Бас тақырыпМедицина

Ажалдан арашалаған күрделі ота

2021 жылы облыстық балалар клиникалық ауруханасында дәрігер-нейрохирург Руслан Хаутиев фармакорезистентті эпилепсия дертіне шалдыққан қызға ота жасады. 14 жастағы қыз сирек кездесетін ауру түрімен екі жасынан бастап ауырған. Осы жасқа келгенше аурудың емі табылмапты. Күнделікті ішіп жүрген дәрілері тек аурудың ұстамасын жеңілдетуге ғана көмектескен.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Қыздың алғашқы ұстамасы екі жас бір айында болған. Сол уақыттан бастап дәрігерлер нәрестеге түрлі дәрі-дәрмек бекіткен. Алайда, ол дәрілерден ешқандай нәтиже болмапты. Керісінше, күніне жеті рет ұстамасы ұстап, тіпті, кейбір кездері 90-ға жеткен. Ал, осы аурудан айығудың жалғыз жолы – күрделі ота еді…

– Операцияның мәні – нервтік вагуске стимулятор қою. Оның жарамдылық мерзімі – бес жыл. Кейін батареясын ауыстырамыз. Стимулятор кеуде қуысының сол жақ алдыңғы бетіне қойылады. Кеуде тұсынан екі кішкентай тілік жасалады. Кескен жердің біреуінен кезбе нерв оқшау алынып, арнайы электрод бекітіліп, екінші тілікке өтеді. Содан кейін құрылғының өзі тері астына имплантацияланады. Әуелі ота кезінде стимулятордың жұмысын тексеріп аламыз. Егер бәрі дұрыс орнатылған болса, екі аптадан кейін барып іске қосамыз, – дейді Руслан Хаутиев.

Сол ота жасалғалы бері арада үш жылдан астам уақыт өткен. Баланың жағдайы әлдеқайда жақсарыпты. Анасы да отаның сәтті өткенін айтып, көзіне жас ірікті.

– Отадан кейін сегіз ай өткен соң нәтижесі білінді. Баланың есте сақтау қабілеті жоғарылап, сабақ үлгерімі жақсара түсті. Кеудесіндегі құрылғы мазаламайды. Түнгі уақытта ұстамасы ұстағанда кеудесіндегі стимуляторды іске қосады. Ота алдында бір айға жуық тексерілдік. Қазір осы құрылғыны орнатқанымызға өкінбейміз, – деді қыздың анасы.

Руслан Хаутиев бұл отаның қыруар қаржы тұратынын да айта кетті. Отаның жасалуы – науқастың күтімінде. Яғни, науқас отаға дейінгі нәтижесіне де байланысты екен.

– Ауруханада мұндай операцияларды 2020 жылдан бері жасап келеміз. 2021 жылы – төрт, 2022 жылы – алты, былтыр – 10 балаға ота жасадық. Жалпы, бұл отаның құны – 9,5 миллион теңгеден асады. Оны бізге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлеп отыр, – деді нейрохирург.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button