ҚАЖД №35 мекемесінде жаңа өндірістік ангар ашылды
Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №35 мекемеде жылу оқшаулағыш құрылымдық-панельдер өндіретін жаңа өндірістік алаң салтанатты түрде ашылды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған цех 700 шаршы метр аумақтағы жаңадан бой көтерген ангарда орналасқан. Ангар құрылысы қараша айында толық аяқталып, бірден іске қосылды.

Жаңа өндіріс алаңы «Еңбек-Астана» республикалық мемлекеттік кәсіпорын мен кәсіпкер Ерлан Нұртазин басқаратын «PPF Kazakhstan» ЖШС-нің серіктестігі аясында жүзеге асқан. Осы серіктестіктің өнімдері – жылу оқшаулағыш-панельдер – қазіргі уақытта алғашқы тұрғын үйлердің құрылысында қолданылып жатыр. Бұл жаңа цехтың құрылыс индустриясындағы сұранысты толық қамтамасыз ете алатынын көрсетеді.
Жобаның басты ерекшелігі – жазасын өтеушілердің еңбекпен қамтылуы. Өндірістік желінің іске қосылуы нәтижесінде мекемеде жаңа жұмыс орындары ашылып, сотталған азаматтар тұрақты табыс табуға мүмкіндік алды. Оларға өндірісте алған еңбекақылары арқылы сот шешімімен белгіленген өтемақыларын өтеуге жағдай жасайды. Сонымен қатар, құрылыс саласына қажетті кәсіби дағдыларды меңгеріп, еңбек тәжірибесін қалыптастыруда.
№35 мекемесінде іске қосылған жаңа өндіріс тек өндірістік әлеуеттің артуына ғана емес, әлеуметтік маңызы бар үлкен қадамға айналып отыр. Жоба сотталғандардың қоғамға бейімделуін жеңілдетіп, олардың жауапкершілігін арттыра отырып, бостандыққа шыққан соң толыққанды еңбек нарығына қосылуына жол ашады.
Панель өндірісінің дамуы өңірде тұрғын үй құрылысының қарқынын күшейтіп, экономикалық тиімділікті арттыруға да ықпал етпек. Мекеме әкімшілігі алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



