Жаңалықтар

Қажырлы еңбектің қайтарымы

Еңбегінің өтеуін төккен тер мен құнарлы жерден сұрайтын аграршылардың мәртебесін асырып, мерейін тасытатын салтанатты жиын әр қарашаның үшінші аптасында өтеді. Дәл осы күні азық-түлік түрлерінің қажетті қорын қалыптастыруға қомақты үлес қосып жүрген сала мамандары түрлі марапатқа ие болып, қошемет-құрметке бөленеді.

 

Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне арнайы ұйымдастырылған шараны облыс әкімі Жеңіс Қасымбек ашып, жүрекжарды лебізімен бөлісті.

– Ауыл – алтын бесік, ауыл – қазақтың күретамыры. Аймағымыздағы жүздеген ауылды одан әрі дамыту мен тұрғындардың тұрмысын жақсарту жолында ауыл шаруашылығы қызметкерлері ауқымды жұмыс атқаруда. Ауыл мәселесін де дұрыс түйсіне алатын да осы сала мамандары. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының аяқ алысы елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді деп атап айтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен облысымызда агроөнеркәсіп кешеніне ерекше көңіл бөлініп, үнемі қолдау жасалуда. Нәтижесінде, ауыл халқының тұрмыс жағдайы, ауылдық жерлердің әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымы жақсарып келе жатыр, – дей келе Жеңіс Махмұдұлы жыл сайын ауыл шарушылығы өнімі тұрақты түрде артып келе жатқанын да айтты.

Жалпы, биыл өте күрделі жыл болды. Ауыл шаруашылығын айналып өтпеген әлемдік дағдарыс салдарына қарамастан қажырлы еңбек етіп, жылды абыроймен қорытындылаған облыс аграрлары лайықты марапатқа ие болды. – Құрметті егістіктер мен фермалардың еңбеккерлері, агросервис, дайындау және қайта өңдеу кәсіпорындарының қызметкерлері, сіздердің білімдеріңіз бен баға жетпес тәжірибелеріңіз әл-ауқаттарыңызға және агроөнеркәсіптік кешеннің өсуіне ықпал етсін! Сіздер аймақтың және жалпы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етесіздер. Бұл қажырлы еңбек, – деді Жеңіс Қасымбек құттықтау сөзінде.

Жиында еңбегі еленіп, ерекше көзге түскен сала қызметкерлеріне Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Қарағанды облысы әкімінің ведомстволық наградалары, Құрмет грамоталары табысталды.

Сонымен, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі, табысты еңбегі үшін «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісіне Абай ауданынан Кеңшілік Амантай, Бұқар жырау ауданынан Айдын Албақай, Нұра ауданынан Жанбөбек Жақсыбаев ие болды.

Қарағанды облысының ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан жеке үлесі үшін Нұра ауданының «Шахтерское» ЖШС директоры Георгий Прокоп марапатталды. Сондай-ақ, үздік комбайнерлер, қой өсірушілер, жылқы өсірушілер және басқа да мамандардың ерен еңбегі ерекше аталды. Ал, «Поливное» фермер қожалығының басшысы Абдуахат Ибрагимов облыстың үздік көкөніс өсірушісі ретінде танылды.

Бұқар жырау ауданының «Жәке» шаруа қожалығының зооинженері Жанар Мұханова «Үздік мал өсіруші» аталымына лайық деп танылса, Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылдық округінің бас жылқы өсірушісі Әзілхан Тұрлауов «Үздік жылқышы» атанды.

Аграршылардың басты мерекесінде шопандар да назардан тыс қалмады. «Үздік шопан» ретінде Ақтоғай ауданы Нұркен ауылының «Базар» шаруа қожалығының басшысы Марат Кәрімов марапатқа ие болды.

Облыс экономикасында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу басым бағыттардың бірі болып қала береді. Жыл басынан 118 млрд. теңгеге азық-түлік өндірілген. Мереке барысында осы саланың майталмандарына да лайықты марапат табысталды. Мәселен, «Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша үздік кәсіпорын» ретінде «Қарағанды-Нан» корпорациясы танылса, «Майқұдық жұмыртқалары» ЖШС «Жылдың әлеуметтік жобасы» аталымында үздік шықты.

Ал, Абай ауданының «Поливное» фермерлік шаруашылығының басшысы Абдуахат Ибрагимов «Үздік көкөніс өсіруші» аталымына лайық болды.

«Картоп жинаудан үздік комбайнер» ретінде «Шанс» шаруа қожалығының комбайнері Александр Старков, ал, «Достық» астық компаниясы» ЖШС механизаторы Александр Стро «Дәнді-дақылдар жинаудан үздік комбайнер» аталымына лайық деп танылды.

Салтанат ІЛИЯШ

Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button