Басты тақырыпБіздің сұхбат

Қазіргі уақыт– білімділер бәйгесі

   Бар біліктілігін жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге жұмсаған ұлағатты ұстаздар аз емес. Білім саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан сондай жандардың бірі, №15 жалпы білім беретін мектептің басшысы – Арман БАҚТЫБАЕВ. Тәжірибелі ұстаз, білікті басшы бізге берген сұхбатында өзі басқаратын білім ошағының рухани жаңғырудағы жетістіктеріне тоқталды.

Арман Болатұлы, қазіргі жаңаша білім беру жүйесіне көзқарасыңыз қалай?

Еліміздегі көп реформалар білім беру жүйесін жаңа экономикалық ортаға бейімдеп келеді. Бұл тұрғыда Президент Н.Назарбаев еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуын міндеттеп қойғаны мәлім. Осы мақсатта мектептің пән мұғалімдері біліктілікті арттыру институтында бір айлық курстар мен тренерліктің жаңартылған білім жүйесіне бағытталған әдіс-тәсіл, тілдік дағдыларды меңгертуге байланысты арнайы курстарды қалалық білім бөлімінің арнайы кестесі бойынша екі жылдан бері үздіксіз оқып келеді. Мемлекеттік стандартта белгіленген жаңа мазмұн оқушылардың сыни, шығармашылық тұрғыда ойлау дәрежесін дамытады. Сол себепті ұстаздарымыз әр күнгі сабақтарын оқушылардың тақырыптарды талқылау барысында сыни тұрғыдан ойлауды дамытудың тәсілдерін қолданып жүргізеді.

Білім беру мазмұнының басты жаңалықтарының бірі – пәндердің қосылуы. Басымдықты қайда бөлген жөн?

«Ұлттық идеямыз – Мәңгілік ел!» аясына бет алған кезеңдегі жаңартылған білім беру мазмұнының басты жаңалықтарының бірі – пәндердің қосылуы. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев «Tengrinews”-ке үштілділік және қазақ тілінің болашағы туралы берген сұхбатында: «Біздің балаларымыз әрқашан патриот болып қалады, Отанын сүйетін болады. Біздің міндетіміз: әлемдегі ең білімді адамдармен теңестіру, – деді. Басымдықты ағылшын тілін оқытуды жаңа сатыға көтеруге бөлген дұрыс. Елбасы бастамасымен «Үштұғырлы тіл» мәдени жобасын дамыту басымдыққа айналып, соның ішінде жаңғыру жағдайында әлемдік интеграцияға кірігу тілі ретінде ағылшын тіліне мән берілуде. Әлемдік білім алу кеңістігінде де шетел тілін оқыту өзекті болып отыр.

Елбасы «Қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты. Сондықтан 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс» деп баса айтып өтті. Осы жобаға Сіздер қандай үлес қоспақ ниеттесіздер?

Жүйелі жұмыстың нәтижесінде мектебімізде үштілділікке бағытталған шаралар қолға алынуда. Оқыту үш тілде, яғни, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүретін болғандықтан, біздің мектебімізде химия пәні мұғалімі – Алтынай Төлеухан және биология пәні мұғалімі – Меруерт Искакова өз пәндерін ағылшын тілінде оқытуды жандандыру мен жақсарту мақсатында білім көтеру курстарын өткен оқу жылында бастап, биыл жалғастыруда. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курстарынан жалпы – 20 мұғалім өтті. Ал деңгейлік курстар мен тренерлік курстардан өткен оқытушылар саны – 11. Біз бірте-бірте бұл жобаға мұғалімдерді де, оқушыларды да дайындап келеміз.

Педагогикадағы іргелі міндеттердің бірі – жақсы ұстаз болу. Ал, №15 мектепте қандай ұстаздар жұмыс жасайды?

Белгілі данышпан да, қарапайым еңбек адамы да осы ұстаз алдынан өтеді ғой. Сондықтан, ұстаз болу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Осы міндеттерді атқаруда өзім басқарып отырған қара шаңырақ №15 мектепте білімін жас ұрпаққа жұмсайтын ұлағатты ұстаздар абыройлы еңбек етіп келеді. Басшы ретінде ұқыптылықты, жауапкершілікті, еңбекқорлықты, талапшылдықты қадағалаймын. Оқушы мұғалімге қарап бой түзеп, тәрбие алатынын жақсы білетін мектеп басшысы ретінде осыған баса назар аударамын.

Мектептің соңғы 5 жыл ішінде қол жеткізген табыстарына тоқталсақ?

Қоғамдық шаралардың әрбірінде қол жеткізген табыстар көп болды. 2013-2014 оқу жылында мемлекеттік тілде оқытылатын 5-сынып ашылды. Бүгінгі күні олар 10 сынып оқушылары. Яғни, оған дейін мемлекеттік тілде тек бастауыш сынып қана болатын. Оңтүстік Шығыс ауданындағы ықшамауданда орналасқан мектептермен салыстырғанда оқушы саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, 2012-2013 оқу жылын 872 оқушымен бастасақ, биылғы оқу жылын 1120 оқушымен бастадық. Оның ішінде мемлекеттік тілде оқытылатын сыныптар саны- 18. Оқушы саны – 420. Мектебімізде патроиоттық тәрбиені біліммен ұштастыру, өз еліне деген мақтаныш пен Отан соғысы ардагерлеріне деген құрметті арттыру мақсатында «Ардагерлерге мың алғыс» тақырыбында мектеп музейі ашылды. Мектебімізде оқушылардың шығармашылығын арттыруда «Жігер» газеті екі тілде шығарылады. Шағын білім ошағында осыған ұқсас табысты шаралар жүзеге асады.

Білім ошағының кейіннен жөндеуден өткені тағы бір жағымды жаңалық болған секілді?!

Әлбетте, мектебіміз жөндеуден өткізіліп, заманауи жабдықталды. 2013-2014 оқу жылынан бастап ата-аналардың қолдауымен Қамқорлық Кеңес құрылды. Бұл мектеп ұжымы мен оқушыларымыз үшін тағы бір тамаша жетістік болды. Себебі оқушыларымыз түрлі сайыстар мен олимпиадаларға ата-аналар есебінен қатысып, жүлделі орындарды алып келді. Көптеген оқу сыныптары жаңа техникалық базамен жабдықталды. Яғни химия, биология, ағылшын тілі кабинеттері толық жаңа талапқа сай құрал жабдықтармен қамтылған. Ал тарих, бастауыш қазақ-орыс сыныптары, қазақ тілі сыныптары интерактивті тақталармен және екі информатика кабинеті жұмыс жасайды. Бұл мұғалімдердің шығармашылық жұмыстарына жасалған жағдай. Екінші қабатта акт залы 250 адамға лайықталып жабдықталды. Бұл оқушылардың өз өнерлерін үлкен сахнада сезінуіне жағдай жасады.

Ұжым ұстаздары білім ошағы көшбасшы мектептер қатарына қосылуға жақын деді. Биылғы көрсеткіштер не дейді?

2014-2015 жылдары оқу жылының қорытындысы бойынша ҰБТ-ны сапалы тапсырып, 9 баллға көтердік. Оқу және үлгерім сапасының артуы мен жақсы көрсеткіштер нәтижесі бойынша мектебіміз қаладағы ең үздік 10 мектептің қатарына ілігіп, ҚББ-нің Құрмет грамотасымен марапатталды. Мектептер арасында өтетін пәндік олимпиадаларда оқушыларымыз жүлделі орындарға ие болып алғашқы бестіктер сапында көрінді. Биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің Әдістемелік бірлестігі қаладағы сексеннен астам мектептер арасында үздік Әдістемелік Бірлестік деген марапатқа ие. Бастауыш сынып оқушылары Қазақстаннан тыс мемлекеттерде халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды қанжығасына байлап қайтты. Сондықтан, ұлағатты ұстаздардың шығармашылық ізденімпаздығы мен ерен еңбегінің арқасында мектебіміз көшбасшы мектептер қатарында болатынына сеніміміз мол. Сондай-ақ, оқушылардың бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған, адамгершілік қасиеті мол ұрпақ болып жетілетініне кәміл сенімдіміз.

Сіздің ойыңызша, білімді жаңа буын қандай болуы керек?

Қашанда жастарға білім мен тәрбие беру мәселесінен өзекті мәселе жоқ екені белгілі ғой. Десек те, қазақтың кемел талантты ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген. Тәуелсіз елдің тірегі – білімді ұрпақ. Қазіргі таңда білімдінің алға түсіп, бәйгеден озып келетін заманы туды. Жастар ізденіп, кітап оқудан шаршамаса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, тәуелсіз елдің тірегі – тек білімді ұрпақ.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button