Жаңалықтар

Мақсым Омарбекұлының журналистік еңбегі өткірлігімен ерекшеленетін

Бүгінгі әңгіменің кейіпкері – журналист-жазушы, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, публицистикалық шығармалар бойынша өткізілген республикалық конкурстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Мақсым Омарбекұлы. Мақаң туралы бас тақырыпта берілген сөз тіркесінде ешқандай эпитет те, гипербола да жоқ. Әйгілі Мәдидің сөзімен айтқанда, ол «Қайрап ап қалың жауға сермегендей» көк семсер болып соғылған қажырлы тұлға еді.

1978 жылдың қарашасында әскери қызметтен оралып, бұрынғы Талды аудандық «Шұғыла» – «Восход» газетінің тілшісі болып орналасқан кезден Мақаңды жақсы танып, інілік ілтипатпен сәлем беріп жүрдім. Қарағайлыда баспахана болмай, газетті Қарқаралының баспаханасында бастырғандықтан, жиі кездесуші едік. Бірақ, кең отырып, ішімізді ақтарып сөйлескеніміз 1981 жылдың жазы болса керек. Әлдебір жұмыстармен республиканың сол кездегі астанасына барып, екі-үш күннен кейін «Алматы-Қарағанды» пойызына мінсем, Мақсым аға бұрын келіп жайғасып алыпты. Тәулікке таяу жүретін жолда серік табылып, екеуміз де қуанып қалдық. «Ақ жаңбыр» деген алғашқы кітабын «Жалын» баспасына тапсырып келе жатқан Мақаң қуанышты екен. Ақиқатшылдығы, ірі қызметтегілерден ықпай тең сөйлесетін «қыңырлығы» үшін биліктегілерге жақпайтын қаламгердің алдынан тосқауыл шыға беретінін әріптес ағалары үнемі ескертіп, Мақаңды «түзу жолға» салғылары келеді екен. Бірақ, сүтпен біткен мінез сүйекпен кететіні рас, бұл кісі қақпайға көне қоймайды. Мына «Ақ жаңбырдың» жолы ашылуына сол кездің өзінде-ақ зор талантымен қоса ұлтшылдығымен ерекшеленген Мұхтар Мағауиннің шапағаты тиген дүр. Мақсым аға туып-өскен Абыралы өңіріне күйеу болғандықтан емес, «…сенің кітабыңа оң пікір білдіргенім, жазушы ретінде үміт күткенім ғой» деп өзі айтқандай, замандасының «талағында биті барын» танығандықтан шығар.

Отаршыл Ресей империясының орнын басқан кеңестік-коммунистік қоғам қазақ халқына төндірген ауырлық пен қыспақты Мақаң бала кезінен бастан кешті. Ол ІІ дүниежүзілік соғыс енді ғана қарқын ала бастаған 1940 жылдың қыркүйек айында Семей (қазіргі Абай) облысының бұрынғы Абыралы ауданында жарық дүние есігін ашыпты. Кеңестік тарихта «Ұлы Отан соғысы» деп айдар тағылған қырғында әкесі Омарбек опат болғанда Мақсым 4 жастағы балдырған екен. Анасы Қадиша мен нағашыларының қамқорлығы арқасында жетімдікті көп сезіне қоймаса да, тағдырдың басқа салған басқа ауыртпалығы да жеткілікті болады. Аудан орталығы Қайнардың мектебінде оқып жүрген кезінде, 1949 жылы қазақ халқына атом апатын әкелген Семей ядролық сынақ полигоны ашылып, суы бал, түгі май өңірдің ту-талақайын шығарды. 1955 жылы Абыралы ауданы таратылып, тұтас ауылдар жойылып, тұрғындар жан-жаққа босып кетеді. Мақсым ағаның мектеп бітіруін ғана күтіп отырған әулет, ол аттестат алғаннан кейін Қарқаралыға, бабаларының ата қонысына бет түзейді. Мұнда көшіп келгеннен кейін Қарағанды мемлекеттік педагогика институтының тарих-педагогика факультетіне түскен екен әулет түлегі.

Шығыс Сарыарқа – қазақ халқы азаттығының алтын бесігі. «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз; ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз», – деген Қаздауысты Қазыбектің рухы атойлаған, 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде әйгілі Қарқаралы құзырхаты (петициясы) жазылған қасиетті жерде, оны әзірлеген Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақбайұлы, Әлімхан Ермеков сынды Алаш арыстарының кіндік қаны тамған, еңбегі сіңген топырақта саналы ұрпағын ұлт бостандығы жолындағы күреске шақыратын ұшқын қалмауы мүмкін емес. Өткен ғасырдың 40-50 жылдары осы ұшқынды Қарағанды мұғалімдер институтының Б.Ысқақов, Ж.Өмірбеков, Қ.Ыдырысов, Ж.Баяхметов, Д.Мырзахметов, Д.Тұрғанбаев сынды студенттері үрлеп лаулатқан еді. Сол үшін олардың алды бас бостандығынан айырылып, КарЛаг пен СтепЛаг-қа каторгаға айдалса, біразы қызметтен алынып, қуғын-сүргінге түседі. Олар Сталин өлгеннен кейін, елуінші жылдардың ортасында ғана бостандыққа шықты.

Алпысыншы жылдардың басында Қарағанды мемлекеттік педагогика институтында азат ойлы жастардың жаңа толқыны пайда болды. «Жас қазақ» атауымен құрылған ұйымның мүшелері кеңес билігі тыйым салған Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды қайраткерлердің шығармаларын оқып, жастардың ұлттық рухын оятатын насихат парақтарын таратқаны үшін жазаланады. Соның ішінде, болашақ журналист-жазушы Мақсым Омарбекұлы мен ақын Кәрім Сауғабай оқудан шығарылып, саяси көзқарастарын түзету үшін қой бағуға жіберіледі.

– Студенттерді жазалаған жиналыс үстінде басқалар үндемей қалса да, беті қайтпайтын Мақсым, ректорат, партия мен комсомол ұйымдарының өкілдеріне, деканға қарап: – Институт профессорлары мен доценттер түзете алмаған саяси көзқарасымды совхоздың қойшысы мен қойы түзете ала ма? – деп сұрақ қойған еді. Әрине, институт басшыларының оған қайтаратын уәжі жоқ. Бірақ, коммунистік жазалау машинасы тоқтай ма? Белсенділер оқудан, комсомол қатарынан шығарылып, бір жыл жұмыс атқарып келгеннен кейін ғана институт бітіріп, диплом алды, – дейтін еді Мақсым мен Кәрім ағалардың замандас, курстас досы Серікбай Алпысұлы.

Кәрім Сауғабай бір жыл «Арқалық» совхозында көмекші шопан болып еңбек етеді де, Мақсым Омарбекұлы денсаулығына байланысты Егіндібұлақ аудандық газетінің редакциясында корректор қызметін атқарады. Ол институт бітірген соң да осы басылымға келіп, тілші, жауапты хатшы болыпты. 1968 жылы Егіндібұлақ аудандық партия ұйымының «тазалау» пленумынан кейін қызметтен кеткен Мақсым аға Қарқаралы аудандық «Коммунизм таңы» (кейін «Қарқаралы» атанды) газеті редакциясына ауысып, қаламының сиясы кепкен сәтке дейін тілші лауазымында жұмыс істеді. Оның еңбек кітапшасының соңғы парағына осы газеттің мөрі басылған. Айтпақшы, 2003-2007 жылдары облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Қарқаралы ауданы бойынша меншікті тілшісі қызметін қоса атқарды.

Мақаңның журналистік еңбегі де, көркем шығармалары да принципшіл туралығымен, өткірлігімен ерекшеленетін. Алған тақырыбының өзектілігі мен фактілерінің ақиқаттығына көзі жетсе, жергілікті басшылардың бет-жүзіне қарамай, «сойып салатын». Өзі қызмет істеген газеттің редакторы қорқақтық танытса, облыстық, қала берді республикалық басылымдарға жолдап жібереді. Сол үшін қызметтен босап, бірнеше ай жұмыссыз жүрген кездері де болды. Бірақ, мойымады, талмай күресіп, сот арқылы орнына оралып жүрді. Ұстанған жолы шындық болғаннан кейін, Мақсым аға ақиқатты ту еткен Жұмабай Орманбаев, Ғабдиман Игенсартов, Әбікен Бақтыбаев, Шаймаран Мезгілбаев, Сапарғали Ләмбеков, Жолкен Тайтөлеуов сынды ағалары, замандас әріптестері жайлы үнемі жақсы лебіз білдіретін еді. Мысалы: «1947-1951 жылдарда аудандық газетте жауапты хатшы, 1951 жылы «Еңбек майданы» газетінде редактор болған Әбікен Бақтыбаев та қаламы ұшқыр, өз басы арыстандай айбатты, ешкімнен қорқып-үрікпейтін өжет журналист еді. Өзі редактор болып тұрған уақытта Әбекең ұлтшыл ретінде қамаудан қайтқан Рамазан Нәрешұлын, сталиндік зұлмат тақсіретін тартқан қаламы жүйрік журналист Гардерді, болмашыдан жала жабылып лагерь дәмін татқан Шаймаран Мезгілбаевты, аупарткомның қарсы болғанына қарамай, аудандық газетке қызметке алатын да осы кісі. Сол үшін аупарткомның хатшысы Ергебеков «Сені түрме күтіп тұр» деп зіркілдепті. Бірақ, Ә.Бақтыбаев азаматтық деңгейін бір мысқал да төмендеткен жоқ.

… 80-жылдардың соңына қарай осы жолдардың авторы – өзім де қызметтен шығып қалдым. Бұған аупарткомның бірінші хатшысы бастамашы болса да, оны іске асыруға ерікті-еріксіз сол кездегі редактор мен орынбасары білек сыбана кірісті. Сол күндерде өткен партия жиналысында Әбікен Бақтыбаев ол екеуін де қызметтен босату керек деп ұсыныс жасап, қаулы алғызып жіберді.

– Бұл не сұмдық?, – деп зіркілдепті бірінші хатшы Қ.Жақыпов, – газеттің екі бірдей басшысын бір жиналыста өздері алып тастапты. Бұл деген анархия емес пе?!

– Жоқ, бұл демократия! – деп қайтпас қайсар Әбекең де отырып алыпты. Ақыры, сол екеуі де басшылық лауазымынан айырылып, жұмыстан шықты, – деп жазады Мақаң Ә.Бақтыбаев туралы «Тасқа түскен тарих» деген эссесінде (М.Омарбекұлы. «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» – Қарағанды, 2010).

Әр жылдары Мақаңның «Ақ жаңбыр», «Адам ізі», «Махаббат пен қиянат», «Сағыныш ғұмыр, сағым жылдар», «Арпалыс», «Өмір өткелдері», «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» тәрізді көркем және деректі шығармалары топтастырылған кітаптары жарық көрді. Сонымен бірге, публицистикалық туындылары мен эсселері көптеген ұжымдық жинақтарға енді.

Мақаң өмірдің өзекті мәселелерін көтерген, адамгершіліктің ақ жолынан тайғандарға қаламы көк найза болып елестейтін жауынгер журналист-жазушы ғана емес, өзі өмір сүрген, еңбек еткен ортаның, адамдардың мұң-мұқтажын билікке үлкен мінбелерден айта алған қоғам қайраткері де еді. Ол 1990-2003 жылдары үш мәрте облыстық кеңес пен мәслихатқа депутат болып сайланды. Халық қалаулысы мандатын қазіргідей партиялық тізіммен емес, баламалы сайлау жолымен, облыстық партия комитетінің хатшысы, облыс әкімінің орынбасары сияқты лауазым иелерімен тартыста иеленді Мақсым аға. Әсіресе, ол кісінің соңғы рет сайлауға түскені ұмытылмастай есте қалды. Қарсыласы – қаржысы да, қолдаушылары да мол ірі лауазым иесі еді. Олар бірнеше шет елдік көлікпен жалаулатып жүрсе, Мақаң бір-екі серігін ғана жанына алып жаяу аралады электоратын. Оның үстіне, шындықты шырқыратып жайып салатын депутаттың облыстық мәслихат депутаты болуына сайлау комиссиясы да құштар емес-ті. Бірақ, Қарқаралы – Егіндібұлақ өңірінің тұрғындары дауыс беру барысында депутат мандатын лауазым иесінен Мақсым Омарбекұлына тартып әперді. Кейіпкеріміз халық сенімін ақтап, құлақ асатын билікке жалпы жұрттың жанайқайын әрдайым жеткізе білді. Мақсым ағаның халық арасындағы беделі осындай еді.

Мақсым Омарбекұлы 2016 жылдың қазан айында, 76 жасында қайтыс болды. Қазір жер басып жүрсе әріптес ағаның туғанына 85 жыл толатын күнін атап өтуге қам жасап жатар едік.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button