Қаздауысты Қазыбек би – Мемлекет құрушы Тұлға
Қаздауысты Қазыбек би (1667-1763 ж.ж.) – Мемлекет құрушы Тұлға. Ол бұл істе жалғыз болмаған. Оның есімі замандастары Әйтеке би (1644-1700 ж.ж.) және Төле билермен (1663-1756) бірге айтылады. Үш тарихи тұлғаның атқарған жұмыстары – бір. Үшеуіне де ортақ қазақ халқының мүддесі. Үшеуін толғандырған – қазақ халқының тағдыры және келешегі.
Бүгінгі арайлап атқан тәуелсіздік таңымыз, сол үш тарихи тұлғаның үміт-арманынан от алған.
Сөзімнің басында Қазыбек би Мемлекет құрушы Тұлға дедім. Енді осы мәселені тарқатып көрейін. Тәуке ханның баласы – Болат хан әке жолын алып жүре алмады. Соның салдарынан Хандық билік дағдарысқа түсті. Болат қайратсыз хан болды. Оның тұсында қазақ халқы 1716, 1717, 1722, 1723 жылдары Ойрат шапқыншылығына талай рет ұшырады. Ел аузында қалған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғаларынан кейін Болаттың хандық билігі құрдымға кетті. Тарих санасына Үш би шықты.
Міне, осы кезде халық оянды. Қазақ билері билікті қолдарына алды. Бұл жаңа тұрпаттағы мемлекеттік басқарудың жүйесі қаланды деген сөз. Тарихта мұндай саяси жағдайды, оқиғаны Триумвират дейді. Ол латынның «союз трех мужей» деген сөзінен шыққан.
Тарихта орын алған ақпарат Римдік триумвират. Олар: Юлий Цезарь, Помпей және Красс. Мақсат осылай одақ құрып билікке жету. Ол жеті жылға созылып, Красс өлімімен аяқталды.
Ресейдегі анығы Киевтегі саяси жүйе тудырған триумвират. Ол Ярослав Мудрыйдың балаларының арасында болған: Киев князі – Изяслав, Чернигов князі – Святослав және Переяслав князі – Всеволод (1054—1073 жылдар аралығы).
Орыс триумвираты Лев Нарышкин — Тихон Стрешнев — Борис Голицын. Бұл Софья патшайым билігі құлағаннан кейін болған жағдай. Советтік замандағы триумвират Лениннің 1924 жылғы өлімінен кейін қалыптасты: Зиновьев — Каменев — Сталин. Кейінірек Маленков — Хрущёв — Булганин. Одан кейін Брежнев — Косыгин — Подгорный. 1964 жылы Хрущёвті орнынан түсіргеннен кейін тарихта болған жағдай.
♦ ♦ ♦
Осындай триумвират ХVІІ ғасырдың соңында қазақ топырағында қалыптасты. Олар: Әйтеке би, Төле би, Қазыбек би. Бір жұрт, бір халық, бір ел, бір мемлекет – Үш Би құрған Триумвират идеясы. Бұл билердің Билік еткен дәуірі.
Қазақ триумвиратының қалыптасуына басты себеп, Қазақтың сан ғасыр бойы өлмей, өшпей келе жатқан ЕРКІНДІККЕ, БОСТАНДЫҚҚА, ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ынтасы, намысының оянуы.
Осы үрдіс халық ішінен тұлғаларды шығарды.
♦ ♦ ♦
«Қазақ триумвират мемлекеті қай кезде қалыптасты» деген сұраққа келсек, естеріңізде шығар, халық жадында «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген сөз қалған. Бұл оқиға Сайрам өңірінде 1689-1723 жылдары болған.
«Күлтөбенің басында күнде кеңес» дегеніміз – қазіргі Парламенттің прообразы. Бір сөзбен айтқанда, Триумвират (Үш би) жаңа мемлекет қалыптастырды.
Қазақ тримувираты бір ғасырға созылды. Осы мерзімде азаматтық қоғам және оның институттары орнады.
Қазақстанды үш би басқарып отырды. Батыс аймақты – Әйтеке би, Оңтүстікте –Төле би, Солтүстікте – Қазыбек би.
Қазыбек бидің басқарған аймағы қазіргі – Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары. Бірақ, Қазыбек биде бүгінгідей аппарат болған жоқ.
Қазыбек би, яғни, триумвират кезінде азаматтық қоғам болған (граждаское общество). Азаматтық қоғамның мынадай институттарын атауға болады.
1. Басқарудың хандық институты.
2. Ел басқарудың билер институты.
3. Батырлық институты
4. Жыраулар институты
5. Діни институт
6. Ақындар институты
7. Сал-серілер және бақсылық, балгерлік институттары
8. Кәсіби институттар (қолөнер)
9. Тәрбие институты
10. Байлар институты
Азаматтық қоғам институттары нәтижелі істер атқарды. Нағыз азаматтық қоғам болды.
Ағайындар, азаматтық қоғамның тіліміздегі атауы кәдімгі «дәстүрлі қоғам», орысшасы «традиционное общество». Азаматтық қоғам деген – мода!!! Ойлап тауып алған түсінік. Дұрысы «дәстүрлі қоғам». «Ұлттық код» дегеніміз – осы «дәстүрлі қоғам».
♦ ♦ ♦
Қазақ мемлекеті, яғни, Қазақ Триумвираты, либералдық-пирамидалық үлгідегі басқару жүйесі еді. Астанадағы Пирамида «Бейбітшілік және келісім сарайы» деп аталуын ойға алып қойыңыз. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлігі.
Хандық билік – авторитарлық басқару, билер билігі – либералдық-пирамидалық басқару жүйесі.
Триумвираттың символы – пирамида. Мысалы Домбауыл, Қозы Көрпеш, т.б. ескерткіштер Пирамидалық ойлау жүйесі негізінде салынған. Пирамидалық ойлау жүйесі – қазақша ойлаудың негізі. Атам Қазақ: «Төрт құбылаң тең болсын» деген. Пирамиданың табаны төрт бұрыш. Пирамиданың, әрі қарай үшбұрыштар арқылы толыға келе биіктіктің символын анықтайды. Биліктіктің символы – пирамиданың ең жоғарғы нүктесі.
Сол жоғарғы нүктеде билік жүргізуші адам отыруы керек. Оның билігі төрт құбылаға тарауы керек. Оны қазақтар жалпақ жұрт дейді.
Пирамидалық биліктің биігінде ХАН отырған. Хан – пирамидалық биліктің шыңы. Бірақ, тарихтан белгілі пирамидалық билік басында Түркілерде Би билік еткен. Билік деген сөз содан қалған. Жоғарғы билікте отырған би – сайланбалы. Билер кеңесінің әрбір мүшесінің жоғарғы би атануға мүмкіндігі болған.
Бабадан келе жатқан осы жағдай Қазыбек би тұсында жүзеге асты. Бізге биліктің екі көрінісі белгілі. Бірі: жеке дара хандық билік, екіншісі – билер билігі. Қазбек би тұсында билер билігіне үш адам келеді. Бұл да пирамидалық билік ойлау жүйесіне тән. Себебі, пирамида әлемдегі ең жетілген геометриялық дүниетанымдық фигура, ол өзінің табиғатында үшбұрыштардың шексіз жиынтығынан тұрады. Сондықтан, билікке келген адамдар санының үшеу болуы геометриялық заңдылық.
♦ ♦ ♦
Сонымен, қазақ тарихында XVIII ғасырда үш би: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би келіп, триумвират құрды.
Бұл триумвират либералдық-демократиялық негізінде құрылған мемлекет болды. Өкінішке орай, бүгінге дейін қазақ халқының тарихында болған қазақтың билерін құрған триумвират мемлекеті туралы сөз айтылмай жүр.
Бұл билер өздерінің ерекше дарындарымен және әділеттіліктерімен биліктің басына жеткен ерекше тұлғалар. Мысалы, Төле би мынадай формула ұсынған: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ». Орысша мағынасы: «Би справедливый не имеет родичей, би имеющих родных, лишен чести».
♦ ♦ ♦
Қазақ триумвираты қай кезде ыдырады? Оның сыртқы және ішкі себептері болды. Сыртқы себебі – Ресей басқыншылығы. Ішкі себеп – хандық және билер билігі арасындағы түсінбеушіліктер. Осы түсінбеушіліктерді Ресей отаршылдары тиімді пайдалана білді.
Триумвират ыдырауының бірнеше себептерін айтайын.
Бірінші себебі. Қазақ триумвираты орталық билікті нығайта алмады. Үш би қазаққа ортақ хан сайламады. Әбілқайыр 1731 жылы Ресей құрамына енуге ант берді. Кіші жүздің билері Ресеймен тек әскери одақ жасауды ұсынып еді. Өкінішке орай, оған Әбілқайыр құлақ аспады.
Екіншіден, осы үрдіс жалғасып, 1731 жылдың соңында Орта жүз ханы – Сәмеке Ресей қол астына өтуге ант берді. 1733 жылы Ұлы жүз тарапынан да осындай әрекет басталды. 1740 жылы Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен сұлтан Абылай Ресейдің қол астына өтті. Бірақ, бұл анттар Ресей жағынан да, қазақтар жағынан да орындалмады.
Үшіншіден, қазақ триумвиратының құлауының басты себебі, сол кезде күшейіп алған Ресейдің отаршылық саясаты.
Төртіншіден, Триумвираттың бірі – Әйтеке бидің дүниеден ерте өтуі.
Бесіншіден, қазақ триумвиратының ыдырауының тағы бір себебі, дәстүрлі сауда жолы – Жібек жолы бұл кезде басқа арнаға өткен. Англия мен Голландия теңіз жолы арқылы жаңа сауда жолын ашқан. Қазақ даласы арқылы өтетін сауда жолы тоқталған. Соның нәтижесінде қазақ даласында от қаруы жетпеді. Егер сауда жолы «Жібек жолы» жүріп тұрғанда қазақ сарбаздарының қолында от қаруы болғанда, жағдай басқадай болушы еді деген ойдамын.
♦ ♦ ♦
Қазақ триумвираты жан-жақты талқыланып, ғылыми зерттеуді қажет ететін тақырып. Мен негізгі мәселелерге тоқталдым.
Егер қазақ триумвираты, яғни, мемлекеті ХVІІ ғасырдың соңында құрылса, оның ыдырауы 1822 жылға дейін жетті. Бұл Ресей патшалығының хандықты жою туралы шешіміне қатысты мәселе.
Сонда бұл 1689 жылдан басталып, 1822 жылға дейін созылған ұзақ мерзімді қамтиды. Бұл ғасырға созылған саяси-мәдени мерзім. Өткен жылы Ордабасыдағы болған Құрылтайға 290 жыл болып еді.
Бұл қазақ парламентаризмінің басы! Осы жағдайды қазіргі Парламент депутаттары еске алулары қажет!
Сөз түйіні
Жүз жылды алып жатқан өліара тарихи кезең туралы түсініктер бар да, ортақ ұғым қалыптаспаған.
Ортақ ұғым Үш Би негізін қалаған Қазақ мемлекеті, триумвираты!
Қасиетті бабамыз Қазыбек би дегенде менің алдымдағы баяндамашыларға қосарым осы, ағайын!
Ғарифолла ЕСІМ,
академик, жазушы.