазақстанның ұлттық құрама командасы да өнер көрсетпек. Мұз айдынына шығатын жігіттердің қатарында қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубының төрт бірдей ойыншысы да бар. Олар 20-23 аралығында ұлттық құрама жейдесінде өнер көрсетіп, ел абыройы үшін барын салмақ.

Ұлттық құрама сапына шабуылшы Александр Борисевич пен Артем Лихотников, және қос қорғаушы Эдуард Михайлов пен Иван Степаненко шақыртылған. Жалпы, қос шабуылшының ұлттық құрама сапындағы көрсеткіштері жаман емес. Атап айтсақ, былтыр Александр былтыр да ұлттық құрама жейдесінде Азия ойындарында ойнаған. Сол уақытта алты ойын өткізіп, екі шайба салған. Әрі нәтижелі сегіз пас берген. Сонымен қатар, биыл Олимпиада ойындарының төртінші кездесуіне де қатысыпты. Ал, Артем былтыр ұлттық құрама жейдесінде Азия ойындарына, әлем чемпионатына және Олимпиада ойындарының төртінші кезеңінде, жолдастық кездесулерге қатысып, 17 ойын өткізген. Нәтижесінде, төрт шайба салып, 19 нәтижелі пас шығарған. Тәжірибелі әрі шыңдалған «Сарыарқаның» қос шабуылшысы биыл да үздік өнер көрсетеді деген үміттеміз.

Сонымен қатар, жергілікті клубтың қос қорғаушысы Эдуард пен Иван да епті әрі шапшаң ойыншы. Ұлттық құрама сапында біршама жылдан бері тұрақты шақыртылып келеді. Әрі осы төрт ойыншының денсаулығын қадағалап, күтіп қарауға штабтан дәрігер Иван Журбин мен массаж маманы Вадим Пономарев те қоса аттанған.
Ұлттық құраманың бірінші ойыны Оңтүстік Кореяға қарсы өтпек. Одан кейін 22-қарашада – Қытайға, 23-інде – Жапонияға қарсы ойнайды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



