Жаңалықтар

Ажалға араша – екпе

Мемлекет басшысының елімізге, халқымызға жолдаған осы Жолдауы – еліміздің әр азаматының ішкі сана-сезіміне, ақыл-ой жүйесіне еніп, қабыл алса, адамзат баласының басына түскен ауыр індеттен тезірек айығып, денсаулығымызды сақтап, бұрынғы мамыражай қалыпқа келуімізге жол ашатын бірден-бір дұрыс тетік дер едім.

Алайда, бүгінгі күні жоғарыдан құзырлы орындардың, денсаулық сақтау орындарынан жергілікті жерлерге жеткізіліп жатқан нұсқаулар мен карантиндік шараларға көпшілігіміз немқұрайды қараймыз. Оларды мүлтіксіз орындаудың орнына неше түрлі мағұлматтарды берісі көпшіліктің ортасында, әрісі әлеуметтік желіде салып, жазып жатырмыз. Бұл дегеніміз – қалың жұрттың ортасында сенімсіздік тудырып, дертке қарсы қисынсыз жалған бағыттар беруге жол ашады. Құрметті отандастар, мұндай жалған ақпараттарға сенбеңіздер! Оны насихаттағандар мен орындамағандарға түбінде бір қиындықпен қайғыға соқтыратыны анық.

Менің жасым 82-ге жақындады. Өзімнің келісіміммен және дәрігерлердің айтуымен «Спутник V» екпесінің екі компонентін де қабылдадым. Денсаулығыма ешқандай әсері мен зардабы байқалған жоқ. Бүгінгі күні тұла бойым сау, ашық аспан астында бұрынғыдай күй кешудемін.

Екпе алуды халық ортасында насихаттап, індетті қазіргі кезеңде ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы аурудан арылудың басты жолы деп айтудамын.

Осы тұста көпшілік қауымға барша қазақстандықтарға коронавирус індеті туралы Ресей елінің 70-тен асқан азаматшасы В.Коробова Санкт-Петербургтен осы жылдың қыркүйегінде «Емделу хаттары» журналының №17 санында «Ошибки ценою жизни» деген мақаласын қысқаша мазмұнын жеткізейін: «Екі жылдың жүзі болды біздің осы індетпен өмір кешкенімізге. Ұзақ уақыт бойы індет менің және таныстарымнан айналып өтті. Мен барлық берген нұсқауларды орындадым. Алайда, маңайымдағы көпшілік адамдар мұның бәрі жалған (истерия) қорқыту деп керек қылмады. Алла Тағала «Сақтанғанды сақтаймын» деген. «Ересектерге вакцина салдыру қажет» дегенде, алғашқылардың бірі болып екпенің екі дозасын алдым. Білемін, бұл 100 пайыз вирустан қорғамайтынын және қосымша жағымсыз әрекеттері болатынын. Бұрынырақтағы тәжірибеме сүйенсем, екпе алу – өміріңді сақтаудың тура жолы. Бұдан 20 жыл бұрын жұқпалы «А» гепатитінен дер кезінде екпе алып, сау қалғанмын. Әрі қарай жыл сайын энцефалитке қарсы екпе алып тұрамын.

Сіздерге айтарым, дәрігерлерді тыңдаңыздар, індеттен ешқандай хабары жоқтарды, интернетте көрсетіліп жатқандарға сенбеңдер. Дұрыс сана-сезім болып, эмоцияға берілмесең, жеңіс сонда. Баршаңызға қуатты денсаулық, Алла сақтасын! Тағдыр өз қолыңда, қауіпті қатерден құтылайық» – деп аяқтайды В.Коробова.

Мен бұл мақаланы сіздердің уақыттарыңызды алу үшін жазып отырғаным жоқ. Керісінше, осы айтылған дәлелді деректерді ой-санаға салып, өзіңнің және жақындарыңның денсаулығын сақтау үшін вакцина алуға шақырамын.

Жоғарыда жазылған, айтылған мағыналы мағұлматтарды орындауға қосымша күш, қаражат, (шығын) қажет емес. Тек тәртіпті сақтайық.

Қазақтың біртуар ұлы, аты әйгілі Бауыржан Момышұлы әкеміздің «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» – деген нақыл сөзін есте ұстайық, ағайын.

Қазіргі кезеңде ажалға араша – екпе!

Боранбай ЖҰМКИН.

Басқа материалдар

Back to top button