ӘдебиетБас тақырып

Қазіргінің ӘЛІМХАНДАРЫ қайда?

Алашордашылардың рухының биік, мұратының асыл болуына ұлттық әдебиет жауһарларының әсері мол болғанын байқаймыз. Ұлттық дүниетаным мен ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениет пен тарихты бойға сіңіру арқылы біз кез келген ғылымның шыңына шыға аламыз. Қазақтың шекарасын шегендеп берген Әлімхан ЕРМЕКОВ те қазақтың рухани мұрасына қанып өскені анық.

Шындығында, 70 жыл бодандық санамызды әбден улап, тұралатып тастаған екен. Соған көзім жетті. Әйтпесе, осы кезге дейін Арқа топырағында жастардың арасынан талай Әлімхан шығуы тиіс еді. Ал, біз осыдан бір ғасыр бұрын Әлімхан, Әлихандардың айтып кеткен сөзін аспаннан түскендей енді ұғып жатырмыз. «Уақытты үнемді пайдалан, көкірек көзіңді аш, бос селтеңге құмартпа, ғылым, өнер, кәсіп үйрен» деп алдымен Абай, Ыбырайлар айтса, кейін алашордашылар оны іс жүзінде қолданып, елге насихаттады. Біз әлі жүрміз. Баяғы жартас, бір жартас. Неге? Себебі, рухымыз ұйықтап қалған. Осыншама жердің иесі екендігімізді, оны сақтап тұрудың оңай еместігін әлі жете түсінбей келеміз.

Түгі жоқ жапондар өндіріссіз, ғылымсыз құритынын сезіп, әрекет етті. Қазір әлемді техникамен жаулап отыр.

Әлімхан Ермековтің бірнеше тіл меңгергенін, түрмеде отырғанда абақты қызметкерлеріне түрлі пәннен сабақ бергенін білгенде таң қалмасқа амалың жоқ. Қазір бәрі бар, бірақ нәтиже көрінбейді.

Облыста 34 білім беру ұйымында жаратылыстану-математика бағыты тереңдетіп оқытылады. Бір ғана Әлімхан Ермеков атындағы жаратылыстану-математика бағытын тереңдете оқытатын мектеп-лицейінде мыңнан астам бала оқиды. Математикалық пәндер аптасына бес рет жүргізіледі. Одан бөлек, робот құрастыру, IT, инженерлік жобалау үйірмелері бар. Ал, гидропоника үйірмесінде биология-робот құрастыру-информатика пәндері біріктіріліп оқытылады. Яғни, мұнда дақыл өсіру, инженерлік және есептеуді меңгереді.

– Қазір балалар қияр өсіруде. Карантин талаптарын сақтап, мектепке кезекпен келеді. Жақында өнім аламыз. Алматыдағы физика-математика мектебімен келісімшарт та жасастық. STEM бағдарламасы арқылы тәжірибе алмасып тұрамыз. Ә.Ермеков атындағы аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияны былтыр өткізіп, ғалым атындағы атындағы музей аштық. Осы конференцияны жыл сайын дәстүрлі өткізуді жоспарлап отырмыз.

Ал, Әлекеңнің немересі Олег Ермеков биыл ең үздік 10 оқушыны Англияға тәжірибе алмасу мақсатында шақырып отыр. Болашақ Әлімхандарды даярлауға бар күшімізді салудамыз, – дейді мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әсел Оразбекова.

Дерекке сүйенсек, жыл сайын ҚарУ-дың математика-физика факультетін орта есеппен 400-ге жуық түлек түрлі мамандық бойынша бітіріп шығады. Сонда, олардың барлығы қайда кетіп жатыр?..

Осы факультетте оқып жүрген Ернұр Төкен биыл қолына диплом алатынын айтады. Құрылыс инженері мамандығын бітіріп, құрылыс ошақтарының біріне жұмысқа тұрмақшы. Магистратураға да түскісі келеді. Ал, неліктен математиканы таңдағаны тағы маңызды. Өйткені, мұнда жылына 70-ке жуық грант бөлінеді. Мәселен, Ернұр 76 ұпаймен грантқа түскен. Осыдан-ақ, біле беріңіз. Оның үстіне, 25 мың теңге шәкіртақы алады. Десек те, математикаға қызығатындар аз. «Сонда, біз шынымен де қиял құмар, пафос сүйгіш ел болдық па?» деп іштей күрсінесің, амалсыз.

Жастар бұл ғылымнан алшақ жүреді десек, нақты ғылымның қиын екендігін айтады көпшілік. Меніңше, Ернұр сияқты құрылыс инженері немесе математика пәні мұғалімі мамандығын алып шығатын жастарға сол жұмыстың өте қызықты әрі елге тиетін пайдасы мол екенін жақсылап түсіндіру жетіспейтін сияқты.

Құрылысшы болып та, мұғалім болып та, Әлімхан Ермеков сынды мыңдаған шәкірт, патриот ұл-қыз тәрбиелеуге мүмкіндік бар. Мысалы, Әлімхан ағамыздың немересі Олег Ермеков қазір Еуропадағы үлкен беру компаниясының иесі. Ол бұл дәрежеге сол атасынан алған тәрбиесі мен білімінің, зеректігінің арқасында жетті. Яғни, еліне кез келген салада жүріп-ақ, пайда тигізуге болатынын түсінді.

Ал, ҚарУ-дың Т.Мұстафин атындағы алгебра, геометрия және математикалық логика кафедрасының доценті Сұңғат Ахажанов, мектептерде математика бағытын таңдаған оқушылардың ең үздіктерін қадағалап, отандық оқу орындарына тарту керектігін айтады.

– Бұл бағыттағы озат балалар көп жағдайда шетелдік оқу орындарын таңдап, басқа бағытқа кетіп қалады. Мұны мектептен құлақтарына құйып, Әлімхандай тұлғалардың ерліктерімен тәрбиелеу керек. Қазір мектептерде музейлер ашылып жатыр. Енді, ол нәтиже бергенше күтеміз. Мен Жапон елінде докторантура оқыдым. Атырауда «Тенгиз» деген жерде механика бағытында зерттеу жүргіздім. Байқағаным, бізде ғылымға аса көп қаржы бөлінбейді. Ал, қаржысыз қазір біреуді қызықтыру қиын. Талантты деген математиктердің өзі қаржысы мол басқа бағыттарға ауысып кететіні, сондықтан, – дейді ол.

Тағы бір айта кетерлік жайт, математика ғылымының көп насихатталмауы. Неліктен елдің бәрі әнші, режиссер, актер болғысы келеді? Өйткені, олардың насихаты мол. Қашан қарасаң көгілдір экраннан соларды көрсетіп жатады. Сол үшін, математика саласына насихатты көбейтіп, үздіктерді өзімізде оқытып, ғылыммен айналысуына жағдай жасау керек.

Оған қоса, қазір жылдам оқу, жылдам есептеуге жүйрік жас балаларды «болашақ математиктер» деп жүрміз. Сала мамандарының айтуынша, оның ғылымға еш қатысы жоқ. Ол баяғы шотпен есептеген секілді, есептеуді меңгеріп алған қабілетті балалар екен. «Бар болғаны – сол. Қазір көп ата-аналар соған қызығады. Кейін баласын ақша табу құралына айналдырады. Белгілі бір уақыттан соң, ол қасиет жоғалып кетеді. Оны әрі қарай дамытып, ғылымға алып келу керек. Пайда емес, арды ойлайтын патриот етіп, тәрбиелеуге тырысайық. Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деген сөзін мың жерден жаттап алсақ та, мәнін түсінбесек пайдасы жоқ дейді мамандар.

Бақсақ, математика деген түпсіз мұхит сынды терең ілім. Сан саласы бар. Әлімхан сынды «Ел басына күн туғанда, етігімен су кешетін» арда азаматтарды тәрбиелеу үшін, баланы жас кезінен діңін бекем етіп өсірмек ләзім. Кейін, арзан атақтың уақытша, ал ғылымның мәңгілік екенін түсіндіру қажет. Ал, еңбектен қашпай, ізденіп, жаңалыққа ұмтылсақ, математика ғылымы арқылы да бай қуатты өмір сүруге болады. Сондықтан, баласын математика бағытына баулып жүрген ата-аналар бұл ғылымның адамзат іліміндегі алар орнының бөлек екенін білгені жөн.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button