Ресми

Қазіргінің қаһармандары Қарағандыда құрметтелді

Қазақ қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі, Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі» – деген сөзі бар. Дәл осылай халықты аман алып қалу мақсатында ауыр жарақат алса да, қол гранатасын жаруға әрекет еткен лаңкесті құлатып, кеудесімен жапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігі мен есімі мәңгілік ел есінде. Бұл – 2011 жылғы 12 қарашада болған оқиға. Ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшысына «Халық Қаһарманы» атағы берілгенін білеміз. Ішкі істер министрлігінің бастамасымен еліміздің әр өңірінде Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған «Қазіргі заман қаһарманы» акциясы дәл осы күнге, яғни, 12 қарашаға орайластырып өткізіледі. Биыл түрлі жағдайда азаматтарды құтқарып қалған антына адал Ұлттық Ұлан мен полиция қызметкерлері Қарағанды облысында жиналды. Акцияның мақсаты – ел үшін туған ерлердің патриоттық рухын жас ұрпаққа үлгі ету, ерлігі мен батырлығын насихаттау, сондай-ақ, ішкі істер органдарының беделін көтеру. Шараға Ғазиз Байтасовтың ұлы – Әділжан Ғазизұлы да қатысты.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

«Мамандық емес, жүректен шығатын миссия»

Өзгені өлімнен алып қалу үшін «жанын шүберекке түйіп», көзсіз ерлікке барған полиция және Ұлттық Ұланның он бес қызметкері екі күн бойы Қарағанды облысында болды. Акцияға қатысушылар алдымен қайтыс болған полиция қызметкерлеріне арналған мемориалға гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы академиясында өткен дөңгелек үстелге қатысты. Мазмұнды пікірталастан кейін қатысушылар Долинка кентіндегі ҚарЛАГ мұражайына барып, халқымыздың батылдығы мен табандылығын еске түсіретін тарих беттеріне үңілді. Қазіргі заман қаһармандары батылдық сабағында оқушылармен кездескенін де айту керек. Акция Кеншілер мәдениет сарайындағы салтанатты іс-шарамен жалғасты.

Өзін өлімге қиса да, өзгенің өмірін сақтап қалуды басты қағида еткен қаһармандар өздерін батыр деп санамайды. Мәселен, Қызылорда облысының мемлекеттік мамандандырылған күзет қызметі басқармасының және полиция департаментінің полицейлері – полиция старшинасы Әділхан Жұмабеков пен полиция кіші сержанты Алтынбек Ұзақбай қаңтардың қақаған аязына қарамастан, екі баланы құтқару үшін Сырдарияның мұзды суына секірді. Дәл осылай Павлодар облыстық полиция департаментінің аға учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Елдос Қойкен де, Жетісу облыстық полиция департаментінің қызмет инспекторы полиция лейтенанты Санат Серікқалиұлы да суға кеткен адамды ажалдан арашалап қалған болатын.

Ал, Астана қаласы полиция департаментінің қызмет инспекторлары – полиция капитаны Дулат Ыдырысов пен полиция аға лейтенанты Мұхаметқали Қалдыбеков пәтерге терезе арқылы кіріп, ауыр науқасқа көмек көрсеткен. Атырау облыстық полиция департаментінің учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Дамир Қорғанбаев болса, отқа оранған үйдің тұрғындарын эвакуациялады. Қостанай облыстық полиция департаментінің учаскелік полиция инспекторы, майор Дархан Тұрғанов қарлы боранға қармастан, жаяу жүріп, адасқан адамды тауып, көмек көрсете алды.

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің аға қызмет инспекторы, полиция капитаны Бахтияр Дощанов пен Ақтөбе облыстық полиция департаментінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Райымбек Оңғарбаев көпқабатты үйдің балконынан секіріп, суицид жасауға оқталған әйелдерді аман алып қалған.

Ал, балалар мінген автобус пен жүк көлігінің соқтығысуын болдырмау мақсатында өзін құрбан ете отырып, соққыны өз көлігіне алған Ақмола облыстық полиция департаментінің қызмет инспекторы полиция аға лейтенанты Бүркіт Алшынбаевтың жанқиярлығын аман қалған балалар әлі күнге жыр қылып айтады.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық Ұлан подполковнигі Денис Шемет болса, граната жарылған кезде сарбазды денесімен жауып, өмірін сақтаса, сержант Ислам-али Жапар қарулы бұзақымен жалғыз арпалысып, жәбірленушіні аман алып қалды.

Ал, Қарағанды облысы полиция департаментінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Ернар Сайлауов мереке кезінде мыңдаған адамдар арасында есінен танып қалған қызды байқап, оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дәрігерге жеткізді. Оның бұл ерлігі әлеуметтік желі арқылы тарап, халықтың алғысын алған болатын.

Көзсіз ерлікке – лайықты құрмет

Бұған дейін қаһармандар ерліктері үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің қолынан марапаттар алған.

Кеншілер мәдениет сарайында батырларды облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтап, Алғыс хаттар табыстады.

– Бүгін біз батылдық, ар-намыс және адалдықтарымен мемлекеттің күш-қуаты мен әділдігіне деген сенімді нығайтып жүрген азаматтарға құрмет көрсету үшін осында жиналдық. Сіздер – батырсыздар, нағыз қорғаушысыздар! Қоғам қауіпсіздігі мен тұрғындардың тыныштығын сіздер орнатып жүрсіздер. Сіздердің бейнелеріңіз еліне, жеріне шынайы берілген заманауи полицияның қандай болуы керек екендігінің жарқын үлгісі. Полиция қызметі құқықтық тәртіпті қорғау ғана емес, ол, ең алдымен өз ісіне деген сүйіспеншілік пен шыдамдылық, кез келген жағдайда өмірін қатерге тігу. Дәл осылай өмірін қиған полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігі мәңгі жадымызда. Оның ерлігін кейінгі толқын жалғастыруда. Олар – біздің мақтанышымыз! – деді Ермағанбет Қабдулаұлы құттықтау сөзінде.

Ал, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ақпараттық саясат департаментінің бастығы Шыңғыс Әлекешев тәртіп сақшыларының кәсібі жылдамдық пен табандылықты ғана емес, жанқиярлықты да талап ететін қызмет екенін атап өтті.

– Полициядағы қызмет – ерекше мемлекеттік қызмет түрі. Күнделікті 10 мыңнан астам полицей нарядтарға түсіп, азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету үшін тәулік бойы қызмет етеді. Олардың мойнына қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Заң мен тәртіптің сақталуы жүктелген. Осы міндеттерді орындау барысында олар түрлі қылмыстар, зорлау, тонау, жол оқиғалары сияқты түрлі қауіпті жағдайлармен жиі кездеседі. Дәл сол үшін, полиция қызметі – тек мамандық емес, жүректен шығатын миссия деп аталады. Мұндай қызмет стрестік жағдайда шапшаңдылық пен тез шешім қабылдауды қажет етеді. Өйткені, таразы басында – адам өмірі. Осындай жағдайларда қызметкерлер жанын аямай, өмірін қатерге тігіп, тіпті, көз жұмып жатады. Біз бұл батырлар­ымызды ешқашан да ұмытпаймыз! Бүгінгі шара Халық қаһарманы, капитан Ғазиз Байтасовтың ерлігін еске алумен байланысты болуы да осыдан. Оның ерлігі батырлық пен антқа адалдықтың символына айналды, – деді Шыңғыс Әлекешев.

Жалпы, тәуелсіздік жылдары халықтың қамы үшін саналы түрде өмірін қатерге тіккен 819 тәртіп сақшысы көз жұмған. Ал, оның 92-сі қатыгез қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан. 5 мыңға жуығы жарақат алған. Бірақ, өкінішке қарай, ерліктері бағаланбай, көлеңкеде қалып қойған батырлардың бар екенін де жоққа шығармайды Шыңғыс Әлекешев.

– Бұл бағытта министрдің тапсырмасы бойынша біз архивтерден тарихи құжаттар мен қылмыстық істерді қайта көтеріп, зерделеп жатырмыз. Ерліктері бағаланбай, көлеңкеде қалып қойған әрбір батырдың есімі ұлықталады, – дейді Шыңғыс Әлекешев. Соның бірі – жуырда кинотеатрлардан көрсетіле бастайтын «Капитан Байтасов» атты көркем фильм.

Шыңғыс Әлекешев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің батырларды марапаттау туралы бұйрығын оқыды және 15 қаһарманның әрқайсысына марапаттар мен естелік кәдесыйлар табыстады.

«Есімі ел жүрегінде сақталған ер – бақытты»

Қаһармандарды Қарағанды облысының полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Жасқайрат Каиров та құттықтады.

– Отанға қызмет етіп, қиын-қыстау кезеңде халықтың жанынан табылатын тәртіп сақшыларының ерлігін ұлықтау, батырлықтарын өскелең ұрпаққа жеткізу – акцияның басты міндеттерінің бірі. Біз қызметтік міндеттерін орындауда ерекше көзге түсіп, батырлық танытқан, етігімен су кешіп, алапат өрттен, судан, тосыннан келген төтенше жағдайлардан азаматтарды құтқарған полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетеміз. «Есімі ел жүрегінде сақталған ер – бақытты», – деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, бүгінгі қаһармандарымыздың есімдерін елге танытып, ерлігін жастарға үлгі етсек, бүгінгі шараның мақсатының орындалғаны, – деген Жасқайрат Иманбекұлы жиналғандарға еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан еңбектеріне толағай табыс тіледі.

Шараға арнайы келген Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ұлы – Әділжан Ғазизұлы да қазіргі заман батырларына лебізін білдірді.

– Әкемнің ерлігін дәріптеп, құрмет көрсетіп келе жатқан Ішкі істер министрлігіне, бүгінгі шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған Қарағанды облысы әкімдігіне алғысымды білдіремін. Қылмысқа қарсы күресте тәуекелге бел байлап, үнемі алдыңғы қатарда жүретін полиция қызметкерлері күн мен түнге қарамай, аянбай қызмет етеді. Мен де болашақта сіздердің қатарларыңызға қосылып, Ішкі істер органдарында мінсіз қызмет атқарғым келеді. Елімізде халқына қызмет көрсететін полиция қызметкерлерінің саны көп екені қуантады. Ел игілігі жолындағы жауапты міндетті абыроймен атқарып, жоғары жетістікке жете берулеріңізді тілеймін. Әрқашан отбасыларыңызға аман-есен оралыңыздар! – деді Әділжан Ғазизұлы.

Шара мерекелік концертке ұласты.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button