Қаздауысты Қазыбек оқулары өтсе…
Қазақ халқының тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі, Орта жүздің төбе биі Қаздауысты Қазыбек өзіне қараған елді Сарыарқаға бастап әкелгеніне енді үш жылдан кейін 300 жыл толады. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов бұл жайлы «Очеркъ киргизскаго хозяйства въ Каркаралинскомъ уезде» деген мақаласында нақты деректер береді. Содан бері алты-жеті ұрпағы ауысқан ел Шудан Ертіске дейінгі ен даланы қоныстанып, өсіп-өрбуде.

Қаздауысты Қазыбектің өз әулеті мен туыстарының ұрпақтары Сарыарқаның шығыс бөлігінде орналасқан. 1824 жылдан бастап Қарқаралы сыртқы округінің Қу, Едірей болыстары мен Бауыр болысының бес ауылы болған әкімшілік бөлініс кеңес билігі орнағаннан кейін, 1928 жылы Қу ауданы болып құрылды. 1963 жылы жабылып, екі жылдан кейін Егіндібұлақ ауданы болып қайта құрылған өңірге 1992 жылы ұлы бидің есімі берілді. 1995 жылы аудан орталығы Егіндібұлаққа Қаздауысты Қазыбектің ескерткіші орнатылды. Қаражатты жергілікті халық өз қалтасынан жинап, сол кездегі аудан басшылығы бидің мүрдесі жатқан Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи қорымынан топырақ әкеліп, ескерткіштің іргетасына төседі. Халықтың зор құрметі мен махаббаты болар, ескерткіш Орталық Қазақстандағы ең сәтті шыққан туындылардың бірі десек, қателеспейтін шығармыз. Қарағанды көркемсурет комбинатында қоладан құйылған ескерткіштің авторы белгілі мүсінші Жаубасар Қалиев болатын. Ол қасиетті бабаның кескін-келбетін бар ынтасымен сомдағаны байқалады.
Шапанын желбегей жамылып, оң қолына қамшысын бүктей ұстап, сол қолымен шоқша сақалын қаусыра терең ойға батып, тас үстінде отырған дария кеуде қария бейнесі қазақ даласының даңқты кезеңінің символы сияқты. Басындағы айыр қалпағы, аяғындағы саптамасы сол дәуірден хабар бергендей.
Қаракесек руының, тіпті, бүкіл Арғын тайпасының, қала берді, Орта жүздің даңқы шығуына Шаншардың немересі Қаздауысты Қазыбек Келдібекұлының (1667-1763) еңбегі ересен. Өлшеусіз ақыл-парасаты, таңғажайып шешендік өнері, ерекше ұйымдастырушылық қабілеті, ел мен жердің тарихын, халықтың салт-дәстүрін жете білуі оны бүкіл далада даңққа бөледі. Жоғарыдағы қасиеттері оның мемлекет ісіне, Қазақ хандығын басқаруға барынша белсене араласуына мүмкіндік берді. Іс жүзінде Орта жүздің ең беделді басқарушысы деңгейіне көтерілген Қаздауысты Қазыбектің ықпалды болғандығы сондай, ХVІІ ғасырдың соңы мен ХVІІІ ғасырда қазақ халқы бастан кешкен негізгі оқиғалар оның қатысуынсыз өтпеді. Ұлы би қолдамаған жағдайда маңызды шешімдер қабылданбады. Абылай ханнан: «Үш жүздің батырларының ішінен кімді ерекше құрметтейсіз?» – деп сұрағанда ол: «Бізге дейінгі ерлерден екі кісіге таңғалуға болады. Оның бірі – 90 туысын Қалдан Сереннің тұтқынынан құтқарған Қаракесек Қазыбек те, екіншісі – өзінің сондай тұтқындағы туысын құтқарған Уақ Дербісәлі. Мұның алғашқысы Қалданға өзі барып сұрап алды. Соңғысы, өзінің ауылында отырып, жауын қорқытып алды», – деген екен деп жазады Ш.Уәлиханов «ХVІІІ ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» атты шығармасында. Бабамыз әз Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандар ел тізгінін ұстаған кезеңдерде мемлекет басқару ісіне араласты.
Жоғарыда айттық, Қаздауысты Қазыбектің Егіндібұлақ ауылындағы ескерткіші орнатылғанына осы шілде айында 30 жыл толды. Мүсін қойылған алғашқы жылдары шілденің алғашқы сенбісінде мерекелер ұйымдастырылып, тіпті, аудан жабылып қалғаннан кейін де «Ауыл күнін» атап өтуге әкім-қаралар уәде берген болатын. Уақыт өте келе, әдеттегідей уәде ұмытылды.
Осы орайда Егіндібұлақ пен Қарқаралыдағы ел ағаларына төмендегідей бір ұсыныс айтқым келеді: Түркістанда ұлы бидің ескерткіші орнаған 2022 жылдан бері қала мектептерінің оқушылары арасында Қаздауысты Қазыбек оқулары өткізілуде. Сол тәжірибені пайдаланып ауыл, тіпті, аудан, қала берді облыс мектептері оқушыларының арасында бидің шешендік сөздерінен байқау өткізсе, бұл ұлы бидің мұрасын насихаттаумен қатар жас ұрпақтың отаншылдық тәрбиесіне үлкен ықпал жасайтыны хақ.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»