Бас тақырып

Қазіргінің Ыбырайлары қайда?

Тарихқа көз салсақ, өмірдің әр кезеңінде түрлі мамандық пен өнер иелері тарих сахнасына шығып, елдің рухын көтеруге, мәдениетін жетілдіруге, білімін асыруға, талғамын жоғарылатуға ерекше әсер еткен. Мысалы, хандық дәуір кезеңінде бұл миссияны батырлар мен билер, жыраулар атқарса, XIX ғасырда қожа-молдалар, ағартушы-демократтар өз міндетіне кірісті. Ал, 20 ғасырдың басында бұл жауапты миссия «ұстаздардың» қолына көшті. 60-70-ші жылдары халық жаппай ақын-жазушыларға қарап, бой түзеді. Кітаптарын жаппай сатып алып оқыды. Ал, қазір әншілер мен спортшылар және сықақшылар елге үлгі болып, ақыл айтып жүр. Өйткені, Ыбырай, Мағжандардың дәуіріндегі балалар мұғалім болуды армандаса, Төлеген, Мұқағалилардың кезінде кез келген жас өрен ақын-жазушы болғысы келді. Қазіргілер спортшы, кинорежиссер, әнші, тележүргізуші болғысы келеді. Бұл да өткінші құбылыс…

«Тәрбиелеуде мұғалімнің өзінің не біліп, не істейтіні маңыздырақ. Бірақ, оның ықпалымен шәкірттерінің не біліп, не істейтіні одан да маңыздырақ. Мұғалімдер, міне, осынысымен бағаланады» депті Цицерон ойшыл. Біз ұстаз жөнінде әңгіме қозғалса, Ыбырай Алтынсаринді еске аламыз. Қазақ даласында алғаш қазақ мектебін ашып, ұлтын жарыққа жетелеуге саналы өмірін арнаған тұлға. Ұстаздық қыла жүріп, өлең, әңгіме, мысал да жазды. Түрлі жанрға қалам сермеп, бар мүмкіндігін аяған жоқ. Сол дәуірдегі діни негіздегі руханият өкілдерімен иық тіресе, ағартушылыққа ден қойды. Бар мақсаты – ұлттың санасын ояту, өресін өсіру, дүниетанымын кеңейту еді.

Ыбырай қазақ мектебін ашып, қазақ балаларын оқытып, ұлт интеллигенциясын қалыптастыру үшін, тіпті, христиан дінін қабылдаған деген де дерек бар. Бірақ, өмірінің соңында 100 молда шақырып, қайтадан мұсылман дінін қабылдапты. Ал, орысша оқыған бала еліне қызмет етпейтінін әу бастан түсінген. Тіпті, орысша оқыған қазақ қыздары насыбай ататын, оқымаған қазақтың қара домалақтарын менсінбей, орысқа тұрмысқа шығатынын да алдын ала болжап білген. Оның шығармаларында болашақты болжайтын тұстары да кездеседі. Сондықтан, оның сара жолы бізге қашан да үлгі. Ұлты үшін осындай құрбандыққа бара алатын, «Елім!» деп емешегі үзіліп тұратын ұстаздар керек-ақ.

Бүгінгінің ақын-жазушылары көбіне журналист мамандығын таңдайды. Сол сала жандарына жақын. Телеарналар мен газет-журналдарда жұмыс істей жүріп, шығармашылықпен айналысады. Мұғалімдік жолда жүргендері де жоқ емес. Десек те, қазір мүмкіндік мол бола тұра Ыбырай сынды жанкешті ұстаз-ағартушылар аз.

Қазақ әдебиеті бірнеше кезеңді бастан өткерді. Ыбырай Алтынсариннің өмір сүрген дәуірі одан сондай жанкештілікті талап етті. Сол XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында зиялы қауым өкілдері, яғни ақын-жазушылар ұстаздықты қатар алып жүрді. Өйткені, заман соны талап етті. Сол дәуірдегі кез келген қалам иесін алып қараңыз, бәрі ұстаздық еткен. Бұл оларға өз қарым-қабілетін көрсету мен қалам ұштауға, елмен араласуға, бірге болашаққа ұмтылуға зор мүмкіндік болды. Қазір заман талабына сай, оқу бағдарламалары да өзгерген. Ақын-жазушыларға ұстаздықты алып жүру өте қиын. Бірақ, мұғалімдердің мәртебесі көтеріліп келеді. Егер, сол Міржақып, Ахметтердің дәуіріндегі мұғалімнің қадірі қайтып келсе, ақын-жазушыларды осы салаға қайта тартуға болар еді. Өйткені, олардың бойында ұлттың рухы бар, – дейді ақын, №8 мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қайрат Иманбек.

Шындығында, ақын-жазушылар түрлі әдістемелерге шорқақ болса да, олардың бойындағы патриоттық әрі бірбеткейлік қасиеттер оқушыға ауадай қажет. Егер, алдағы уақытта қалам иелерін мектептерге жұмысқа тарту қолға алынса, бұл өз нәтижесін берері анық. Өйткені, Ыбырай Алтынсарин сынды ағартушы-ұстаздардың салған сара жолы мен негізін қалаған мектебінен көптеген алып өсіп шықты емес пе?.. Бұл – ойланатын мәселе.

«Баланың толық адам болып қалыптасуына үш жағдай әсер етеді. Ата-анасы, ұстаздары және достары. Міне, осы үшеуінің бірі осал болса, баланың тұлға болып қалыптасуы толық болмайды» деген мағынадағы хакім Абайдың сөзі бар. Бұл бала тәрбиесіндегі ұстаздың алатын рөлінің ерекше екендігін көрсетеді. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген ұлағатты сөз де бекер айтылмаса керек-ті.

Жалпы, ұстаз – ұлттың ұстыны. Әр оқушы ұстазынан бар жақсы қасиетті сіңіреді. Оның киім киісі, жүріс-тұрысы, сөз саптауы және басқа да бойындағы ерекшелігі баланың санасына орнап, болашақта ол мұғаліміне ұқсауға тырысады. Айтқанынан гөрі әрекеттері балаға көбірек әсер етеді. Сондықтан да, әр ұстаз білім алушыға білім мен қоса тәрбие бергісі келсе, алдымен өзінің жүріс-тұрысын түзеуі тиіс.

Қазір мұғалімдердің мәртебесін қайта қалпына келтіру үшін түрлі шаралар атқарылуда. Меніңше, баяғы Мағжан, Жүсіпбектердің кезіндегідей ұстаздар қауымының жұлдызды дәуірі келе жатыр. Неге десеңіз, бүгінде ұстаздардың жалақысы өсіп, заманға лайық технологиялармен қамтамасыз етіліп, қағазбастылықтан арылып, қоғамдық жұмыстардан босап, тек сапалы білім мен терең тәрбие беруге жағдай жасалуда. Бұл – өте қуанарлық жайт – дейді №102 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жазира Мұқанова.

Мағжанның «Алты Алаштың баласы бас қосса – төр мұғалімдікі» дегеніндей, ұстаз мәртебесі қашан да биік болуы тиіс. Осы ұстаным ғана бізді ұшпаққа шығарады. «Хан да, қара да ұстаздың алдынан өтеді» дейді халық даналығы. Сондықтан, ата-аналар да ұстаздың мәртебесін көтеруге белгілі деңгейде әсер етуі керек. Мұғалімін үлгі тұтып, сөз арасына қыстырып болса да, оның шәкірт санасындағы болмысын асқақтата бергені жөн.

Байқасақ, етек-жеңімізді жиып, материалдық құндылықтан рухани байлыққа қарай бет бұрып келеміз. Мұғалімдер қауымы да тәрбиелеп жатқан ертеңгі елге ие болатын жастарға талапты күшейткен. Үкімет тарапынан да мұғалімдердің уайымсыз бала санасына білім нұрын егуге жағдай жасауда. Бұл бірден болатын шаруа емес. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, қазіргінің Ыбырайлары туатын уақыт болды. Тұтас қоғам қазір сондай жанкешті ұстаздарға зәру. Өйткені, мұғалімнің бәрі ҰСТАЗ емес…

Қайдасыздар, қазіргінің Ыбырайлары?..

Жалел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button