Азия чемпионаты: Қарағанды қоржынында – 6 медаль
Тайланд астанасы Бангкокта өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Қарағанды облысынан барған жеті спортшының алтауы жүлделі орыннан көрінді. Байрақты бәсекеде Үндістан, Қытай, Тайланд, Қазақстан, Иран, Жапония, Филиппин, Тайвань, Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Қырғызстан, Өзбекстан, Индонезия және Катардың ең үздік жас боксшылары бақ сынады.

Алтын медальды қарағандылық Расул Асанханов (90 кг дейін) пен Гүлназ Бүрібаева (48 кг) жеңіп алды.
Расул алғашқы жекпе-жегінде үндістандық қарсыласына жол бергенімен, екінші және үшінші кездесулерінде айқын басымдық танытып, турнир жеңімпазы атанды.
Гүлназ Бүрібаева финалда өзбекстандық боксшымен күш сынасты. Тартысты өткен жекпе-жекте басым түсіп, алтыннан алқа тақты.
Күміс жүлдені Тимур Тайбеков (80 кг дейін), Нұрсұлтан Қыстаубай (85 кг дейін) және Аяжан Ермек (57 кг) еншіледі.
Қола медаль иегері — Алина Құдайгенова.
– Әр кездесу өте шиеленісті өтті. Жеңіс ешкімге оңайлықпен келген жоқ. Дегенмен қыздарымыз лайықты өнер көрсетті. Бар күш-жігерлерін сарп етіп, жеңіс үшін аянып қалмады. Нәтижесіне көңілім толады, – дейді Қарағанды облысының қыздар құрамасының аға жаттықтырушысы Айжан Ходжабекова.
Қарағандылық боксшылар алдағы уақытта Қазақстан чемпионатына дайындалып, одан кейін Әлем кубогы мен әлем чемпионатында бақ сынамақ.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz